Эмоциясына ие бола алмаған Ермегияев судьядан ескерту алды

Эмоциясына ие бола алмаған Ермегияев судьядан ескерту алды

Эмоциясына ие бола алмаған Ермегияев судьядан ескерту алды
ашық дереккөзі
218

 «Астана ЭКСПО-2017» компаниясынан ақша жымқыру ісі бойынша басты айыпталушы Талғат Ермегияев сотта жөн-жосықсыз күле бергені үшін судья Әділхан Шайхисламовтан ескерту алды. Бұл туралы «Ұлт.кз» хабарлады.

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы сот отырысы кезінде айыпталушылардың бірі Қажымұрат Үсенов жауап беріп жатқанда негізсіз күліп, судьяның наразылығын тудырды.

«Сотталушы Ермегияев, тұрыңыз. Сізге күлкілі ме? Үсенов сұрақтарға жауап беріп тұр, ал сізге күлкілі. Сіз циркте жүрсіз бе?», – деді судья Шайхисламов сотталушыға қаратып. «Жоқ, күлкілі емес», – деді Ермегияев.«Неге күлімдейсіз? Отырыңыз. Мен сізге ескерту жасаймын», – деп қосты судья.

 Ал сотта жауап берген Үсенов ақша жымқыруға өзінің қатысы жоқтығын айтты.«Мен пара берілетінін білдім, алайда мен бірдеңе айтуға дәрменсіз адаммын… Мен келісімшарттар жаздым, жұмысты жаздым, сол үшін маған еңбекақы төленді. Кету керек еді (компаниядан). Бұл жерде мен қателестім», – деді Үсенов. Сондай-ақ, сот алдында аса ірі көлемдегі сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену және талан-таражға салуға күдіктелген Ермегияевтің екі орынбасары – Мұрат Омаров және Әлішер Пірметов, «Астана ЭКСПО-2017″ басқарушы директоры Суламбек Баркинхоев жауап бердім.

540 томнан тұратын қылмыстық іс бойынша 23 адам жауапқа тартылуда. Олардың көпшілігі Талғат Ермегияевтің айыбын әшкере етуде. Тіпті «ЭКСПО» жетекшісі ұлттық компаниядан жымқырған ақшаны зәулім үй мен қымбат көлікке жұмсады дегендер де болды.Мәселен, құрылыс фирмасының директоры Сейіт Сейітов 2013 жылы «ЭКСПО» алаңына қоршау орнатуға тапсырыс алғанын айтқан. Бірақ бейресми келісім бойынша, алынған қаржының жартысын Ермегияевқа пара ретінде беруге міндеттеліпті. "Біздің есеп бойынша, қоршау құны бастапқыда 480-500 млн теңгедей болған. Бірақ Ермегияевтің өкілдерімен өткен соңғы кездесуімізде компанияның қоршауға 850 млн теңге шығындауды көздеп отырғаны айтылды. Артылған қаржы Талғат Ермегияевқа пара ретінде берілуі керек екен. Келіссек, жобаның бізде қалатыны белгілі болды", – дейді айыпталушы Сейіт Сейітов. Сейітов Ермегияевтің тағы бір сенімді өкіліне 45 млн теңге бергенін де айтты. Оған ұлттық компания басшысы қымбат көлік алған көрінеді. Сондай-ақ, Астанада аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтын қос коттедждің құрылысын да ұйымдастырып беріпті. Ал тағы бір күдікті Сергей Ильиннің айтуынша, Талғат Ермегияев жалған фирмалар желісін ашып, бюджет қаржысын алып отырған.

Тергеу деректеріне сай, компанияның бұрынғы қызметкерлері шамамен 10 млрд теңге мемлекет қаржысын жымқырған. Әзірге 14 адам өз кінәсін мойындады.

Серіктес жаңалықтары