Ламбриан Топузидис: АҚШ-та нарық тоқырауға ұшырады

Ламбриан Топузидис: АҚШ-та нарық тоқырауға ұшырады

Ламбриан Топузидис: АҚШ-та нарық тоқырауға ұшырады
ашық дереккөзі
Көрерменге мемлекеттік тілді жетік меңгергендігімен танымал те­­­­лежурналист Ламбриан Топу­зи­дис бүгінде АҚШ-та білім алуда. Бұ­ған дейін Qazaqstan ұлттық ар­на­сында жаңалықтар бөлімінде қыз­мет еткен ол  телеарна сала­сына да кездейсоқ келмеген. Лам­бриан өзінің туып- өскен өлкесі – Пав­лодарда С.Торайғыров атын­да­ғы мемлекеттік университеттің Қа­зақ-ағылшын филологиялық факультетін бітірген. Өзінің ана ті­лінен (грек тілі) басқа қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін жа­зып, еркін сөйлей алатын қа­зақ­стан­дық азамат кейін  білімін же­тілдіру мақсатымен АҚШ-қа ат­та­нады. Қазір шетелдік университетте Корпоративтік коммуникациялар мамандығы бойынша магистрлік білімін шыңдауда. Өскен ортасы қазақы, өзі қазақша мектеп, уни­вер­ситет бітіргендіктен де болар, көп достары оны қазақ санап кет­кені рас. Онысын ол да жасырмай,  ай­тып жүреді. Сырт жерде білім алып жатқан отандасымыз әлеу­меттік желіде әрбір күн сайын маңыз­ды жазбалар қалдырып, өз пі­кі­рімен бөлісіп отырады. Әсіресе, қа­зіргі сын шақтағы туған елі Қазақстанның жағдайын біліп, пандемияға байланысты аса алаңдаушылықта екенін  оның жеке  парақшаларынан аңғару қиын емес. Отандық  тележүр­гізу­шіні арнайы әңгімеге тартқан едік. – Елден сәлем, Ламбриан! Сырт жерде жүрсің, қал-жағ­дайың қалай? – Жақсы, рақмет! Елдегі жағдайды күнде біліп отырамын. Қазақстандағыдай АҚШ-та да  карантин уақыты мамыр айының 15-не дейін ұзартылды. Бәрі жақсы болса, ұшақтардың ұшу кестесін тамыз айында жаңартуды қолға алатынға ұқсайды. Елге де қашан жетеміз деп сағынып жүргенім рас. Үш жыл бойына онсыз да елге  келе алмаған едім, енді мына карантин тіпті жағдайды күрделендіріп жібергенін өздеріңіз де біліп жа­тырсыздар ғой... – Иә, оны өзіңнің әлеу­мет­тік желіде жазған жаз­баларыңнан да оқып жүре­міз... Карантин режимі ең ірі дамыған, алпауыт елдердің экономикасын  күйретіп, тіпті өмір сүру талаптары­ның жаңа бір қырын үйре­тіп жатқандай. АҚШ-тағы бұған дейінгі жағдаймен әб­ден таныссың, бүгінгі таң­дағы хал-ахуал қалай? – Карантинде қарап отыра алмайды екенсің, соны түсіндім. Жалғыз Қазақстан мен АҚШ-та ғана емес, әлем елдерінде болып жатқан дағдарыс жайлы ойлар шынымен де мазалайды. Жуырда ғана барлық елдегі карантинге байланысты хал-ахуалды жазып жатқан бірнеше  басылымдарды оқып шығып едім. Түйген ойымды сіздермен бөлісе кетудің де орайы келіп тұрған сияқты. Әлемдегі бүгінгі ахуал біріншіден, шағын бизнеске нұқсан келтірді. Ал шағын бизнестің экономиканы алға жылжытатын күштердің бірі екені белгілі. Кішігірім сервистердің сан алуан түрлері қазір не істерін білмей дал. Кәсібін дөңгелетемін дегендерге шынымен де ауырт­палық түсіп отыр. Біреулер жұмы­сын мүлдем тоқтатуға мәжбүр, енді біреулері онлайн форматқа көшкен. Тағы біреулер қызмет түр­лерін қысқартқан. Мысалы, шаш­тараз да, пицца дайындайтын орын­дар мен кофеханалар да шағын бизнес өкілдері. Бірақ тамақ өнімдеріне онлайн түрде тапсырыс келетін­діктен, олар жұмысын ақырындап істеп жатса, шашта­раздар мүлде тоқтатып отыр. – Бүгінде АҚШ коро­на­вирусты жұқтырғандар саны бойынша әлемде ал­дыңғы орындарда тұр. Қазір сен тұрып, ауасымен тыныс­тап жатқан Нью-Йорк шта­тында сақтану, індеттің жап­пай таралмауы бағы­тында қандай жұмыстар атқарылуда? – Иә, өкінішке қарай солай бо­лып тұр. Бұл мәселеге байланысты Нью-Йорк штатының губернаторы Эндрю Куомо БАҚ өкілдеріне апта сайын екі-үш рет брифинг өткізеді. Оны кез келген адам Facebook-тегі Reuters news платформасы арқылы тамашалай алады. АҚШ-та жұмыс­сыздарға Үкімет тарапынан қар­жы­лай көмек тиді. Әр жан басына аптасына 600 доллар аударылып тұр. Бір қарағанда, аспаннан тегін келгендей айтарлықтай көмек, бірақ ол елдегі жұмыссыздықты азайтпай, алдағы уақытта кері­сінше көбейтіп жіберетін сияқты. Көп адамдар жан қинамай-ақ, жоғары жақтан көмек алғандық­тан, жұмыстан мүлде шығып кеткенді де қалайтындай. Бұл дегеніміз, өз кезегінде бизнестің ілгері жүруін тежейтіні рас. – Дүкендерде азық-түлік тапшылығы байқалмай ма? – Өз басым, нарық күйзеліске ұшырағаннан бері мұндағы  фер­мерлер де қатты шығынға ба­тып жатқанының куәсімін. Каран­тинге дейін үзіліссіз жүріп-тұрған азық-түлік  тасымалдау жүйесінің қыз­меті қатты нашарлады. 350 млн хал­қы бар мемлекетті азық-түлік­пен қамтамасыз етуге ет, сүт, жұ­мыртқа күнделікті тонналап келіп жататын. Енді олай емес. Қаншама бүлінген сүт жерге төгіліп, жұ­мырт­қалар да тез бұзылып рәсуа болып жатыр.  Білуімше, Канададан үзілмей импортталып келетін жер­гілікті халықтың негізгі асы – доңыз етіне де сұраныс төмендеген. Осыған орай, штат басшылығы  Кве­бекте өсіп қалған торайлар үшін орынды босату мақсатында 20 мың доңыз эвтаназия жолымен өлтіріледі деп те шешім қабыл­даған. Жалпы, елдегі жағдай осы...  

Әңгімелескен  Әсел ЖАҚСЫБАЙ