Бірнеше жылдан бері Қазақстанды тұрақты мекеніне айналдырған итальяндық әнші Сон Паскаль қазақ тойларынан табатын табысының көлемін жария етті. Елімізде той-бизнестің дәуірлеп тұрғанын айтқан әнші өзінің қаламақасы қазақстандық әншілерге қарағанда әлдеқайда аз екенін мәлімдеді.
Өз елінен гөрі Қазақстанда танымалдығы жоғары Италия әншісі Сон Паскаль қазақтың той-томалақтарына жиі шығып тұратын, көрсеткен қызметінің арқасында миллиондап ақша табатынын жасырмады.
"Қазақстанда тойдың орны ерекше, тойға жиі шығып тұрам. Бұл - қазақстандық формат. Айтпақшы, Италияның оңтүстік өңірінде де осылай көңіл көтергенді қатты ұнатады", – деді Паскаль. Көпшілік оны Қазақстанға тек пайда табу үшін келді деп ойламас үшін ол қазақстандық әріптестерінен гөрі азырақ қаламақы сұрайтынын жеткізді: «Тойдан миллион теңге табыс табам. Доллар емес. Бұл - орташа баға. Шынымды айтсам, басқалардың құнымен өзімдікін салыстырам да, әріптестерімнен сәл арзандау сұраймын. Себебі олар - қазақстандық, мені Италиядан тек ақша табу үшін келді деп ойламаса екен. Қазақстан - музыка жағынан менің бірінші үйім, мұнда музыкалық деңгейімді шыңдадым. Бұрын 100-150 адамға ән айтсам, қазір 25 мың адамға өнер көрсетемін", - деді Паскаль.
Сонның айтуынша, "Паскалистан" жобасының екі маусымдық кезеңінен кейін "Пекин-экспресс" шоуынан соң оның табыс көзі едәуір өскен.