345
Ағайынды қолдайтын арнайы бағдарлама қажет
Ағайынды қолдайтын арнайы бағдарлама қажет
Парламент Сенатының отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады. Бұл заң жобасына байланысты Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлының Сенатта сөйлеген сөзінде көші-қон саласына қатысты біраз мәселелерді атап өтті.
«Отандастар қоры» тапсырмасына сәйкес жүргізілген әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесінде, Қазақстанға шетелден 1,5 млн этникалық қазақ тұрақты қоныс аударғысы келеді. Солай бола тұра, соңғы 8 жылда (2012-2019жылдары) репатрианттар легі жылына небәрі 10 000 адамды ғана қамтыған. 2020 жылы Қазақстанда елге ораламын деген қандастарымызға берілген квота 1 378 орын көлемінде ғана белгіленген. Сондықтан да елдегі халық санын арттыруда шетелдегі қандастарымызды қолдаудың ынталандыру бағдарламасын, яғни репатрианттарды әлеуметтік-экономикалық қолдаудың Кешенді шараларын қамтыған арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдауын талап етеді.
Көрші Ресейде өз отандастарын ерікті көшірудің мерзімі шектелмеген Мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Қазақстан Үкіметі жоғарыда айтылған мәселелерді жан-жақты қарастырып, этностық көші-қон жұмыстары өркениетті елдердегідей нақты бір жүйеге түсірсе деген ұсыныс-тілек білдіреміз», – деді сенатор Мұрат Бақтиярұлы.
Алайда алқалы жиында Көші-қон заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу толық аяқталған жоқ. Кейбір өзгерістер мен толықтырулар кейінге шегерілді.