Қоластындағылардың жемқорлығы үшін 11 шенеунік қызметінен кетеді

Елімізде 11 мемлекеттік саяси басшы қоластындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы болуына байланысты қызметінен кетуі мүмкін.

Бұл жөнінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсыбеков айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Оның сөзінше, шенеуніктер қол астындағылардың кінәсі анықталып, соттың айыптау үкімі шыққан жағдайда жұмысынан кетеді. «Қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы болғаны үшін бірінші басшылардың отставкаға кетуін жүзеге асыру жайлы айтқым келеді. Қаралып жатқан қылмыстық істерді ескере келе, жақын арада, әрине, соттың айыптау үкімі шыққан жағдайда, 11 мемлекеттік саяси басшы отставкаға кетеді», – деді Жақсыбеков.

Бұл соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен кейін он күн ішінде жүзеге асырылуы тиіс.

Айта кетейік, осыған дейін агенттік мемлекеттік саяси қызметкерге министрлер мен олардың орынбасарлары, облыс, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері мен орынбасарлары, аудан әкімдері жататын айтқан болатын. Сонымен қатар ведомство орталық мемлекеттік органдардың басшылық құрамы арасында сыбайлас жемқорлықты анықтау бөлімі құрылатынын хабарлады.

«Мемлекеттік аппараттың жоғары лауазымды тұлғаларымен жасалынатын ауыр және аса ауыр жүйелік сыбайлас жемқорлық қылмысын анықтау және болдырмау мақсатында агенттік құрылымында анықтау бөлімі құрылады. Оның жұмысын белгілеу кезінде халықаралық тәжірибеге сүйендік. Бөлім біздің ішкі резерв және орта буынды лауазымдарды қысқарту есебінен қамтамасыз етіледі», – деді Нұрлан Жақсыбеков.

Back to top button