Үш-төрт жылда 5 күндік оқу жүйесіне көшеміз

Үш-төрт жылда 5 күндік оқу жүйесіне көшеміз

Үш-төрт жылда 5 күндік оқу жүйесіне көшеміз
ашық дереккөзі
440
«Жаңа министр келді» дегенше, жаңа реформалар енгізіледі дей беріңіз. Өткенде ғана Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев мырза жаратылыстану пәндерін ағылшынша оқыту жайында айтқаны сол-ақ еді, кеше Елбасы алтыншы шақырылымдағы Парламент мәжілісі отырысының ашылуында еліміздегі мектептерді 5 күндік оқу жүйесіне көшіруге пәрмен берді. Демек, енді алты күн оқитын оқушылардың сабақ кестесі бес күнге ыңғайлана бастайды. Ол үшін саны көп, сапасы жоқ кейбір пәндер қысқартылмақ. Ал, одан оқушының сөмкесі жеңілдей ме, жоқ па? Басы артық пәндерді алып, орнына жаңасын тықпалап жүрмейміз бе? Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Дамыған елдердің көбінде 5 күндік, тіпті 4 күндік оқу жүйесі енгізілген. Сабақ қысқарған кезде білім беру нәтижесі жақсаратынын ғалымдар дәлелдеді. Өйткені, балаға өзін қалпына келтіруге, педагогқа демалып, сабаққа дайындалуға мүмкіндік беріледі. Сондықтан бізге де осы жүйеге көшу керек» деді. Әрине, бұл бастама мұғалімдер мен оқушылар қуанып отыр. Тіпті, ұстаз қауымы бес күндік сабақ оқушылар үшін тиімді екенін айтады. Себебі, оқушылар ата-анасымен сенбі күні көбірек бірге болады. Ал мұғалімдердің де шығармашылықпен айналысып әрі отбасына көңіл бөлуіне уақыт табылады дейді. Елбасының бұл тапсырмасын министр тез арада енгізуге даяр екенін жеткізді. «Тапсырма берілді. Оны жүзеге асыру үшін жұмысты бастаймыз. Жоба дайындап, алдағы күндері ресми түрде өзім түсіндіріп беремін» деді Е.Сағадиев мырза. Сонымен, 5 күндік оқу жүйесіне биылдан бастап 1-сынып оқушылары, алдағы 3-4 жылда еліміздің бүкіл мектептері көшірілмек. Өмір Шыныбекұлы, Шымкент қаласы №141 мектеп-лицейі тарих пәнінің мұғалімі, жоғары санатты ұстаз: - Мұғалім ретінде өз басым 5 күндік оқу жүйесін қолдай алмаймын. Бұған өтуге біріншіден мектеп дайын емес. Алдымен алдағы 2-3 жыл ішінде 5 күндік жүйенің бағдарламасы мұқият дайындалып, әр өңірдегі таңдаулы деген мектептерде бірнеше жыл апробациядан өткізілуі тиіс. Екіншіден, ата-аналардың барлығы бірдей 5 күндік жүйемен жұмыс істемейді. Ата-анасы екеуі бірдей жұмыста болса, қараусыз қалған баланың жайы не болады? Үйде болса электр тогы, газ және т.б. қауіп-қатер, далада болса көше кезіп кетуі мүмкін... 5 күндік оқыту жүйесіне өту үшін, кейбір сағаттар ғана емес, тіпті пәндер қысқаруға ұшырауы мүмкін. Ол қысқартулар баланың азамат ретінде қалыптасуына қалай әсер етеді? Болашақ маман дайындауға әсері қалай болмақ? Еңбек нарығында бәсекелестік қызып тұрғанда, балаларымызды білімсіз етіп алмаймыз ба?

Динара Мыңжасарқызы

   

Серіктес жаңалықтары