1319
Аптасына 5 күн оқыған бала білімді терең игере ала ма?
Аптасына 5 күн оқыған бала білімді терең игере ала ма?
2014 -2015 оқу жылы басталар алдында мәжілісмендер қазақстандық оқушыларға бес күндік оқу апталығын енгізуді ұсынған болатын. Алайда оқу бағдарламасындағы жүктеменің көптігі соншалық, пәндерді бес күндік оқу апталығына сыйғызу мүмкін болмағандықтан бұған дейінгі айтылған ұсыныстар шешімін таппай келген.
Бұдан кейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева: «Қазіргі уақытта бірінші сынып оқушылары үшін пәндерді қысқарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, оларды бес күндік оқу аптасына ауыстыру жөнінде жұмыстар қарастырылуда. 30 мектепте сынақ өткіземіз, 2015-2016 жылдары бес күндік оқу апталығы енгізіледі», – деген-ді.
Жақында Елбасының өзі көптің көңілін күпті еткен мәселеге нүкте қойғандай болды. Президент Н.Назарбаев алтыншы шақырылымдағы Парламент мәжілісі отырысының ашылуында еліміздегі мектептерді 5 күндік оқу жүйесіне көшіруге пәрмен беріп, министрлікке тапсырма жүктеді.
«Дамыған елдердің көбінде 5 күндік, тіпті 4 күндік оқу жүйесі енгізілген. Сабақ қысқарған кезде білім беру нәтижесі жақсаратынын ғалымдар дәлелдеді. Өйткені балаға өзін қалпына келтіруге, педагогқа демалып, сабаққа дайындалуға мүмкіндік беріледі. Сондықтан бізге де осы жүйеге көшу керек», – деді Елбасы.
Демек, енді алты күн оқитын оқушылардың сабақ кестесі бес күнге ыңғайлана бастайды. Ол үшін саны көп, сапасы жоқ кейбір пәндер қысқартылмақ. Одан оқушының сөмкесі жеңілдей ме, жоқ па? Басы артық пәндерді алып, орнына жаңасын тықпалап жүрмейміз бе?
Әрине, бұл бастамаға мұғалімдер мен оқушылар қуанып отыр. Тіпті, ұстаз қауымы бес күндік сабақ оқушылар үшін тиімді екенін айтады. Себебі оқушылар ата-анасымен сенбі күні көбірек бірге болады. Ал мұғалімдердің де шығармашылықпен айналысып әрі отбасына көңіл бөлуіне уақыт табылмақ.
Айта кетерлік бір жайт, бес күндік оқу апталығы еліміздегі кейбір мектептерде бұрыннан бар. Мәселен, Алматы қаласындағы №82 жалпы білім беретін аралас мектепте бірінші сынып оқушылары бес күндік оқу апталығымен оқиды. Алайда басқа мектептерге қарағанда күнделікті сабақтан бір сағат кеш шығатын көрінеді. Яғни мектеп әкімшілігі сенбі күнгі сабақтың жүктемесін басқа күндерге сыйғызуға тырысқан. Еліміздегі заңгерлердің көбі «оқушылардың мектептегі және мектептен тыс жерлердегі, факультативтік және үйірмелік сабақтарға бөлетін апталық жүктемесі белгілі бір уақыттан аспауы керек. Оқушылардың апталық жүктемесінің көбеюі олардың денсаулығына кері әсер етеді. 1-сынып оқушысының апталық оқу жүктемесі 24 сағаттан, 2-сынып оқушысының сабақ жүктемесі аптасына 25 сағаттан, 3 және 4 сынып оқушысының жүктемесі 29 сағаттан, 5-сыныптікі 32 сағаттан, 6- сыныптікі 33 сағаттан, 7-сыныптікі 34 сағаттан, 8-сыныптікі 36 сағаттан, 9-сыныптікі 38 сағаттан, 10-11 сынып оқушысынікі 39 сағаттан аспауы керек» деген болатын. Алайда оқушылардың апталық жүктемесі арнайы заңмен бекітіле тұра, көп жағдайда бұл талап сақтала бермейтіні де айтылған. Мәселен, 1-сыныптың оқушысы аптасына 24 сағат уақытын ғана сабақ оқуға бөлетін болса, онда не үй тапсырмасын бермеу керек, не сабақ уақытын бес күндікке ауыстыру керек еді. Сол секілді басқа сыныптардың да сабақ орындауға, дайындауға бөлетін уақыты белгіленген уақыттан асып кететіні белгілі болып отыр. Психологтар «бұлай бала ағзасына күш түсіру олардың психологиялық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да оқу бағдарламасына кері әсер етеді, денсаулығын төмендетеді»,– дейді. Осы орайда айта кетер бір жайт, соңғы үш жылда мектеп бағдарламасына пән ретінде енгізуге бас аяғы жиырма шақты ұсыныс жасалыпты. 12 жылдық оқу бағдарламасының да кешенді түрде енгізе берілетіні белгілі. Оқу аптасы бір күнге қысқарғанмен, «қалған 5 күннің оқу сағаттары ұзарып кетпей ме?» деген күдік те басым.
Елбасының бұл тапсырмасын министр тез арада енгізуге даяр екенін жеткізді. «Тапсырма берілді. Оны жүзеге асыру үшін жұмысты бастаймыз. Жоба дайындап, алдағы күндері ресми түрде өзім түсіндіріп беремін», – деді Е.Сағадиев мырза. Сонымен, 5 күндік оқу жүйесіне биылдан бастап 1-сынып оқушылары, алдағы 3-4 жылда еліміздің бүкіл мектептері көшірілмек.
«Қазақстан тарихы» қазақ тілінде оқытылады
Тағы бір айта кетерлік жайт, 2018 жылдан бастап барлық мектептерде «Қазақстан тарихы» пәні қазақ тілінде оқытылады. Бұл жөнінде ҚР БҒМ вице-министрі Тахир Балықбаев: «2018-2019 оқу жылынан бастап барлық мектептерде «Қазақстан тарихы» пәні қазақ тілінде, «Дүниежүзі тарихы» орыс тілінде және бірқатар пәндер ағылшын тілінде оқытылады деп жоспарлануда. Олар – информатика, химия, биология және физика пәндері», – деді. Сонымен қатар елдегі мектептерде ағылшын тілін оқыту сағаттары кезең-кезеңімен ұлғайтылмақшы. «Бізде бірнеше жыл бұрын ағылшын тілін бірінші сыныптардан бастап оқыту енгізілген болатын. Биылдан бастап, біз ағылшын тілін оқыту сағаттарын аптасына 1-ден 2 сағатқа дейін көбейттік. Біздің мақсатымыз – балалардың бастауыш сыныптардан бастап ағылшын тілінде сөйлесудің бастапқы деңгейін меңгеруін қамтамасыз ету. Оның үстіне 2018-2019 оқу жылында Қазақстанда үштілді оқыту моделі енгізілгеннен кейін, бірқатар пәндер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқытылады», – деді вице-министр. Бүгінге дейін еліміздің 117 мектебінде үштілді оқыту жүйесі енгізілгені мәлім. Бастапқыда ілкі жоба ретінде үштілді оқыту 33 мектепке енгізілсе, қазір 117 мектепке жетіп отыр. Әрине, бұл мектептерде қазақ, орыс және ағылшын тілдері терең оқытылады. Сонымен қатар жаратылыстану ғылымдарының бірқатар пәндері ағылшын тілінде беріліп жатқан көрінеді. Сол сияқты бүгінде 42 жоғары оқу орнында тек ағылшын тілінде оқытатын бөлімдер бар. Бұл жөнінде вице-министр: «Қазіргі уақытта 7 900-ден астам адам үштілді білім алып шықты. Сонымен бірге қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген профессорлық-оқытушылық құрам жасақталған», – деген-ді. 2015 жылдың қараша айында Қазақстанда үштілді білім беру жүйесін дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. – Біз қазір ағылшын тілін енгізуді межелеп отырмыз, көрші Ресейде 2021 жылдан бастап ағылшын тілін міндетті түрде емтихан тапсырылатын пәндерге қоспақшы. Сондықтан біз де міндетті түрде тапсырылуы тиіс пәндердің қатарына ағылшын тілін де қосуымыз әбден мүмкін. Осы орайда біз Ұлттық бірыңғай тестілеуді реформалау бойынша жұмыстарды бастамақпыз. Оның нұсқасы қандай болады, қалай іске асырылады, оны түбегейлі анықтағаннан кейін халыққа егжей-тегжейлі айтатын боламыз, – деп атап өтті вице-министр. Демек, ҰБТ сұрақтарының бағыты мен мазмұны да біршама өзгеріп, логикалық сұрақтарға көп басымдық беріледі. Ал Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Жонтаеваның пікіріне сенсек, еліміз 2022-2023 жылдары үштілді білім беру жүйесіне толығымен көшеді. «2018-2019 жылдардан бастап, «Қазақстан тарихы» алтыншы сыныптан тек қазақ тілінде оқытылады деген жоспар бар. Ол орыстілді мектеп пе, қазақтілді мектеп пе, маңызды емес. Ал «Дүниежүзі тарихы» пәні қазақтілді мектепте де, орыстілді мектепте де тек орыс тілінде өтеді. 2019-2020 оқу жылында 10-11 сыныптар информатика, химия, биология пәндерін тек ағылшын тілінде оқиды. Бесінші сыныптан бастап оқушылар терминологияны оқи бастайды. Үштілді білім беру жүйесіне толығымен 2022-2023 жылдары көшеміз деп межелеп отырмыз», – деп атап өтті Ж.Жонтаева. Өмір Шыныбекұлы, Шымкент қаласы №141 мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі, жоғары санатты ұстаз: – Мұғалім ретінде өз басым 5 күндік оқу жүйесін қолдай алмаймын. Бұған өтуге біріншіден мектеп дайын емес. Алдымен алдағы 2-3 жыл ішінде 5 күндік жүйенің бағдарламасы мұқият дайындалып, әр өңірдегі таңдаулы деген мектептерде бірнеше жыл апробациядан өткізілуі тиіс. Екіншіден, ата-аналардың барлығы бірдей 5 күндік жүйемен жұмыс істемейді. Ата-анасы жұмыста болса, қараусыз қалған баланың жайы не болады? Үйде болса электр тогы, газ және т.б. қауіп-қатер, далада болса көше кезіп кетуі мүмкін... Адам ағзасы тәуліктік ритмдермен жұмыс істейтіні белгілі. Адам қаласа да, қаламаса да тәулігіне белгілі бір мерзімде демалуы қажет! Ағзаға зорлық жүрмейді. Оқу аптасын қысқартқанмен, тәулікті ұзарта алмайсың! 5 күндік оқыту жүйесіне өту үшін, кейбір сағаттар ғана емес, тіпті пәндер қысқаруға ұшырауы мүмкін. Ол қысқартулар баланың азамат ретінде қалыптасуына қалай әсер етеді? Болашақ маман дайындауға әсері қалай болмақ? Еңбек нарығында бәсекелестік қызып тұрғанда, балаларымызды білімсіз етіп алмаймыз ба? Әуесбайдың Қанаты, журналист: – 5 күндік оқу жүйесін қолдаймын. Британияда ұлым ағылшын мектебінде оқыды. Ол жақта 5 күндік білім жүйесі енгізілген. Англияда 5 күн оқыған бала қатты шаршайды. Сол үшін келесі екі күн демалысқа беріледі. Ол weekend деп аталады. Яғни, аптаның аяғы деген сөз. Бұл екі күнді бала өзін-өзі дамытуға, шығармашылыққа, әке-шешенің қасында болуға арнау керек. Баланың миын тынықтырып, көңілін бір уақ сабақтан да басқа дүниелерге аудару қажет деп санаймын. Сондықтан 6 күн бойы оқытып, білімге жеге берсек, оқушыны зорықтырып аламыз. Сол арқылы баланың білімге ынтасы жоғалады. Осы тұрғыдан бес күндік білім жүйесі тиімді, меніңше. Бес күн оқып, екі күн демалыс беру керек. Базаркүл Қалбыр, ата-ана: – Жазғы демалыс қанша уақытқа созылады? Егер бес күннің есебінен жазғы үш ай демалыс қысқаратын болса, оңтүстік өңірлердің балалары үшін жазда 40 градустан асқан ыстықта оқу өте қиынға соғары анық. Оқимын деп шаңқай түсте келе жатқанда ыстықты көтере алмай құлап қалар. Неге десеңіздер, соңғы қоңырау күнінде бірер сағатқа шыдамай кей оқушылардың құлап қалғанын көріп те, естіп те жүрміз. Ау, бұрын жазғы үш ай демалып, əр аптаның алты күнінде оқып-ақ дəл қазіргі уақытта қаншама адам қызмет етіп жүрген жоқ па? ҰБТ-дан құтыла алмай жүргенде тағы бірдеме шығармай-ақ, онан да олардың білімін арттыруға барынша көңіл бөлу керек. ҰБТ оқушыларды əбден роботқа айналдырып бітті. Баубек Тілеубаев, ата-ана: – 5 күн керемет нәрсе ғой. Балалар екі күн демалады. Факультатив сабақтарын қысқарту керек, оқитындар өздері оқысын. Сосын барлық оқу түске дейін болу керек және үй тапсырмасын міндеттеуді доғару қажет. Білімді үйде емес, мектепте алу керек. Ағайын, кертартпалықты қояйық, онда кеңестік білім беру жүйесінен қашан арыламыз?Динара Мыңжасарқызы