308
Елордада Бауыржан Момышұлына арналған мурал ашылды
Елордада Бауыржан Момышұлына арналған мурал ашылды
Жоба миллоннан астам отандасымыз қатысқан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орайластырылған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қазақтың біртуар ұлы, Кеңес одағының батыры, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег, тактик әрі жазушы Бауыржан Момышұлына арналған мурал Нұр-Сұлтан қаласы, Тәшенов көшесі, 10 мекенжайында пайда болды.
Қабырға суретінде Бауыржан Момышұлының жас кезі бейнеленген. Батырдың суретін майданнан туған-туысқандары мен жақындарын күткен мыңдаған аналар мен сарбаздардың жарларын бейнелейтін әйел қолдары ұстап тұр.
Мұндай көркемдік шешім Ұлы Отан соғысы ешбір отбасын айналып өтпегенін айқын жеткізген. Композиция майдангерлердің бейбітшілік үшін соғысқанын, өз үйі мен Отанын қорғағанын, болашақтың ашық аспаны үшін күрескенін көркем бейнелеген.
Муралдың авторлары – Қазақстан бойынша 15-тен астам ауқымды жұмыстары бар, Tigrohaudcrew командасының граффити-суретшілері Ержан Танаев пен Али Закир.
Жоба жетекшісі – Кристина Бекмурзаева. Бұған дейін шығармашыл топ елордада коронавируспен күресте алдыңғы қатарда жүрген дәрігерлерге арнап мурал салған болатын.
Суретшілер қабырға суретін салуға бір айдан астам дайындалып, бір апта уақыт жұмсаған.