353
Ғылымға арналған ғұмыр
Ғылымға арналған ғұмыр
Ұстаздық пен ғылыми өмірді серік еткен қазақ қыздарының бірі – психология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры Майра Қабақова.
Көптің тілін табар көпшілдігімен, жақсы істерге ұйытқы болар ұйымдастырушылық қабілетімен, студенттер алдында терең білімділігімен көзге түсіп, беделге ие болған ғалым-ұстаз бұл күндері өмірдің бір есепті белесіне шығып отыр.
ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында білім беруді ізгілендіру мен гуманитарландыру үрдістері кеңінен енгізіле бастады. Майра Қабақованың психологиялық мамандығында меңгерген теориялық және практикалық білімі мемлекет тарапынан қойылған мәселелерді ғылыми-қолданбалық және әдістемелік тұрғыда жандандыруға мүмкіндік берді. Ол өзінің алған білімін Қарағандыда ашылған жаңа ғылыми сала, психология ғылымының дамуында қолдана білген маман.
Майра 1989-1990 оқу жылдары 3-курс студенті болып жүргенде сол кездегі ҚарМУ-дың «психология» кафедрасының меңгерушісі психология ғылымдарының докторы, профессор С.Жақыповтан шақыру-ұсыныс алған. Ол өзінің алған білімін тұлғаның әлеуметтік ортада дамуы мен қалыптасу мәселелеріне бағыттау тұрғысынан қарастыруға арнаған. Майраның негізгі ғылыми бағыттары – әлеуметтік психология, отбасы мен неке психологиясы мәселелері, гендерлік, этностық, әскери психология, қарым-қатынас және басқару психологиясы мен әлеуметтік-психологиялық тренинг, тағы басқа өзекті салалар болды. Жас маман алғаш рет қазақ аудиториясында қазақша психологиялық тренингтер өткізді.
Жас ғалым-ұстаз ұйымдастырушылық қабілетімен оқу орнында болған барлық ғылыми, мәдени, спорттық, әдістемелік және тәжірибелік психологияда негізгі ұйытқы бола біліп көзге түсті.
Майраның еңбек жолының екінші кезеңі – 1998-2001 жылдар. Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік университеттің теориялық және қолданбалық психология кафедрасының аға оқытушысы ретінде жалғасын тапты. Ал 2002 жылдан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ этникалық және педагогикалык психология кафедрасында аға оқытушылықтан бастап, кафедра меңгерушісі қызметін аса жауапты дәрежеде атқарды. Бүгінгі күндері профессорлық лауазымда қызмет етуде.
2005 жылы алғаш рет Болгариядағы Св. Климент Охридский атындағы София университетімен байланыс құрды. 2006 жылы оның ұйытқы болуымен ҚазҰУ-де психология мамандықтары үшін PhD докторантура ашылды. 2005-2007 жылдары «Ювеналдық юстиция» бойынша халықаралық жобада психолог-кеңесші болды.
Оның 250-ден астам жарияланымдары бар. Оның ішінде «Психологические методы исследования семьи» (2007), «Психология семьи и брака: теория и практика» (Германия, 2012), «Практическая психология. Сборник кейсов» (2014), «Психология семьи и брака» (2014), Psychology of Marriage and Family (2018) оқу құралдары. «Психологические аспекты стабилизации супружеских отношений» (2015), «Психологические особенности казахской семьи» (2018), Psychological aspects of marital relationships stabilization (2018), «Жұбайлық қатынастардың тұрақтануының психологиялық аспектілері» (2019) атты монографиялары және Томсон Рейторс, Скопус базалары мен басқа ККСОН басылымдарында мақалалары жарыққа шыққан. Сонымен қатар халықаралық, республикалық, аймақтық конференциялар, дөңгелек үстелдер мен семинар-тренингтерде ұйымдастырушылық және басқарушылық іс-әрекетімен аянбай еңбек етіп жүр.
М.Қабақова бүгінгі таңда ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің ғылыми-әдістемелік жұмысын басқарады.
Жас ғалымның осы еңбектеріне көз жүгірте отырып, оның бойынан еңбекқорлықты, ізденімпаздықты, ғылым-білімге деген құштарлығын және үлкен парасатты жан екенін көруге болады. Ол өзінің осы қасиеттері негізінде еңбек ортасында, құрбы-құрдастарының, студенттердің алдында сыйлы, мәртебелі жан деп білеміз.
Б.ӘМІРОВА,
Е.Бөкетов атындағы
ҚарМУ профессоры