Зеңбірекші Бах

Екінші дүниежүзілік соғыс қаншама қандас­тары­мыз­ды қыршынынан қиып, хал­қымызды селдіретіп таста­ғанымен, рухымызды тұн­шық­тыра алған жоқ. Керісінше, со­ғысқа дейінгі кезеңде қуда­лау­ға ұшыраған ұлт­тың ұлдары қан майданда өздерінің қай­сар­лығын дәлелдеп, елдің ең­се­сін көтерді.

Өткен шаққа, тарихымызға, ата-ба­ба­лары­мыз­дың өмір жолына құрметпен қарау, олардың ерлік істерімен мақ­та­нып, оны үлгі тұту бүгінгі ұрпақтың бас­ты міндеттерінің бірі болуы керек еке­ні белгілі.

Менің ағам Бах Пернешов Түр­кі­стан облы­сының бұ­рынғы Қаратас, қа­зіргі Қазығұрт ауданының ту­масы. 1938 жылы әскер қатарына ша­қыры­лады. Со­ғыстан еш хабары жоқ жауын­гер Отан алдындағы үш жыл­дық жауынгерлік борышын өтеп, сол сұрапыл со­ғыс басталатын 1941 жылдың маусымында әскерден босап, туған елге қайтып келе жатқанда соғыс бас­талады да, елге жетпей немістердің қор­шауында қалады. Үш жылдай әскери борышын өтеген сержант қоршауда қалған өзі сияқты әске­рилердің бастарын қосып, батыстың орманын паналап, талай қиыншылық көріп, қоршауды бұзып шығып өз жауынгерлеріміздің қатарына әрең қосылады… Сонымен Совет әскерінің жауынгері болып тағы да бес жыл бастан-аяқ соғысқа қатысып, соғысты бітіріп елге оралады. Елге аман-есен келіп, аяқ-қолы сау, тек дене­лерінде әртүрлі жарықшақ­тардан қалған жаралардың орны болатын. Шекер жеңешемізге үйленіп, ауылда бригадир және ферма бастығы болып өмірінің соңына дейін жұмыс істеді. Елге өте қадірлі болды. Шахматтан ауылдың чем­пио­ны еді. Соғыс туралы көп айта бермейтін. Оқта-текте жора-жолдастарына қоршаудан қалай шы­қ­­қандарын айтып отыратын. Днепрді алғандағы бөренелермен өткендері, өлген адамдардың саусақтары жабысып қалатынын айтқандары еміс-еміс есімде. Орден-медальдары үлкен фарфор ыдысты толтырып тұратын. Ол кезде баламыз ғой, олардың қандай ордендер екенін, қалай алғанын сұрамаймыз да. Райым­бек деген баласы екеуміз оларды кеуде­мізге та­ғып алып ойнайтынбыз. Сондай қыр­ғын со­ғыстан аман келіп, төрт ұл, екі қыздың әкесі болды. Сол қан майдандағы бастан кешкен қиын­дықтарының зардабы болса керек, 1966 жылы өңеш ағзасының обырына шалдығып, 49 жасында дүние салды.

Қазір Екінші дүниежүзілік соғыстағы қаһармандар туралы түрлі мәліметтер белгілі болып жатыр ғой. Біз де қорғаныс саласының архивіне хат жазып, ағамыз туралы мынадай мәліметтер алдық:

Пернешов Бах 1938 жылдың қыркүйек айында Ташкент қаласының Орджоникидзе РВК-нан Армияға алынып, батыста үш жылдық борышын атқарып, елге қайтып келе жатқанда қоршауда қалады. Наградной листке қарағанда тек 1.10.1942 жылдан бастап Совет Армиясының қатарына қайта қосылып, Батыс фронтында соғысқа араласады екен (суретте).

Соғысты сержант болып бастап, өзінің ерлігінің арқасында П.Т.О. батареясының ко­ман­дирі болып, гвардия лейтенанты дәре­жесінде аяқтайды екен. Алған негізгі мара­пат­тары: «Қызыл жұлдыз»  және «Екінші дәрежелі Отан соғысы» ордені.

Соғысқа 1942 жылдың қазан айынан Батыс фрон­тынан кірісіп, Орталық фронтта, бірінші Украин фронтында, үшінші Беларусь фрон­тын­да және қайтадан бірінші Украин фронтының құра­мында аяқтаған-ды. Сонда 1941 жылдың мау­сым айынан 1942 жылдың қазан айына дейін қоршауда болған секілді.

«Соғыста бір-ақ заң бар мен білетін,

Я өліп, я болмаса өлтіретін.

Жүректе жұлдызыңды жанып тұрған,

Жандыратын, болмаса сөндіретін.

Соғыста бір-ақ заң бар мен білетін,

Кеудеңмен қорғап қалу жердің бетін.

Жас қаның туған жерге босқа ақпасын,

Онсыз сен көре алмайсың елдің бетін», – деп Сырбай Мәуленов айтқандай, адам өлмеу үшін күреседі.

Соғыста өліп кету бар, тірі қалу бар. Алайда тірі қалғандардың талайы аяқ-қолдан айыры­лып, өмірлік мүгедек болғаны да рас.

Сол қырғын соғыста, толарсақтан қан ке­шіп, әкеден бала, баладан әке айырылып, көл бо­лып аққан аналардың көз жасы елімізді қан­шама қайғы-қасіретке душар етті. Осы бес жыл­ға созылған қырғын соғыстан аман қалып, еліне кө­терем қойдай болып, әзер оралған ағалары­мызға, қазіргі қарттарымызға бас игеннен басқа айтарымыз жоқ.

Қай кезде де: «Сен құрметте оны! Түсіндің бе, қарағым! Ол ақшаға сатқан жоқ, тізеден ке­сіп аяғын», – деген Әбу Сәрсенбаев ағаның өсие­ті ардагерлерге деген құрметтің символы болып қала бермек.

Әбдісабыр ӨМЕШҰЛЫ,

балалар хирургы, профессор

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button