288
Мақтааралға Өзбекстаннан 200 жұмысшы мен арнайы техникалар жіберілді
Мақтааралға Өзбекстаннан 200 жұмысшы мен арнайы техникалар жіберілді
Мақтаарал ауданындағы су тасқыны салдарын жою үшін көмекке Өзбекстан азаматтары мен арнайы техникалар келіп жетті. Бұл туралы өңірлік әкімдік қызметкерлері Facebook парақшасында хабарлады.
Апат болған аймақтағы жедел штабтың ақпараттық бөлімі маманы Қанат Байсовтың айтуынша, көрші елден 42 арнайы техника мен 200 адам келген. Техникалардың арасында су сорғыш, бульдозер және бөгет салуға қажетті түрлері бар. Сондай- ақ өзбекстандық жасақ елді мекендерге жайылған суды тазалау мен су сору жұмыстарын жүргізбек. Сонымен қатар тұрғын үйлердің құрылысына да атсалысады. Жұмысшылар өздерімен бірге ас-ауқаты мен жанар-жағармайын да ала келіпті. Олар мұның бәрі Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің тапсырмасына сай атқарылып жатқан шара екенін жеткізген.
Шетелдік көмекшілер ертеңгі күні тағы тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарына қосымша жұмысшылар келетінін және қажетті құрылыс материалдар жеткізілетінін мәлім еткен. Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бірқатар мамандармен өзбек еліне барып, су тасқыны мәселесі бойынша келіссөздер жүргізген болатын. Ал, күні кеше Өзбекстан республикасының президенті Шавкат Мирзиёев «көрші Мақтаарал ауданын су шайып кеткенін және апат салдарын жоюға көмектесеміз» деп уәде берген еді.