Мал шаруашылығының үлесі арта ма?

Мал шаруашылығы – қазақ халқының ата кәсібі. Қазақстандағы мал шаруа­шы­лығының жетекші салалары – қой-ешкі, сиыр, жыл­қы, түйе шаруашылығы. Құс, марал, ара, доңыз және жібек құртын өсіру – мал шаруашылығының қосымша салалары. Қазақстанның мал шаруашы­лы­ғының өркендеуіне табиғи жайылым мен мол шабындық жердің үлесі зор.

Мал шаруашылығының үлесі арта ма?
ашық дереккөзі

Еліміздің барлық табиғи зоналары мал өсіруге қолайлы.  Тарихтан бір ғана мысал келтірсек, 1984 жыл Қазақстанда 36 567,8  мың қой  болды. Қой саны жағынан Қазақстан КСРО бойынша 2-орын (Ресейден кейін), қаракөл елтірісін дайындау жағынан 1-орында тұрған. Сол кезде Қазақстан мал шаруашылығы одақтас республикалардың барлығын ет өнімімен қамтамасыз етіп отырғаны белгілі. – Қазақстанның үлкен аумағы бар. Ауыл шаруашылығын көтеру үшін мықты бағдарлама жасау керек. Бұрын Қазақстанда 26 млн қой басы болған, қазір осының 50 пайызынан аспай тұр. Ауыл шаруашылығы деген –  қазақ халқының өмір тынысы. Қазір мыңдаған елді мекендер иен қалды. Міне, бұл экономикалық саясаттың бірден-бір кемістігі. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаражат жағын дұрыстауымыз керек, – дейді белгілі экономист Ғалым Байназаров.

Мал шаруашылығының даму қарқыны

Ауыл шаруашылығы министр­лігінің жарты жылдық қоры­тын­дысында сиыр етін өндіру 477 мың тоннаны құраған,  бұл ішкі тұтынуды 98 пайыз қамтамасыз етеді. Ал қой еті 150 мың тонна болған. Осы­нау көрсет­кіштерге қарағанда соңғы жыл­дары мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде оң өсім байқалады. Ал экономист маман­дар­дың айтуына қарағанда, мал шаруа­шылығының экономикадағы үлесі артып келеді. Бұл сала бойынша Алматы облысы мен ШҚО ішкі нарыққа, Ақмола мен БҚО экспортқа бейімделген. 2018 жылдың қорытындысы бойынша, мал шаруашылығының жыл­дық жалпы өнімі 13,2 пайызға өсіп, 2 трлн теңгеге жеткен. Мал шаруашы­лығының ең қарқынды өсімі Алматы облысында байқалады. Облыстағы өсім алдыңғы жылмен салыстырғанда 17,8 пайыз ұлғайып, 355,8 млрд теңгеге жетсе, екінші орындағы Шығыс Қаз­ақ­стан облысында 11 пайызға өсіп, 291,8 млрд теңге болса, Түркістан облысында мал шаруашылығының жалпы өнімі 255,7 млрд теңгені құраған. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мәліметіне сүйенсек, қазір ауыл шаруашылығын­дағы жалпы өнімнің 45 пайызы мал шаруашылығына тиесілі екен. 2017-2021 жылдарға арнал­ған ауылшаруа­шылық кешенін дамыту аясында салаға салынған қаражаттың 30 пайызы, яғни 35,9 млрд теңге мал шаруашылығы сала­сындағы инвести­циялық жобаларға ба­ғытталған. Мал шаруашылығының ішін­д­е ұзақмерзімді басты секторының бірі – ет өндірісі.

«Сыбаға» кімдерге  беріліп жатыр?

Ауыл шаруашылығы министрлігі ет өндірісі секторын дамыту үшін «ҚазАгро» холдингпен бірлесіп «Сы­баға» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. 2019 жылдың қаңтар айының ғана қорытындысы бойынша, бағд­ар­лама аясында 1,2 мың бас ірі қара мен 3,2 мың қой-ешкі сатып алу үшін жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 42 өтініш қанағаттандырылған. Жалпы құны 15,6 млрд теңгеге 23,8 мың асылтұқымды ірі қара мен 75,4 мың ұсақ мал сатып алын­ған. «Сыбаға» бағдарламасы бойын­ша 70 млн теңгеге дейін кредит рәсімдеуге мүмкіндік бар. Кредиттеудің мерзімі – 15 жыл. Кредиттің жылдық өсімі субсидияны қосқанда 4 пайыз. Бағдарламаға қатысқан шаруалар дән риза. Атап айтсақ, «Құтты орда» шаруа қожалығының өкілі Нарбек Қожагелдин үйі мен көлігін кепілдікке қойып, несие алған. «Бағдарламаға ал­ғыс­тан басқа айтарым жоқ. Соның ар­қасында 4 миллион 800 мың теңге несие алып, 25 сиыр, 2 бұқа сатып алдым. Бұрын өзімде 23 сиыр бар еді. Оның сүтін көлігіммен тасып, аудандағы ірім­шік зауытына өткізіп жүрдім. Бірақ бұл кәсібім жол шығынын әзер ақтайтын. «Сыбағамен» мал басы көбейген соң, ақ та молайды. Енді пайдасын көремін деген үміт бар», – дейді кәсіпкер.

Жылқы етінің тапшылығы

Мал шаруашылығына бай­ланысты тағы бір түйткілді мә­селе – жылқы шаруашылығының даму көрсеткіші соңғы жылдарда баяулаған. Өндірілген жылқы еті ішкі сұра­нысты қанағаттандыра алмай отырғаны жиі айтылып жүр. 2018 жылы 60 тоннадан астам жылқы еті шетелге сатылса, екі жарым мың тоннаға жуық ет сырттан сатып алынған. Жылқы шаруашылығы – қазақ халқының ең жанды тұсы. Тарихи деректер бойынша жылқының ең алғашқы қолға үйретілген негізгі отаны Шығыс Еуропаның далалық аймағы, Орталық Азия және Қазақстан деп саналады. Кеңес өкіметі жылдарын­да Қазақстанда  1,3 млн  жылқы  болса, қазір  оның  саны  950 мыңдай ғана. Қазіргі кезде Қазақстанның ар­найы жылқы өсіретін зауыттары мен шаруашылықтарында жылқының қолға үйретілген 17 тұқымы өсіріледі. Қазақстанда ерте кезден бастап өсіріліп келе жатқан тұқымның бірі – қазақы жылқы. Жылқы  өсірудің маңызы – қы­мыз өндіруге, спорттық жарыстарға  қосуға және ет өнімін пайдалануға қолайлы шаруа­шылық.

Экспорт пен импорт

Мал санының артуы еттің экспор­тына да оң әсерін тигі­зіп отыр. Соңғы екі жылда ет экспорты 2,5 есеге дейін көбейіп, соның ішінде «қызыл» еттің сыртқа сатылымы 3,3 есеге, «ақ» еттің экспорты 45,1 пайызға  көбейген. Нақты мәліметтерге сүйенсек 2019 жылдың алғашқы үш айында 5,4 мың тоннадан астам сиыр еті экспортқа кетсе, 2 мың тоннадан артық ет шеттен сатып алынған. Сол сияқты, екі мың тон­наға жуық құс етін экспортқа шы­ғарып, 33 мың тоннаға жуық етті өзге ел­дер­ден сатып алған. Осы мерзім ішін­де шетелге небәрі бір тонна жылқы еті сатылып, 169 тоннаға жуық жылқы еті Қа­зақ­станға сырттан әкелінген. Со­нымен бір­ге, 604 тонна қой еті шетелге саты­лып, 6 тоннадан аса қой еті сатып алын­ған. Қазақстаннан ет алатын елдер: Ресей, Армения, Өзбекстан, Иран, Бах­рейн, Украина және Қырғыз Рес­публикасы. Ал Қазақстанға ет сататын мемлекеттер арасында Ресей, Украина, Беларусь, АҚШ және Уругвай бар. Алайда ет өнімі бойынша Өзбек­стан­мен алыс-берістің жиілігі бай­қалады. 2019 жылы елден 156 мың бас ірі қара мал әкетілсе, олардың 121,6 мың басы Өзбекстанға экспортталған. Сон­дай-ақ өткен жылы экспортталған 264 мың бастан астам қойдың да 200 мың­нан астамы Өзбекстанға жөнелтілген. Жақсылық  ҮШКЕМПІРОВ,  Мәскеу Олимпиадасының чемпионы:

Ауыл шаруашылығын дамытуға жер жетеді

– Мал өсіру – ата-баба кәсібі, мен жал­ғастырушымын. Өзім Семейде зоотехник мамандығын бітірдім. Ауыл­да кішкентайымнан мал бағып өстім. Сондықтан да әуелі бұл сала ме­нің сүйік­ті ісім және ел экономи­касы­на қос­қан тамшыдай үлесім. Құдайға шүкір, елімізде ауыл шаруа­шылығын дамытуға жер же­теді. Жеріміз бай, даламыз құнарлы, мал өсіруге қолайлы. Менен кейін де қан­шама спортшылар осы кәсіппен ай­на­лысқысы келеді. Біз жастарға үлгі болуы­мыз, ата кәсіпті ұрпақтан-ұрпаққа жет­кізуіміз керек. Бұл кең жерімізді баба­ла­ры­мыз ұрпақ үшін қалдырды. Сондықтан да біз сол жерді игеріп, ауыл шаруашы­лы­ғын көтеруіміз қажет. Қазір мал шаруа­шы­лығын дамытуға мүм­кіндіктер мол. Мен қазір Алматы облысының Балқаш ауданы және Жамбыл аудан­дарында және басқа да жерлерде ірі қарамен, қой шаруашылығымен және жабы жылқылармен айналысамын. Көптеген азамат біздің шаруашылық­тарда жұмыс істейді. Былтыр үш жарым мың бас малды Өзбекстанға экспортта­дық. Солай экспорттау бізге ыңғайлы бол­ды. Себебі менде үлкен мал сою ала­ңы жоқ еді. Қалайда біз шетелден қаржы тартып, экономикамызды өсіруіміз қажет. Ардагер спортшы ре­тінде, кейінгі жас азаматтар осындай маңызды саланы дамытады деп сенемін. Көк туымызды биіктен желбірететін спортшыларымыз мен секілді Олимпиа­да чемпионы болуын тілеймін. Мал шаруашылығын қолға алған азамат­тары­мыз да еліміздің байлығын асыра түссе екен деймін. Қазір бәріміз үйде отырмыз. Дү­ние­жүзіне тегеурінін батырған коронавирустан бір ананың баласындай, бір қолдың саласындай бірлікте болып, дәрігерлерімізге сенім артып, мем­ле­кеттің айтқан тәртібін берік орындап шықсақ, бұл қиындықты да еңсереміз. Сол кезде тоқырап тұрған бұрынғы тірлігімізді ары қарай жалғастыра берер едік.