190
Коронавирус: Соңғы тәулікте Ресейде адам өлімінің рекордтық көрсеткіші тіркелді
Коронавирус: Соңғы тәулікте Ресейде адам өлімінің рекордтық көрсеткіші тіркелді
Ресейде коронавирус жұқтырғандардың саны 13,5 мың мыңға жетті. Соңғы тәулікте елде індеттен көз жұмудың рекордтық көрсеткіші тіркелді, деп хабарлайды PБК.
Ел астанасы Мәскеуде індеттің таралуы күшейіп кетті. Мамандар алдағы уақытта жағдай бұдан да әрі қиындай түседі деп отыр. Ресей халқы жұмысты тоқтатып, қанша жерден өз-өзін оқшаулап бақса да, елдегі эпидемиологиялық жағдай ушығып барады. Соңғы бір аптада ауруханаға жеткізілген науқастардың саны 2 есе өсті. Кеше бір күнде вирус 1786 адамнан анықталды. Олардың көпшілігі Мәскеу тұрғындары. Мұнда коронавирус 12 адамның өмірін жалмады.
Кеше Ресейде індеттен 18 адам көз жұмды. Ал коронавирустан қайтыс болғандардың жалпы саны 106-ға жетті.
Вирустың таралуын тоқтату үшін ел билігі шектеу шараларын күшейтпек. Бұдан былай қалада көліктер жалға берілмейді. Сол сияқты ауруханалардан басқа барлық құрылыс тоқтайды. Келесі аптадан бастап тек рұқсат қағазымен жүру енгізілмек. Бірақ қала мэрі бірнеше күн бұрын бұл мәселенің әлі талқыланып жатқанын айтқан болатын.
«Келесі аптадан бастап рұқсат қағазымен жүру тәртібі енгізіледі деп отырмыз. Бастапқыда ол жұмысқа бару үшін, содан кейін өзге де мақсаттармен жүріп-тұруды қадағалау үшін қолға алынады. Ал егер қажеттілік туындаса, мұндай тәртіп қаланың бір ауданынан екінші ауданына жүру үшін де қолданылуы мүмкін», - дейді Мәскеу мэрі Сергей Собянин.
«Роспотребнадзор» болжамына сүйенсек, елде коронавирустың таралуы ең оптимистік сценарий бойынша маусым айның басында тоқтауы мүмкін. Бірақ оның бәрі тұрғындардың өзіне тікелей байланысты дейді мамандар. Яғни азаматтар шектеу шараларын қатаң орындап, өзін-өзі оқшаулауы тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін Ресейдегі Склифосовский атындағы жедел жәрдем институтында және Мәскеу қалалық №52 ауруханасында COVID-19 инфекциясына шалдыққан науқастарға індеттен айыққан адамдардың қанын құю сынағы жүргізілгенін хабарлағанбыз.
Ресейлік мамандардың айтуынша, коронавирустан айыққан пациенттердің қанында антиденелер болады, сондықтан оны өзге науқастарды емдеуге қолдануға болады. Донор болуға келіскен алғашқы 11 адамның қан алынып, 7 науқасқа құйылған. Бұл технологияны коронавируспен күрес жөніндегі клиникалық комитет қолдаған.