Карантин қашан аяқталады?

Елімізде төтенше жағдай режимі енгізілгеніне бүгін 40 күн болды. Карантин қанша қажытса да, жұрттың оған еті үйрене бастағандай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев індет әлі шарықтау шегіне жетпегенін айт­ты. Демек, карантин тағы ұзаруы мүмкін. Мұны халық түсініп отыр. Өйткені өзін-өзі оқшаулау өзге үшін емес, әр­кімнің өз денсаулығы үшін қажет. Жақындарының аман­дығы үшін қам жеген қауымның көкейінде бір-ақ сұрақ: «Індет қашан басылады?». Төрт қабырғадан мезі бо­лып, қалыпты тіршілікке көшуге асыққан жұрт кесірлі ке­селдің қаупі қашан сейілетінін білгісі келеді. Алайда нақ­ты жауабын ешкім бере алмайды. Тек болжамдар ғана…

ДДСҰ: Карантинді алып тастауға асықпаңдар!

Дүйсенбіден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы бірқатар нысандар жұмыс істей бастады. Олар санитарлық талаптар­ды қатаң сақтап, қызметкерлерін қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуі тиіс. Үкімет өзге нысандарды кезең-кезеңімен іске қоспақ.

Өзге елдер де экономикалық сек­тор­дың жұмысын ақырындап қалыпқа кел­тір­мек. Коронавирустың шарықтау шегін ең­серген бірқатар мемлекет карантин ре­жимін жеңілдетті. 20 сәуірден бастап Ис­панияда зауыттар іске қосылды. 21 сәуір­ден бастап Италияда бірқатар дүкендердің жұмысы қалпына кел­тірілді. Данияда мектептер ашы­лып, тұрғындардың жү­ріп-тұруына қатысты бір­қа­тар шектеулер алынды.

Израиль билігі де ка­рантин режимін жеңіл­дету туралы шешім қа­был­дады. Ел үкіметінің шешімі бойынша мем­лекетте кәсіпорындар жұ­мысын қайта бастап, ашық алаңқайдағы дү­кен­дер ашылды. Сондай-ақ кір жуу орындары, киім тігу және аяқ киім жөн­деу шеберханаларының жұ­мыс істеуіне рұқсат беріл­ді. Аталған орындарға бір ме­зет­те кірушілер санына шектеу қойы­лады. Сонымен қатар көше­лер­де дұға оқуға рұқсат етілді. Алайда жиналушылар қатары 19 адамнан аспауы тиіс деген талап қойылған. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетанья­ху­дың айтуынша, жаңа ережелер 3 мамырға дейін күшінде болады. Егер осы уақыт аралығында індет қайта өршісе, карантин режимі қатаңдатылмақ.

Дүниежүзілік денсаулық ұйымы әлем ел­деріне шектеу шараларын алып тастауға асық­пау керегін ескертті. Ұйым сарап­шыларының айтуынша, карантин режимін жеңілдетуге бағытталған кез келген шара әбден таразылануы шарт. Егер шектеулер кезең-кезеңімен алынбаса, індеттің та­ралуы қайта өршіп, карантинді бұрын­ғыдан бетер қатаңдатуға тура келеді дейді ДДСҰ мамандары.

«Қалыпты тіршілікке көшудің әр қада­мы­ның арасында кем дегенде 2 апта уақыт болуы қажет. Сонда қауіп-қатерді бағалап, тиісті шешім шығаруға мүмкіндік болады», – делінген ұйымның ресми хабарла­ма­сында.

Министрліктің болжамы қандай?

Отандық, жаһандық ақпараттарды әбден сіміріп, шақшадай басы шарадай бол­ған жұрт алдағы тіршіліктің қалай ба­ғыт аларын білуге асық. Елордаға қарап елең­деп отыратыны сондықтан. Бір жақсы жаңалық айтып қалар ма екен деп дәмелі. Алайда еліміздің бас санитары Айжан Есма­ғамбетова соңғы мәлімдемесінде эпи­демиологиялық ахуалдың тұрақтануы би­ліктің емес, халықтың әрекетіне тәуелді екенін түсіндірді. «Қазақстан Президенті жа­нындағы Төтенше жағдай режимін қам­тамасыз ету бойынша мемлекеттік ко­миссия ТЖ режимін 30 сәуірге дейін ұзартқанын білесіздер. Карантин ары қарай созыла ма – ол өзімізге байланысты болмақ. Карантин шараларын қаншалықты сақ­таймыз, өз-өзімізді қаншалықты оқшау­лауға қауқарлымыз, қан­шалықты қоз­ға­лысты азайтамыз? Бәрі осы мәселеге ке­ліп тіреледі», – деді Айжан Есма­ғамбетова.

Бас санитар індетті ауыздық­тауда карантин тәртібін сақ­тау­дың маңызын тү­сіндіру үшін ста­тистиканы сөй­лет­ті. «Инфек­ция­ның таралу өрісіне тал­дау жүргізе оты­рып, коронавирус жұқ­тырған бір адамның 80 адамға дейін жұқтыруы мүм­кін екенін біліп отырмыз. Карантин кезінде де көршілер бір-бірімен әңгіме-дүкен құруды доғарар емес. Артынша бір-біріне вирус жұқтырады. Мұндай жағдайлар да бізде кез­десті. Бізде коронавирус жұқтырған 1 адам орта есеппен 30 адаммен байланыста бо­лады. Қазіргі таңда жұқтырған адам­дардың 70 пайызы ауру белгісін байқамай өтіп кететінін көріп отырмыз. Демек, ауру­дың қылдай белгісі жоқ сап-сау адамның өзі басқа адамдар үшін инфекция таратуы мүмкін», – деді Айжан Есмағамбетова.

Жуырда Қытай ғалымдары жүргізген зерт­теу нәтижесі де індетпен күресте өзін-өзі оқшаулаудың тиімділігін көрсетті. Бұ­ған дейін зерттеушілер коронавирус 1,5 метр қашықтықтан жұғады десе, жаңа зерт­теу науқастардың COVID-19 инфекциясын 4 метр қашықтыққа дейін тарата алатынын дәлелдеді. Демек, кеселге шалдыққан адаммен жақын байланыста бол­масаңыз да сізге вирустың жұқпасына кепілдік жоқ.

Қытайлық мамандар вирустың аэро­зольді таралуын зерттеген. Коронавирустың ауа құрамында және заттардың бетінде сақталуын бақылау үшін ғалымдар Уха­ньдағы Хуошеншань ауруханасының ко­ронавирус жұқтырған науқастарды ем­дейтін бөлімі мен жедел жәрдем бөлімінде тәжірибе жүргізген. Зерттеу нәтижесінде вирустың көптеген аэрозольді бөлшектері ауру­хана еденіне жинақталатыны анық­талған. Сондай-ақ кереуеттердің үсті, есік тұт­қалары, қоқыс жәшіктері және меди­цина қызметкерлерінің аяқ киімінің таба­нында көп мөлшерде жиналатыны белгілі бол­ды. Десе де, Хуошеншань ауруханасы қыз­меткерлерінің бірде-біреуі індет жұқ­тырмаған. «Бұл қауіпсіздік шараларын қа­таң сақтаудың тиімділігін айғақтайды» дей­ді зерттеушілер.

Коронавирус пандемиясының жақын арада аяқталатынына күмәнді арттырған тағы бір зерттеудің қорытындысын өткен ап­тада Франциядағы Экс-Марсель уни­верситетінің ғалымдары жариялады. Бұған дейін күн ысыса, COVID-19 инфекция­сының қаупі бәсеңдейді деген болжамдарға сен­сек, француз зерттеушілері вирустың күші 90 градус ыстықта ғана жойылатынын анықтады. Ғалымдар жасаған тәжірибе барысында коронавирус штаммы стериль­денген және биоматериалы бар түтікке орналастырылған. Екі сынама бір сағат ішінде 60 градусқа дейін қыздырылған. Тә­жірибеден кейін 60 градуста қыздырса да, залалсыздандырылмаған түтіктегі вирус­тың көбейе алатыны белгілі болған. Тек түтікті 15 минут бойы 92 градусқа дейін қыздырғаннан кейін вирус толығы­мен жойылған.

Ақпан айының соңында Германиядағы Роберт Кох атындағы институт мамандары коронавирустың жылуға төзімсіздігін мәлімдеп, көктемнің келуі вирустың та­ралуын азайтады деп сендірген еді. Алай­да кесірлі кесел жыл он екі ай жаз болып тұ­ра­тын мемле­кет­терді де тығырыққа тіре­ге­нін көріп, бұл бол­жам­ның шындықтан алыс екеніне көзіміз жете бастаған-ды. Фран­ция мамандарының зерт­теуінен соң ауа райының өзгерісі ауруды ауыздықтай ала­ды дегенге сенудің бос әуре­шілік екенін анық ұқтық.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та жыл мезгілдері коронавирустың таралуына тоқтау бола алмайтынын айт­қан. «Қазіргі болжам бойынша, жаз айында, мүм­кін күзде де коронавирус індеті жал­ғасуы мүмкін. Осыған байланысты тиісті ша­ралар қолға алынды. Коронавирус күзде қай­таланса, біз дайын болуымыз керек», – деді министр.

Ведомство басшысының айтуын­ша, әлемдік тәжірибе әрбір мем­ле­кеттің азаматтары коро­на­вируспен үш ай ауыратынын көрсетіп отыр.

«Біз Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйы­­мымен бай­ла­ныс­тамыз. Сондай-ақ басқа да мемле­кет­тердің денсау­лық сақтау ми­нистр­ліктері­мен, ғылыми-зерттеу ұйымдарымен тікелей байла­ныс­тамыз. Жал­пы айтқанда, түр­лі болжам көп. Қа­зіргі болжам бойын­­ша әрбір мем­лекет үш айдың ішінде ауырып шығатын түрі бар. Со­сын инфекцияның та­ралуы төмендеп, осы үш ай­дың аяғында ең төмен дең­гейге жетеді. Бірақ өкінішке қа­рай, қазір көріп отырғанымыздай, Қы­тай, Корея эпидемиядан өтсе де, әлі де жаңа науқастар тіркеліп жатыр», – деді Ел­жан Біртанов.

Шетелдік сарапшылар не дейді?

      Бүкіл әлем корона­ви­рус­ты жеңуге мүдделі. Әр мемлекет өзінше із­деніс жасап, шама-шарқы жеткенше күресіп бағу­д­а. Медицина­сы­ның қуаты, хал­қының демог­ра­фиялық құрылы­мы, өмір салтына қарай әр елде ін­дет­тің таралу қар­қыны әрқи­лы екенін аң­ғару­ғ­а болады. Ко­ронавирустан көп жапа шеккен елдердің статис­ти­калық деректе­рі­не талдау жасаған АҚШ-тың Boston Consulting Group (BSG) атты таны­мал консалтинг компа­ния­сы карантиннің қай елде қай уақытта аяқталуы мүмкін еке­ніне болжам жасап көрген екен. Зерт­теушілер ел үкіметінің ұйым­дас­тырып жатқан сақтық шараларына, ме­дицинасы, инфрақұрылымы, ауырған, көз жұмған адамдардың статистикасына мән берген.

Зерттеу тобының есебінше, АҚШ-тағы ко­ронавирус індетінің шарықтау шегі ма­мыр айының аяғында болмақ. Ал ка­ран­тиннің өзі маусым айының аяғы мен шілде айы­ның басында аяқталуы мүмкін. Бұл – оп­тимистік болжам. Ал пессимистік нұс­қасы – шілде айының соңы. АҚШ-тағы ка­­­рантин тәртібі әр штатта әртүрлі бол­ғандықтан, зерттеушілердің ойынша, елде ін­деттің тарауы жуық арада тоқтай қой­майды.

Алайда Дональд Трамптың пікірі сарапшылардың пікіріне қайшы. Оның ойынша, АҚШ коронавирус инфекция­сының шарықтау шегінен өтіп қойды. Өткен аптада Ақ үй басшысы карантин ре­жи­мін алып тастаудың үш кезеңнен тұратын жоспарын таныстырды. Ал түпкі­лікті шешім қабылдауды губернаторлар құзырына қалдырды. Эпидемиологиялық ахуалы тұрақтанған штаттар қалыпты тіршілікке көшпек.

BSG мамандарының болжамынша, Италияда коронавирустың шарықтау шегі сәуір айының соңғы ширегіне тап келеді. Ал карантин шілде айының басы мен аяғына таман аяқталуы мүмкін.

Коронавирустан ең көп жапа шеккен 5 мемлекеттің бірі – Германия. Елде індет әлдеқайда ерте таралғанына қарамастан, ресми Берлин жалпыұлттық карантин режимін наурыз айының аяғына қарай енгізді. Аурудың шарықтау шегі мамыр айының алғашқы апталарына сәйкес келеді. Сарапшылардың пікірінше, Германиядағы карантин маусым айының ортасы мен шілде айының басына қарай аяқталуы мүмкін.

Ал Францияда жалпыұлттық карантин 17 наурыз күні енгізілді. Мамандардың болжамына сүйенсек, бұл елде корона­вирустың шарықтау шегі мамыр айының ал­ғашқы апталарына түсіп, карантин ре­жимі маусым айының ортасы мен шілде айының басында аяқталуы мүмкін.

Ресейде шектеу шаралары кеш енгізілді. Владимир Путин жариялаған бір апталық де­малысқа дейін, яғни 30 наурызға дейін ресейліктердің ел ішіндегі қозғалысы шектелген жоқ. Америкалық BSG ком­па­ниясы сарапшыларының пікірінше, Ресейде коронавирустың шарықтау шегі мамыр айының алғашқы аптасына дөп келеді. Ал карантин маусымның аяғы, шілденің басында аяқталуы мүмкін.

Ресей ғылым академиясының академигі Виктор Малеевтің пікірі де америкалық мамандардың болжамымен үндес. Оның айтуынша, Ресейде індеттің тарауы маусым айының басында тоқтауы ықтимал. Алайда бұл ең оптимистік болжам дейді ғалым. Егер ел тұрғындары карантин тәртібін сақ­тамай, бір-бірімен байланысуды жал­ғастырса, коронавирусты жақын арада жеңу мүмкін емес деген пікірде.

Виктор Малеев эпидемиологиялық ахуа­лы күрделі мемлекеттерден коро­на­вирустың екінші толқыны таралуы мүмкін деген күдігін де жасырмайды. «Африкада, Үндістанда қандай жағдай болып жатқаны белгісіз. Бұл елдерде тұрғындарды жаппай тестілеу жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан аталған аймақтарда індеттің жаңа толқы­ны басталуы ғажап емес», – дейді ғалым.

Әлемдегі ең үздік хирург-трансплан­тологтардың бірі, Франциядағы Страсбург университетінің профессоры Жильбер Массардың пікірінше, коронавирустың таралуын тоқтатудың екі жолы бар.

«Біріншісі – бүкіл адамзаттың иммуни­тетін қалыптастыру, екіншісі – екпе ойлап табу. Алғашқысы ұзақ жол, 2-3 жыл уақыт кетеді. Ал екпе жасау оңай болғанымен, оны сынақтан өткізу күрделі іс, біраз уа­қытты алады. Вакцина сынақтан өтті де­геннің өзінде, оны бүкіл адамзатқа салып шығу да ұзақ процесс», – дейді дәрігер.

АҚШ-тың Atlantic басылымының жазуынша, адамзаттың басым бөлігінің иммунитеті қалыптасқанын күткенше өлім-жітім саны көбейіп кетуі мүмкін. Сондықтан ең дұрыс жол – екпе ойлап табылғанша күресу қажет.

Екпе қашан дайын  болады?

АҚШ-тың Ирвайн қаласындағы Ка­лифорния университеті Қоғамдық ден­саулық сақтау мектебінің профессоры Эндрю Ноймердің айтуынша, коро­на­вирус­қа қарсы екпе пайда болуының бол­жалды мерзімі – 2021 жылдың көктемі. «Бұл мерзімнен ерте пайда болғанның бәрі әлем­дік рекордқа айналары анық», – дейді Ноймер.

Екпе дайындаудың көп уақыт алуының себебі – оны сынақтан өткізу бірнеше ке­зең­нен тұрады. Дайын вакцинаның адам ден­саулығына залал келтірмейтіні, ағзаны вирустан қорғайтын антиденелердің пайда болуына ықпал ететіні тәжірибе жү­зінде дәлелденуі қажет. Бұл шектен тыс бюрократиялық сақтық емес. Екпе жүз­де­ген миллион, тіпті миллиардтаған адамға са­лынатын болғандықтан, оны жасау­шы­лар қате жібермегендеріне көз жеткізгісі келеді.

Эндрю Ноймердің сөзіне сүйен­сек, екпе жасаушылардың ешбірінің жұмысы оң нәтиже бермеуі де мүмкін. «Әлем мұн­дай сценарийге де дайын болуы қажет. Ін­дет­тің емі табылмаған жағ­дайдың өзінде 2021 жыл­дың күзінде имму­нитет қалып­тас­тыру­дың арқасында пан­де­мияны толық жеңе ала­мыз. Алайда бұл бір жылдан астам уа­қыт карантинде отыру қажет деген сөз емес. Вирусқа қарсы иммуни­тет пайда болса, індеттің келесі толқыны қазіргіден ана­ғұрлым жеңілірек бол­мақ. Десе де, COVID-19 еш­қай­да жоғалып кетпейтінін есте ұстау қажет. Уақыт өткен сайын ол тұмау секілді жұқпаға ай­на­лып, адамдарға қауіп төндіруін жалғас­тыра береді», – дейді америкалық ғалым.

ДДСҰ мәліметінше, бүгінде COVID-19 инфекциясына қарсы үш екпе сынақтан өткізілуде. Ұйым басшысы Тедрос Аданом Геб­реисустың айтуынша, тағы 70-тен астам екпе дайындалып жатыр.

Сынақтан өту кезеңіндегі екпенің бірі – Оксфорд университеті ғалымдарының жұ­мысы. Олар қыркүйекке дейін бүкіл әлем­нің игілігіне айналар нәтиже шы­ғару­ға ниетті. Вакцинология профессоры Сара Гилберт бастаған жұмыс тобы сынақ жүргізу үшін 18 бен 55 жас аралығындағы 500 еріктіні жалдаған. Bloomberg-тің ха­барлауынша, олар екпе сынағының алғаш­қы кезеңіне қатысады. Одан кейін топқа егде жастағы азаматтар қосылады. Сы­нақ­тың ақтық кезеңіне 5 мыңнан астам адам­ды қатыстыру көзделген. Екпе жасаушылар бас­тапқыда сынаққа қатысушы 510 адам­ды бес топқа бөліп, оларды 6 ай бойы ба­қыла­мақ. Топтардың біріне екінші бұл­шықе­тішілік инъекция бірінші екпеден соң төрт аптадан кейін егілмек. Зерттеудің мақ­саты – ChAdOx1 nCoV-19 \ деп ата­ла­тын вакцинаның тиімдігі мен қауіпсіздігін тексеру.

«Біз қолдануға жарамды екпеге қыр­күйекте қол жеткіземіз деген үміттеміз. Әрине, ол уақытта вакцинаның мөлшері аз болуы мүмкін. Бірақ біз барынша көп адамды қамту үшін қазірден бастап өндірісті күшейтіп жатырмыз», – дейді С.Гилберт.

1994 жылдан бері Оксфорд универ­ситетінде екпелерді зерттеумен айналысып келе жатқан ғалым Сара Гилберт Ұлыб­ританияның Ұлттық медициналық зерттеу институтынан наурыз айында 2,8 млн доллар алған. Бұл қаржы оның жұмыс то­бын ұлғайтып, екпе өндірісін жеделдетуге мүмкіндік бермек.

Гилберттің де, кесірлі кеселдің ши­пасын табу жолында ізденіп жатқан өзге мамандардың да жұмысына уақыт төреші. Біздің қолымыздан келері – күту және сақтану. Сақтансақ қана сақтайды.

Back to top button