Жамбылда контрабандашылардан тәркіленген тауарлар мұқтаж отбасыларға таратылады

Облыстық экономикалық тергеу департаменті контрабандашылардан тәркілеген тұтыну тауарларын өңірдегі мұқтаж және аз қамтылған тұрғындарға таратады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Тәркіленген тауарлардың ішінде 546 миллион теңгенің 530 түрлі атаулы киімі, төсек-орын жабдықтары және басқа да тауарлар бар. Бүгінде оларды үлестіру бойынша адамдардың санаттары анықталған.

«Ең алдымен, әлеуметтік мекемелер – балалар үйлері, қарттар үйлері, психоневрологиялық және өзге де аурулармен ауыратындарға арналған интернат үйлеріндегі қызмет алушылар іріктелді. Сонымен қатар, бұл тізімге облыстағы аз қамтылған азаматтар мен АӘК алушылар, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған тұрғындары да енгізілген», – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков.

Сондай-ақ, Тараз қаласы мен аудандарда бұл көмекке мұқтаж адамдардың тізімі әзірленген. Аз қамтылған халық арасында тауарлардың бөлінуін бақылау тікелей жергілікті әкімдерге жүктеліп отыр. Олар осы істе қандайда бір бұзушылықтарға жол берілмеуіне жауапты болады. Салалық басқарма тауарларды Тараз қаласы мен аудандарда жұмыс істейтін әлеуметтік дүкендері арқылы таратуға ниетті. Жастар басқармасы қазірдің өзінде 109 мың дана тауарға өтінім берген.

Айта кету керек, тәркіленген тауарлардың бір бөлігі – 10 мың жаңа тауар 3 мамыр күні азық-түліктермен бірге су тасқынынан зардап шеккен көршілес Түркістан облысына жіберілген.

 

Back to top button