Ассамблея, ұлттар достығы һәм мемлекеттік тіл 

Ассамблея, ұлттар достығы һәм мемлекеттік тіл 

Ассамблея, ұлттар достығы һәм мемлекеттік тіл 
ашық дереккөзі
«Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» дейді халық  әпсанасы. Ежелден бірлікті тірлігінің арқауы еткен қазақ берекенің бастауын ынтымақтан іздеген. Тарихи шегініс жасап, өткенге көз жіберсек, егеменді еліміздің қарышты дамуы, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен терезе теңестіруі бірліктің, сол бірлік арқылы келген тұрақтылықтың арқасы екенін ұғамыз. Демек, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне ерекше көңіл бөлетініміз бекер емес. Еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы туралы сөз болса, ең әуелі, Қазақстан халқы Ассамблеясының ойға оралуы да заңдылық. Республикада тұратын барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, мемлекетіміздегі тұрақтылықты сақтау мақсатында құрылған бұл органға биыл 25 жыл толып отыр.

 Ширек ғасырға  шегініс

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақ­стан хал­қы Ассамблеясын (ҚХА) құру идея­сын алғаш рет 1992 жылы Тәуел­сіздіктің бірін­ші жылдығына арналған Қазақстан халық­та­рының форумында кө­терген болатын. Арада үш жыл өткен соң, 1995 жылғы 1 наурызда Президенттің Қа­зақстан халқы Ассамблеясын құру ту­ралы Жарлығы шықты. Бір аптадан соң Ел­басы өзінің тікелей бастамасымен ша­қы­­рыл­ған Ассамблеяның бірінші сессия­сын­да тарихи баяндамасын жасады. «Мен елімнің Президенті ретінде қо­ғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық ке­лісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты мін­детім деп санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді, тек қарқынды жұмыс ар­­­қылы ғана келеді. Мен кең-байтақ же­рі­мізде татулық пен тыныштық болғанын ті­­лей­мін. Мұның, ең алдымен, мил­лион­даған қазақстандық отбасына керек екенін еске аламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адам­дар­дың күйреген үйлерінің алдында қа­сі­рет шегіп, жыламағанын қалаймын», – деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сол жиындағы үндеуі әлі күнге дейін көптің жадында. Алғашқы құрылтайда жаңа институттың қо­ғам­­­дағы рөлі мен жұмысының басты бағыт-бағдары белгі­лен­ді. «Осыдан бастап қо­ғам­­дық мәселелердің бар­лық қырлары бойын­ша, әсіресе, ұлттық саясатта мем­лекеттік актілер Ас­самблеяның пікірле­рін ескеріп және оның ті­ке­­лей қатысуымен қа­был­дануға тиіс. Ол актілер­дің әрқайсысы елі­­міз­дегі барлық эт­нос­тар­дың мүдделеріне қай­шы келмеуі қада­ға­ла­нып, сараптан өткі­зілуі ке­рек», – деп Нұр-Сұл­тан Назарбаев орган қыз­метінің мән-маңы­зын айқындап берді. 2007 жылғы мамыр айында Қазақстан Рес­­публикасы Конституция­сы­на өзгерістер енгізіліп, Қа­зақстан халқы Ас­самб­лея­сына конституциялық мәртебе берілді. Сол уақыттан бастап Ассамблея ҚР Парламенті Мәжі­лісіне тоғыз депутат сайлау құқы­ғы­на ие болды. Осы арқылы органның қо­ғамдық-саяси рөлі айтарлықтай арт­ты. 2008 жылғы 20 қаңтарда «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң қа­был­­данып, Ассамблеяның құрылымы мен қыз­метінің, еліміздің қоғамдық-саяси жүйе­сінде алатын орны мен рөлінің нор­мативтік-құқықтық реттелуі заң­на­малық негізде қамтамасыз етілді. Ассамблеяның негізгі стратегиялық және бағдарламалық құжат­тары өмірге келді. Ел ішінде мұқият талқы­ла­нып, Елбасы мақұлдаған «Ел бірлігі доктринасы» бейбітшілік пен қоғамдық ке­лі­сімді нығайтудың «бір ел – бір тағдыр», «тегі басқа – теңдігі бір», «ұлт рухының дамуы» сияқты басты қағидаларын бел­гілеп берді. Ассамблеяның негізгі міндеті – қо­ғам­­да диаспорааралық ке­лісімді жә­не толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, мемлекет құру­шы қазақ ұлтының дәстүрі мен тілін дә­ріптеу арқылы диас­поралар мәдениетінің сақ­талуына жағ­дай жасау, қоғамдық ке­лі­сімді қол­дау және да­мыту. Сонымен қа­тар, мем­ле­кеттік орган­дарға экстремизм мен ради­ка­лизм кө­ріністеріне қарсы әрекет етуге, аза­мат­тар­дың демократия нормала­ры­на не­гіз­дел­ген саяси-құқықтық мәде­ние­тін қа­­лып­тас­тыруға кө­мек көрсету де осы инс­титутқа жүк­тел­­ген маңызды мін­деттердің бірі.

Қордай оқиғасы:  Ассамблея түйткілді мәселені қадағалай ала ма?

Қазақстан халқы Ассамблеясының құ­­жат­тарда қатталып, ел құлағына жатталған мақсат-міндеттерін жіпке тіз­дік. Бұл орган өзіне жүктелген сол мис­сия­ларды дұрыс орындап жүр ме? Жыл сайын ұйымдастырылатын Ассамблея форумдары мен сессияларының, оларға жұмсалатын қыруар қаржының нәтижесі қандай? Қа­зақстандағы ұлттар арасында шешілмей жатқан мәселелерді шешуде бұл органның салмағы бар ма? Биылғы жылдың ақпа­нында Жамбыл облысы Қордай ауданында болған кикілжіңнен кейін көптің көкейін осы сауалдар мазалады. Масанчидегі оқиғадан соң Ассам­блея­ның соңына шам алып түсу­ші­­­лердің көбеюі қисынды. Өйткені ұл­таралық қатынастар туралы сөз қозғал­ған­да, еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің ке­­пілі ретінде осы орган ойға бірінші ора­­лады. Елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету­де Ассамблеяға үлкен жүк артылатынын Қауіп­сіздік кеңесінің отырысында Елбасы да қадап тұрып айтты. «Құқық қор­ғау орын­дарының да жі­бер­г­ен қателіктері бар. Жер­гілікті әкім­ші­лік­тер, об­лыс, аудан әкімдіктері қайда бол­ды? Біз­­дің Ассамблеямыз бар. Ас­сам­блеяның еш­­қандай өкілеттік құқығы жоқ. Дегенмен, сон­­дай мәселелер шығуы мүмкін жер­лерді Ас­­самблея біліп, қада­ғалап отыруы керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Иә, Ассамблея еліміздегі эт­нос­тар­дың қарым-қа­ты­н­а­сын қа­да­­ғалап, ши шыға­тын жер­лерді ба­қылауда ұстап отыруы тиіс. Бұған әлеуеті де, қаражаты да то­лық же­теді. Ақ­парат жә­не қоғамдық даму ми­нистр­лігінің ақпара­тын­ша, ҚХА-ның даму тұжы­рым­да­ма­сын іске асыруға 2019 жы­лы бюджеттен 119 мил­­лион теңге бө­лінген. Тағы 15,2 миллион теңге эт­ни­калық топ өкіл­де­рі­­нің фестивальдерін өт­­­кізуге қарас­тырыл­ған. Ассам­блеяның кон­цер­тін өткізуге 70,9 мил­лион теңге, ал оның жыл сайын­ғы сессия­сын өт­кізуге дайындық жүр­гізу үшін былтыр ел қа­зы­насынан 67,9 мил­лион теңге жұмсалған. «Биыл да бюджеттен сол мөлшердегі ақша бө­лініп отыр» делінген Ақпарат және қо­ғам­дық даму ми­нистрлігінің хабар­ла­ма­сында. Жаһанды жайлаған қа­терлі вирус­тың ке­сірі көп болғанымен, маңыз­ды мен мән­сізді, қымбат пен құнсыз­ды ажыратуға мүмкіндік бергенін, жай күн­дері аң­ғарыла бермейтін алаң­ғасар­лы­ғымыз бен даңғазалығымызды әшке­ре­легенін мойын­дауға тиіспіз. «Мақтаншақ, бекер мал шашпақтың» арты жақсылыққа апар­майтынын ұқтырды бұл індет. Төзі­міміз бен жауапкершілігімізді сынаған бұл күн­дер өтер, алайда одан кейінгі тыныс-тір­шілігіміз бұрынғыдай болмасы анық. Өйткені сіз бен біздің пайымымыз өзгерді. Қа­зақстан халқы Ассамблеясының қыз­метіне де өзгеріс керегін уақыт дәлелдеп бер­ді. Ынтымақ пен бірліктің босаңсыға-ны – ел тұрақтылығының тұғырдан тай­ға­ны. Ендеше бұл мәселеде ағаттық жі­беруге қақымыз жоқ.   Сіз не дейсіз? Асылы Осман, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, профессор:

Тілін сыйлағанды қазақ төбесіне көтеріп, төрін ұсынады

 width= – Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясын құрғанда Қазақстанда тұратын ұлттар мен ұлыстарды теңдікте, бір­лікте өмір сүруіне жағдай жасауды мақсат етті. Де­мек, Ассамблеяның ең басты міндеті – сол мақсатты жү­зеге асыру, топырақтың иесі де, киесі де қазақ екенін ұқ­тырып, өзге ұлт өкілдерін қазақтың төңірегіне топ­тастыру. Қазақ қаншама этнос өкілін бауырына басып, бө­тенсінбей, жатсынбай осы дәуірге жеткізді. Әр нәр­сенің қайтарымы болуы керек деп есептеймін. Соны ел тұр­ғындарына ұғындыру, сезіндіру де Ассамблея жұ­мысының басты бағыт-бағдары болуы қажет. Бұл мемлекетті құрған қазақ болса, қазақтың тілі мем­лекеттік тіл болса, Ата заңымызда, Тіл туралы заңда да «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп жазылған болса, Қа­зақстанда тұратын барлық ұлт пен ұлыс қазақ тілін білуі тиіс. Сондықтан Ассамблея о баста қазақ тілін қыз­метінің негізгі өзегі етіп алуы қажет еді. Елімізде әр ұлттың өз ана тілінде сөйлеуіне, сол тіл­де білім алуына, мәдениетін дамытуына барлық жағ­дай жасалған. Әр этностың тілі өзіне ғана қажет. Салт-дәстүрін сақтап, ата-бабасынан мұра болған ғұрыптарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін кез келген ұлт ана тілін ардақтайтыны айтпаса да түсінікті. Ал мемлекеттік тіл ретінде бекітілген қазақ тілін қазақ хал­қы ғана емес, осы елде тұратын барлық ұлт пен ұлыс құр­меттеуі тиіс. Тілге құрмет дегеніміз – оны меңгеруге, сол тілде сауатты сөйлеуге тырысу. Тілге деген көзқарас, шын­дап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сон­дықтан оған бейжай қарауға болмайды. Тіл – қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттың жаны, рухының үні. Тілді білген адам ғана ұлттың жан дүние­сін ұғады, болмысын сезінеді, қадіріне жетеді. Тілді білу аз, оны меңгеру керек. Меңгеру аз, қабылдау керек. Қа­былдау аз, орындау қажет. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуық уақыт болса да, мемлекеттік тілді тұғырына қондыра алмауымыздың себебі қажеттілігін арттыра алмауымыз, талап қоя білмеуіміз. Біреуді жел­келеудің қажеті жоқ, тек ұғындыру қажет. Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында қарқынымыз да, талпынысымыз да жақсы еді. Қазақ мектептерінің көбейту бағытындағы қарышты істер сөзіме дәлел бола алады. Кейіннен мемлекеттік тілді дамыту ісі сылбыр тартып кетті. Қарап отырсақ, мемлекеттік тілдің тынысын өзге емес, өзіміз тарылтып келеміз. Заң шығарғанда, құжат мә­тінін алдымен орыс тілінде жазамыз, содан кейін қазақшаға аударамыз. Оны да ұқсата алып жатқанымыз шамалы. Аударма ісі – өте күрделі жұмыс. Екі тілді жетік білетін аудармашының ісі ғана жемісті болады. Ал өзі қазақ тілін жөнді білмейтін адам орысша жазылған дү­ниені қазақшаға қалай аударады? Тілге немқұрайлы қараудың салдарынан оның қолданыс аясын кеңіте алмай отырмыз. Кезінде Елбасы «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегенде, мен қате ұғып, «Сонда қазақтан басқалар қазақ ті­лінде сөйлемеуі керек пе?» деп ойлағам. Кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың нені меңзегенін ұғып, қате­лес­кенімді түсіндім. Қазақ қазақпен қазақша сөйлесіп тұрса, басқамыз қайда кетеміз?! Шаңырағымыз біреу, же­ріміз ортақ болса, тіліміз неге ортақ болмауы керек? Қа­зақ тілін білген қай ұлттың өкілі жамандық көріп жатыр? Тілін сыйлағанды қазақ төбесіне көтеріп, төрін ұсынады. Темір тозады, адам өмірден озады. Ал тарихты да, әдебиет пен мәдениетті де, салтың мен ғұрпыңды да ке­лер ұрпаққа жеткізетін – көмейдегі сөз бен таң­дай­дағы тіл ғана. Сондықтан елімізде өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіріп, қазаққа кіріктіруде тіл саясаты басты тетікке айналуы қажет. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған уақытынан мемлекеттік тілді тірлігінің тірегіне айналдырса, бүгін­де тілді дамыту мәселесіне де, ұлттар арасындағы ын­тымақты сақтау мәселесіне де күш жұмсаудың қажеті бол­мас еді деп ойлаймын. Нұрлан Сейдін,  саясаттанушы:

 Ассамблеяның қызметін  модернизациялау қажет

 width= – Тәуелсіздік алған жылдары бұрын КСРО құра­мында болған мемлекеттердің көбінде ұлтаралық қатынастар ушығып тұрды. Егемендігін алып, еңсесін енді тіктей бастаған біздің мемлекет өз аумағында мекен ететін барлық этнос өкіл­дерінің басын біріктіріп, ортақ мүддеге жұ­мыл­дырудың жолын іздеді. Түрлі елдердің тәжірибесін саралап, салмақтаудың нәтижесінде Елбасының бастамасымен 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл институт 25 жыл ішінде өзіне жүктелген барлық міндеттерді орындады деуге болады. Еліміздегі болып жатқан маңызды оқиғаларға байланысты ұсыныстар жасап, өзекті мәселелердің шешілуіне атсалысып келеді. Ассамблеяның қызметі арқылы мемлекет бір жағынан елімізде мекен ететін өзге ұлт өкілдерінің өз мәдениетін дамытуына қолдау көрсетсе, екінші жағынан түрлі этнос өкілдерін мемлекетіміздің дамуына үлес қосуға ынталан­дырды. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Ассамблея құрылған уақыттағы Қазақстан мен қазіргі Қазақстанның айырмасы жер мен көк­тей. Елімізде үлкен өзгерістер болды. Халық­тың саны, құрамы өзгерді. 2009 жылғы халық санағы бойынша қазақтардың үлес салмағы 65 пайыз төңірегінде болатын. Биыл күзде, амандық болса, кезекті халық санағын өткіземіз деп отырмыз. Соның нәтижесін қорытып, сараптап, Ассамблеяның функциясын, мақсат-міндетін қайта қарауға болады. 1995 жылы күн тәртібінде тұрған мәселелер қазір өзекті болмауы мүмкін. Десе де, ұлтаралық мәселе, дінаралық қатынас өзектілігін жоймайды. Қоғам дамыған сайын бұл мәселелер түрленіп, өзгеріп, қайта алдымыздан шығып отырады. Алайда оларды шешу жолы, рет­теу тетігі заман талабына сай жетілдірілуі қажет. Бүгінде біздің тәжі­ри­бемізге әлем елдерінің бі­разы сүйеніп жүр. Этно­­саралық толерант­ты­лық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі БҰҰ мінберінде тал­­қыланған соң кейбір мем­лекеттер оны зерт­теп, өзіне қолайлы тұстарып пайдаланып та жа­тыр. Бұл салада жиған тәж­і­ри­беміз жеткілікті, ен­ді оны әрі қарай ұштап, алды­мыздан шығатын жаңа мәселелерді шешуге бағыт­тауымыз керек. Жамбыл облысы Қордай ауданындағы кикіл­жің­нен кейін Ассамблея жұмысына біраз сын айтыл­ды. Сол ескертулерді ескеріп, органның 25 жыл­дағы жұмысына талдау жасап, кем-кетігін анық­тап, Қазақстан халқы Ассамблеясының қыз­метін жаңаша жандандыруға, заманауи тілмен айтқанда, модернизациялауға күш жұмсалуы тиіс деп ойламын. Ассамблеяны тарату керек деген пікірлерді ара­гідік естіп қаламын. Меніңше, бұл институт бізге керек. Өйткені Қазақстанда тек қазақ қана өмір сүрмейді. Түрлі себеппен қазақтың жеріне қоныс аударып, осы топыраққа сіңген қаншама ұлт пен ұлыс өкілдері мекен етуде. Олар – Қа­зақ­станның толыққанды азаматы. Ел өмірінің түрлі саласында қызмет етіп, мемлекеттің әл-ауқатын, экономикасын, руханиятын дамытуға шама-шарқынша үлес қосуда. Олармен ынтымақтасып өмір сүргенде ғана тірлігіміз алға басатынына уақыт дәлел. Егер Ассамблеяның қызметін бүгінгі күн сұранысына сай жетілдірсек, еліміздің маңыз­ды бастамаларын жүзеге асыруда бұл институттың әлеуетін тиімді пайдалануға болады.