659
Көпқабатты үйдің қасбетіне браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшының суреті салынады
Көпқабатты үйдің қасбетіне браконьерлер қолынан қаза тапқан қорықшының суреті салынады
Бірнеше қарағандылық көпқабатты үйлердің қасбеттерінде үлкен суреттер пайда болады.
Суретші Шыңғыс Қасымов қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің құрметіне алғашқы монументалды сурет салуға кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Суреттерді салу идеясы өткен жылы пайда болды. Бұл өзекті мәселе. Бұл – заманауи қалалық өнер. Облыс әкімдігі мен әкім Жеңіс Қасымбек бұл бастаманы қолдайды. Олар эскиздерді жасау мен бекітуге, демеушілерді іздеуге тікелей қатысады. Сондай-ақ, бізді қала әкімі де қолдады - ол бізге муралдарды құруға қажетті автовышка мен проектор табуға көмектесті», - дейді «Белсенді азамат» жобасының жетекшісі Сабир Ниязов.
Қалада көпқабатты үйдің қасбетіне салынған ауқымды алғашқы сурет қызмет барысында қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиевке арналады. Сюжеттің негізі ақбөкеннің лағын қолында ұстап тұрған қорықшының суреті болды. Монументалды суреттің контуры Нүркен Әбдіров даңғылы, 4 үйдің қасбетінде пайда болады. Жұмысты толық аяқтау үшін екі апта кетеді.
Сабир Ниязовтың айтуынша, мұндай сурет бірден үш маңызды тақырыпқа арналған: Қарағанды облысында Ақбөкен популяциясының қысқаруы, табиғатқа деген махаббат және өз ісіне деген адалдық.
«Әрбір суреттің астында біз кім немесе не бейнеленгені туралы ақпарат бар тақтайшаларды ілуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, Ерлан Нұрғалиевтің қысқаша өмірбаяны, оның қызметі. Сонымен қатар Нүркен Әбдіровтың ерлігіне арналған сурет салу жоспарланып отыр. Онда, тиісінше, біз батыр жерлесіміз туралы айтамыз. Осылайша, бұл жұмыс ағартушылық, өлкетану қызметін де атқарады», - деп есептейді «Белсенді азамат» жобасының жетекшісі.