ҰЛТ ҮШІН ТӨККЕН ТЕРДЕ ІЗГІЛІК БАР

ҰЛТ ҮШІН ТӨККЕН ТЕРДЕ ІЗГІЛІК БАР

ҰЛТ ҮШІН ТӨККЕН ТЕРДЕ ІЗГІЛІК БАР
ашық дереккөзі
711
Қазақ «Ерді кебенек ішінен таны» дейді ғой, алайда мына аласапыран −  асығыс заманда кімді кім танығандай, кімнің қадіріне кім жеткендей... «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын» деп жатады халық кейде. Бірақ шыққан тегін әрдайым мақтаныш етіп, ұлт мерейін әр қадамында асқақтатып жүретін азаматтар «елім маған не берді» деп емес, үнемі «мен еліме не берем» деген ойдың үстінде жүреді. Тіпті, ойлап қана қоймайды, мақсатқа жету жолында тәуекелдің қайығына мініп, әрекет етеді. Әскери борышын өтеп жүріп Расул Ғамзатовтың әйгілі «Менің Дағыстанымын» парақтағанда, содан ұлтты сүюдің не екенін ұғып, үлкен мақсатқа жету үшін үлкен азамат болу керегін қапысыз ұққан жиырмадағы жігіт, әскер қатарынан босай салысымен туған ауылында көп аялдамай, сонау қиырдағы Қарақалпақстаннан күллі қазақтың Меккесіндей Алматыға тіке тартқан. Ол кезде С.М. Киров атындағы КазГУ аталатын (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғой) оқу орнының бәсі тым биік, ал ондағы журналистика факультетінің атағынан ат үркеді. «Талпынған жетер мұратқа». Әскерден келгеніне көп болмаған, әлі үстінен әскери формасын шешіп үлгірмеген арманшыл балаға тағдыр күліп қарады. Болашақта нанын қаламнан табатын ғана емес, елдің сөзін сөйлеп, шындықтың жақтасы болып өмір сүру талап етілетін мәртебелі мамандық иесі болу жазмышына жазылған азамат бес жыл Алматының суын ішіп, нанын жеп, оқуын жақсы бітірді де, туған жеріне жол тартты. Бұл сол кезде жігіт жасы − жиырма беске толған, қазір жігіт ағасы жасынан асып кеткен Құтмағамбет Қонысбай болатын. Кезінде Қазақстанның құрамында болған (1925-1930) Арал теңізінің арғы бетіндегі Қарақалпақстан атты елдің үштен бірі қазақ ұлтынан тұратын-ды. Міне, осы елдегі елдегі қазақ ауылында туып-өсіп, сондағы орта мектепті ана оқып бітірсе де осындағы қазаққа бірдеңе жетпейтіндей көретін. Рас, ол жақтағы халық Қазақстаннан шығатын сол тұстағы мерзімді қазақ басылымдарын алдырып, әдебиетін еркін оқуға мүмкіндігі болды. Кез келген күні ұшаққа отырып, екі жарым-үш  сағатта Қазақ елінің астанасына жетіп алу да қиындық тудырмайтын. Дегенмен, тағдырдың жазуымен атажұрттан алыста ғұмыр кешіп жатқан − өз баспасөзі мен театры жоқ ұлттың күндердің күнінде өзге мәдениеттің құшағына сіңіп кететініне ол кезде оқыған-тоқығаны бар азаматтардың да көзі жете бермейтін. Міне осыны түйсігімен сезген болашақ журналистің ойының бір түкпірінде осы бір көкейкесті мәселені шешсем, өзгелер секілді өзімен бір аймақта дүниеге келген қазақтардың да шығармашылық әлеуетін танытуға септігім тисе деген арман жататын. Ортақ Отан − Қазақстанға әр елден келген талантты жігіт-қыздардың ұлы қазақ мәдениетіне тамшы болып қосылып, лайықты орынын иелегенін талай көрген азамат өз жерлестерінің де сол үддеден шыққанын қалайтын. Үлкен арманға жеткізер жол кішкене істерден бастау алмақ. Мұны ол білетін. Өзіңді танытып алмай, өзгеге көлеңкең түспейді. Ол да есінен шықпайтын. Сол кездегі дәстүрмен атасақ, 1986 жылдың жазында Қарақалпақ АССР-ы облыстық партия комитетінің, Жоқарғы Кеңесінің және Министрлер кеңесінің үні − «Совет Қарақалпақстаны» (қазіргі «Еркін Қарақалпақстан») газетіне тілші болып орналасты. Ұзамай отбасылы болды, республиканың орталығы − Нөкіс қаласынан пәтерге де ие болды. Қызмет бабында өсіп, екінің бірі тағайындала бермейтін − газеттің саяси бөлімінің меңгерушісі де болды. Ол кезде «Қайта құру мен жариялылықтың» күшейіп тұрған кезі. Ел оянған. Барлық жерде ұлттық құндылықтар алға шығып, өз отанынан тыс жерде өмір сүріп жатқан диаспоралардың талап-тілегі артып, жер-жерде ұлттық-мәдени орталықтар ашыла бастаған. Міне осы кезде іште жүрген ойларын өзі секілді сауатты, ел билеген азаматтарға айтып, Қарақалпақстанда қазақ ұлттық-мәдени орталығын құрып, қазақ тілінде газет шығаруды қолға алғысы келген Құтмағамбеттің ойдағысы орындала қоймады. Оны айтасыз, ұлттық мәдени орталық құру талабы елдің саяси билігі тарапынан мақұлданбады. Ал газет ашу үшін оған құрылтайшылық ететін қоғамдық ұйым қажет. Бірақ құдайы қалап тұрған жігіттің жолы болмай тұра ма? 1990 жылдың 1 желтоқсанында Өзбекстан президенті Ислам Каримов Қарақалпақстанға келді. Сол кезде республика астанасы Нөкіс қаласында студенттер оқуға келген қыркүйек айынан бастап күнде бейбіт жиын өтіп жататын. Жалпы үш айдай уақытқа созылған жиынның мақсаты − Қарақалпақстанды тәуелсіз республикаға айналдыру мәселесі болатын. Міне, сырт көзге сепаратизм сияқты көрінгенмен, конституцияға сүйеніп, заң жүзінде дұрыс талап қойып отырған елге осы мәселені біржақты ету үшін келген өзбек елінің басшысы қатысқан жиналыста Құтмағамбет Қонысбай көптен ойында жүрген мәселенің басын ашып алғысы келген-ді. Қарақалпақстан республикасы Жоғарғы кеңесінің бес жүз адамдық залында өткен жиынға елдің үлкенді-кішілі басшылары, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты. Кездесуде И.Ә.Каримовке әртүрлі сұрақтар қойып жатты. Сәті түсіп кезегі келгенде отыздан енді асып бара жатқан жалынды жас журналист ел басшысына: − Құрметті Ислам Әбдіғаниұлы! Қазіргі жариялылық кезеңінде, демократиялық өзгерістер заманында тәуелсіз Өзбекстан республикасында әртүрлі ұлттық-мәдени орталықтар пайда болып жатыр. Ел президенті ретінде осы үдерістерге сіздің пікіріңіз қалай? − деп сұрақ қойғанда, Каримов: − Бұл уақыт талабынан туындап жатқан нәрсе, оған ешқандай қарсылық көрсетпей, керісінше, жан-жақты қолдау көрсетіп, көмектесуіміз тиіс, − деп анық жауап берді. Бұл дегеніңіз, Қарақалпақстанда қазақ ұлттық-мәдени орталықтың ашылуына берілген ресми рұхсат сияқты пәрменді сөз еді. Міне осыдан кейін ғана бұрын Құтмағамбеттің ұсынысынан қаралай шошитын адамдардың өзі ұлттық-мәдени орталық құрудың «қылмыс емес» екеніне көзі жетіп, оны қолдауға құлшынды. Сол тұстағы Қарақалпақстан Республикасының басшысы Сағындық Ниетуллаев деген кісі еді. Мамандығы бойынша заңгер, ақындығы бар, интернационалист азамат болатын. Президент Ислам Каримовтың әлгі сөзінен кейін ол қарамағындағыларға тапсырма беріп, қазақ ұлттық-мәдени орталығының құрылуын ұйымдастыруға көп көмегін тигізді. Солайша, арадан үш апта уақыт өткенде, яғни, 1990 жылдың 22 желтоқсаны күні Нөкіс қаласының бас алаңының жанында орналасқан «Аралсуқұрылысы» бірлестігі мекемесінің үлкен залында Қарақалпақстан республикалық Қазақ ұлттық-мәдени орталығының тұңғыш құрылтайы болып, елде қазақ ұлты өкілдерінің мәселесімен айналысатын республикалық қоғамдық ұйым құрылды. Оның қоғамдық негіздегі тұңғыш төрағасы болып Нөкіс қалалық атқару комитетінің төрағасы Сапарбай Нұрқожаев, оның орынбасары болып Құтмағамбет Қонысбай  сайланды.  Арадан екі айдай уақыт өткенде − 1991 жылдың 18 ақпанында Құтмағамбет «Еркін Қарақалпақстан» газетіндегі идеология бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылып, Қазақ ұлттық-мәдени орталығындағы жұмысына кірісті. Осылайша, батыл журналистің ел басшысына қойған бір сұрағы арқылы тұтас диаспораның ең басты мәселесі шешімін тапқан еді. Әрине, мемлекет рұхсат бергенмен қоғамдық ұйымды құра салу оңай емес. Оны ең алдымен заңдық тұрғыдан негіздеу үшін жарғы жасау керек. Бұл жұмыстың да салмақты жерін Құтмағамбет Қонысбайдың атқаруына тура келген-ді. Ол кезде қазіргідей отыра қалып жаза салуға жөнді үлгі де тапшы болатын. Сондықтан ол өз ақшасына билет алып, Алматыға ұшақпен келіп Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жарғысының машинкаға басылған нұсқасының көшірмесін алып қайтты. Соны негізге алып және сол тұста Өзбекстанда құрылған түрлі ұлттық-мәдени орталықтардың жарғыларына қарай отырып, Өзбекстан заңдарына қайшы келмейтіндей қылып Қарақалпақстандағы Қазақ ұлттық-мәдени орталығының жарғысын жасаған-ды. Бұл да Қарақалпақстанда қазақ тілінде жасалған ең алғашқы тарихи құжаттың бірі болды. Қазақ ұлттық-мәдени орталығы құрылғаннан кейінгі Құтмағамбет Қонысбайдың бірінші жұмысы − қазақша газет ашу болды. Өйткені ұйымның жұмысын жүргізу үшін, сондай-ақ,  республикадағы қазақтардың мәдени-рухани талаптарын орындау үшін қазақтілді басылым қажет еді. Оған оның Алматыда білім алып, қазақ, орыс тілдерін терең меңгергені, елдің бас  басылымында жұмыс істеп, тәжірибе жинауы үлкен пайдасын тигізді. Мәдени орталықтың жұмысына араласқаннан бастап газет шығаруды қолға алған ол, Қарақалпақстан республикасы Баспа, полиграфия және кітап істері жөніндегі мемлекеттің комитетіне 1991 жылды 14 қазанында қазақ тілінде шығатын «Достық үні» газетін тіркетіп, №534 куәлігін алды. Сөйтіп оның редалқасын құру барысында көптеген КазГУ-дің журналистика факультетін бітірген тәжірибелі журналистерге тұңғыш қазақ газетіне басшы болуға ұсыныс жасағанымен бәрі де сыпайы түрде бас тартып, газеттің бас редакторлығына Құтмағамбет Қонысбайдың өзін лайық көрді. Бұл кезде халық арасында насихаты жүріп жатқан газетке жазылушылар да көбейіп жатқан. Бірақ жаңа жылдың басында газет шықпады. Бұрын-соңды қазақша басылым болмаған елде қазақ харпімен газет басатын машина да болмаған. Солайша уақыт уақыт созылып бара жатқасын шұғыл әрекетке көшкен «Достық үні» газетінің бас редакторы Құтмағамбет Қонысбай, бас редакторының бірінші орынбасары Базарбай Тауасар, жауапты хатшы Сәтбай Қалқаш үшеуі жинаған материалдары мен қазақша харпі бар «Ятрань» жазу машинкасын алып, Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданыныің орталығы Шетпе кентіне келіп, сол арадағы аудандық баспаханада «Достық үнінің» тұңғыш нөмірін 5000 данамен бастырып алып, елге қайтты. Сөйтіп 1992 жылдың 20 наурызы күні Қарақалпақстанда тұңғыш қазақтілді басылым халыққа таратылды. Кейін Қазақ ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Сапарбай Нұрқожаев Алматыға арнайы жүк көлігін жіберіп алдырған линотип машинасы мен матрицалар Нөкістің күнбатысында − Әмударияның арғы бетіндегі Хожелі қаласындағы баспаханаға орналастырылып, сол жерден «Достық үні» 2000 жылға дейін басылып шығып тұрды. Сосын ол «Өркен» журналына айналып, тағы екі жыл өмір сүрді. Ал осыдан отыз жылдай бұрын негізі қаланған Қарақалпақстандағы Қазақ ұлттық-мәдени орталығы әлі жұмыс істеп тұр. Құтмағамбет Қонысбай Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа мүшесі ретінде де атқарған істері де аз емес. Ол атажұрттан сыртта жүрген кезінде ондағы ағайындардың Атажұртқа оралуына көп әсер еткен азамат. Мәселен, ресми мәлімет бойынша, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері сырттан келген қандастардың 60 пайызынан астамы Өзбекстан қазақтарына тиесілі екені айтылады. Ал сол 60 пайыздың 70 пайызға жуығы қарақалпақстандық қазақтар екені де көп нәрседен хабар берсе керек. Дүниежүзі қазақтарының құрылтайының барлық жиынына қатысқан Құтмағамбет Талапбайұлының ізінде атажұртқа барып келген әр сапарында бір қызықты әңгіме еріп келіп жататын. Соның бірі оның 1993 жылы 17 желтоқсанда Алматыда өткен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының тұсаукесер салтанатына қатысқан кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сөйлеуі. М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында өткен бұл жиында коптеген елдерден келген қазақ диаспорасының өкілдерімен бірге Өзбекстан Республикалық Қазақ ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Артықбай Үкібаев та сөйлеген-ді. Бірақ ол өз сөзінде Өзбекстан құрамындағы қарақалпақстандық қазақтар туралы бір ауыз сөз айтпаған. Бір елдің атынан келіп тұрған саясаткер қандасымыздың мұнысына таң қалған Құтмағамбет намысы келіп, жиынды басқарып тұрған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбайға сөз сұрап, қағаз жібереді. Сұрауын сұрағанмен, кезек тиеді-ау деп ойламаған ол жиынды жүргізушінің өзіне тоғызыншы болып сөз берілетінін естігенде абдырамағанмен, кішкене тосырқап қалған. Бірақ іле ойын жинақтап, айтарын пысықтап, қысқа уақыттың ішінде тастүйін дайындалып алды. Сөзге шыққандардың бәрі бірінен соң бірі қауымдастыққа табыс тілеп, өздері тараптан берілетін көмектерін айтып жатқан-ды. Бұл әрине, Құтмағамбетті ойландырарлық жайт еді. Өйткені ол екі күн бойы автобустан түсіп таксиге, таксиден түсіп автобусқа отырып, жиналыс басталардан төрт-ақ сағат бұрын Алматыға жеткен-ді. Сөйлеймін деп ойламаған адамның жайы белгілі ғой. Қолында нақты ұсыныстары жазылған бір жапырақ қағаз жоқ, тым болмаса айтар сөзінің тезисін жасамаған ол мінберге шығуға ұялып, ортаға қойылған микрофонға келіп сөйледі. «Ассалаумағалейкум, ардақты ағайын! − деп бастады ол сөзін. − Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттыққа қол жетіп, тәуелсіз мемлекет атанып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құрып, қысылтаяң, қиын сәттерде төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымызды «бауырларымызға құшағымыз айқара ашық» деп, атажұртқа шақырып жатырсыздар. Бірақ бір ыңғайсыз нәрсе... Жұрттың бәрі сыйлық тапсырып жатса, маған сыйлық сұрауға тура келіп тұр...» Осы сөз бүкіл залды елең еткізіп, жиналысты жүргізіп тұрған Қалдарбек Найманбай да ыңғайсызданғандай болған. Бірақ төрде отырған Елбасы алдында жатқан қойындәптерін ашып, қолына қаламын алып, тыңдауға ыңғай білдіргенін көрген Құтмағамбет сөзін әрі қарай жалғады: «Отанынан сыртта үш жарым миллиондай қазақ жасайтынын (ол кезде солай деп айтылатын. − А.Ө.) білесіздер. Соның 350 мыңнан астамы, яғни оны пайыздан артығы біздің Қарақалпақстанда тұрады. Олардың бәрінің де қазақ, Қазақстан деген сөзді естісе, жүрегі дүрсілдеп қоя береді. Сондықтан екі елдің арасындағы барыс-келіс, алыс-беріс үзілмеуі үшін бізге «Алматы-Нөкіс-Алматы» деген пойыз керек. Бұл менің бірінші сұрайтын сыйлығым болсын», − дегенде Президент «дұрыс, дұрыс» деп қостап қойды. Бұны көрген Құтмағамбет Елбасының мақұлдағанына қанаттанып, сөзін әрі жалғады: «біздер ана жақта отырып Атамекенді «үлкен үй» деп атаймыз. Сондықтан ондағы елдің Үлкен үйдегі барлық жаңалықтан хабардар болып, өздерінің салт-дәстүрі мен тілінен, мәдениетінен ажырап қалмауы үшін «Қазақстан − 1» арнасын Қарақалпақстан аймағында тұтас және толық көрсетілуін сұраймын. Бұл менің екінші сыйлығым болсын. Ал үшінші сұрайтыныма келсем, біздің есебіміз бойынша, Қазақстанда екі жүзден аса орта және жоғары оқу орындары бар екен. Егер солардың әрқайсысы бір баладан қабылдағанда, біз жақтан жылына 200 бала оқуға түседі екен. Ал әр мамандық бойынша бір баладан қабылдаса, жылына 1500-2000 бала атажұртына келіп білім алады екен. Ол балалар төрт-бес жыл білім алса, осында қалмай қайда барады? Бұның бәрі баспасөзде талай жазылып, әбден толағағы жеткен мәселе. Оның орындалуы алты әлемнің алдында абыройлы да, беделді тәуелсіз қазақ елінің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ағамыз тұрғанда орындалуы түк те емес. Тек «Ислам акаммен» бір ауыз айтса, бұның бәрі ертең-ақ шешіліп тұр», − мінбеден түсіп кетті. Айтса айтқандай, дәл содан тура бір ай, бір апта өткенде «Алматы-Нөкіс-Алматы» пойызы қарақалпақ елінің астанасына жетті. «Қазақстан-1» арнасы көрсетіле бастады. Келер оқу жылына көшпелі комиссия барып, Қазақстанға оқуға талапкерлер қабылдады. Мұның бәрі ұлтын тұтас сүйген азаматтың орындалған армандары еді. Одан асқан бақыт бар ма?!. 2002 жылы атажұртына оралған Құтмағамбет Қонысбай қазір де қазақ баспасөзінде белсенді. Үнемі ел бірлігі мен мемлекет тұтастығы үшін тер төгіп келеді. «Ұлт мұраты» деген газет ашып, тәуелсіз қазақ мемлекетінің ұлттық идеологиясын насихаттауға кіріскен, бірақ қаржылық қолдау көрмеген ол жоба бір жылдан кейін тоқтады. Сосын «Жеті жұрт» газетінің ашуға үлкен үлес қосып, қазірге дейін сол газетті шығарып келеді. Сондай-ақ, өткен жылдың күзінде алғашқы нөмірі шыққан «Aqiqat arnasy» апталығын тіркетуден бастап, шығаруға дейінгі барлық жұмыстарын атқарысты. Сонымен бірге бұрын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жанынан шығып, шетелдегі қазақ диаспорасына тегін таратылып келген, бірақ 2017 жылы соңғы нөмірі шығып тоқтап қалған халықаралық «Алтын бесік» журналын тиісті орындарға қайта тіркетіп, наурыз айында алғашқы нөмірін шығарды. Енді ол осы журнал арқылы отанынан сыртта жүрген қазақтардың Атажұртымен арасындағы рухани байланысын жолға қойып, әлемнің бар түкпіріндегі қандастарымызды біртұтас қазақ идеологиясына ұйытуға үлес қоспақ. Ендеше ұлты үшін төккен терінің, жұрты үшін жасаған ісінің өтеуіне бірдеңе дәметіп көрмеген азаматтың арманы орындалып жатса, ол жалғыз Отан − Қазақстан ғана емес, жер бетіндегі бар қазақтың тұтастығына пайдасы тиер ізгілік қана болар. Ізгі ниет, жақсы армандар Жаратқанның шапағатына бөленгей.

Ахмет ӨМІРЗАҚ

Серіктес жаңалықтары