Алтын Ордаға исламның енуі немесе «Дін Өзбектен қалған» деген сөздің мағынасы

Алтын Ордаға исламның енуі немесе «Дін Өзбектен қалған» деген сөздің мағынасы

Алтын Ордаға исламның енуі  немесе «Дін Өзбектен қалған» деген сөздің мағынасы
ашық дереккөзі
XIII-XV ғасырларда  Еуразия құрлығының басым бө­лігінде, шығысы Ертіс өзенінен батыста Дунай өзеніне дейінгі орасан зор аумақта өмір сүрген  Алтын Орда секілді алып империяның тарихы  екі ғасырға жуық уақыт бойы тек арнайы зерттеуші ма­мандардың айналысып келген та­қырыбы болса, соңғы жыл­дары алып империяның мере­ке­лік датасына  байланысты оған деген қоғам тарапынан қы­зығушылық арта түсіп,  та­қы­рып­тың өзектілігін одан сайын арттырып отыр. Алтын Ор­даның тарихнамасы өте кең ауқымды қамтиды, әсіресе саяси тарихы, қоғамдық қа­тынастары, сыртқы қатынастары, әкім­шілік – басқару жүйе­сі, жекелеген хандары мен маңызды оқи­ғалары, ар­хео­логиясы, мәдениеті мен әдебиеті және тағы басқа мә­се­лелері жөнінде мамандардың арнайы зерттеу еңбектері бар. Дегенмен әлі де көлемді тақы­рып­тың зерттелмей жатқан қырлары мен тұс­тары жетерлік. Сондай қыр­лар­­ға Алтын Орда дәуіріндегі же­ке­ле­­ген хандардың өміріне, жүргізген сая­­сатына, маңызды оқиғаларға қа­тыс­­ты жергілікті тұрғындар ара­сын­да пайда болып, жазба деректер не­ме­се ауыз әдебиеті арқылы бүгінге дейін жетіп отырған тарихи сөз тір­кестері жа­тады. Бұл тарихи сөз тір­кестері жер­гілікті халықтың сол оқи­ғаға немесе тарихи тұл­ғаның бол­мысына қатысты көзқарасын, со­ларға қатысты халықтың бағасын көр­­сетсе керек. Біз оларды талдау ар­­­қылы сол замандағы оқиғаларды, та­рихи тұлға­ларды тереңірек тү­сіну­ге мүмкіндіктер ала аламыз. Сол себеп­ті де осы мақаламызда Алтын Орда дәуірінде нақты тарихи тұл­ға­лар­ға, маңызды оқиғаларға қатысты пай­­да болған бірнеше тарихи сөз тір­­кестеріне тоқталып, олардың шы­ғу се­беп­тері мен мазмұндарына тоқталуды жөн көріп отырмыз. Жалпы, түрік халықтарының тари­хын­да, оның ішінде қазақ халқының тари­хын­да әр ғасырдағы белгілі бір оқиғалар мен тарихи тұлғаларға қатысты сақталған та­рихи сөз тіркестері бар. Мысалы, XX ға­сырдың 20-жылдардың соңы мен 30-жылдар басындағы елімізде жүргізілген аграр­лық реформа мен соның салдары туралы «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сөйлемнен кенестік биліктің бұл реформаны қалай жүзеге асырғанын көрсек, «Зар заман» деген сөз тіркесінен XIX ғасырдағы отарлық сая­сатқа қатысты қазақ халқының мұң-зары анық сезіліп тұр. Ал «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген сөз тіркесі  XVIII ға­сырдың 20-жылдарындағы жоңғар шап­қыншылығының қазақ халқы үшін қандай ауыр болғанын көз алдымызға елестетеді. Ал араб-парсы халықтары орта ғасырларда аса маңызды оқиғаларды, танымал тарихи тұлғаларға қатысты болған оқиғаларды «абжад» арқылы беретіні белгілі. Ол деге­німіз – біріншіден, сан арқылы оқиғаның болған жылы көрсетілсе, екіншіден, сан арқылы берілген сөзден не сөз тіркесінен оқиғаның қысқаша мазмұны мен мәнін беру болған. Енді біз төменде Алтын Орда дәуірінде пайда болған тарихи сөз тіркестерінің әр­қайсысына жеке-жеке тоқталып, ал­ты­нордалық дәуірдің тарихына қатысты жаз­ба деректер мен ауыз әдебиетіндегі ма­териалдардың мәліметтері арқылы олар­дың пайда болуы мен мән-мағынасын түсіндіріп көрелік. Алтын Орда дәуірінен ауыз әдебиеті ар­қылы күні бүгінге дейін жеткен тарихи сөз тіркестерінің біріне «Дін Өзбектен қал­­­­­ды» деген сөз жатады. Бұл тарихи сөз тір­кесін алғаш рет ел аузынан жазып алып, кітап бетіне түсірген Ш.Құдайбердіұлы бол­­ды. Қазіргі таңда бұл тарихи сөздің пай­да болу тарихы мен мағынасын кей­біреулер жете білмегендіктен, қате тү­сініктерге барып жүр. Бұл тарихи сөз тір­кесі XIV ғасырдың бірінші жартысында, нақ­тырақ айтсақ, 1312-1342 жылдары Ал­тын Ордада хан болып, ислам дінін мем­лекеттің ресми діні етіп жариялаған Батыйдың ұрпағы, Тоғырыл ұлы Өзбек ханның діни саясатына қатысты айтылып отыр. Осы жөнінде тереңірек тоқталайық. Өзбек ханның Алтын Ордада исламды ресми дін етіп жариялауы бірден бола қойған жоқ. Оның өзіндік тарихы бар. Көп жағдайда дін болсын, басқа да өз­герістердің ел ішінде таралуына биліктегі тұлғалардың шешуші рөл атқаратындығы белгілі жайт. Алтын Орданың негізін қалаған Батый ханнан Өзбек ханға дейінгі 70-80 жылдай уақыт ішінде Жошы ұлысы аумағындағы жергілікті тұрғындар мен билеуші әулеттің өкілдері арасында, сондай-ақ әлеуметтік топтың әртүрлі жіктелістері арасында дін мәселесінде ер­кіндік сақталғаны белгілі. Ал жекелеген хандар өздері мұсылмандықты қабылдап, исламның таралуына ықпал жасайды. XIII ғасырдың ортасынан XIV ға­сырдың ортасына дейін Алтын Ордаға Мысыр елінен келген ресми елшілердің, саудагерлердің, саяхатшылардың жаз­ба­ларында осы уақыт ішіндегі Сарайдағы хандардың ислам дініне қатысты ұста­ным­дары мен көзқарастары жақсы баян­далады. Батый ханның қай дінге болса да еркіндік бергені белгілі. Ал оның орнына келген Берке ханның мұсылманшылығы жөнінде жазба дерек мәліметтері мен XVI ғасырда қағазға түскен ауыз әдебиетінің материалдарында жақсы баяндалады. Парсы тарихшысы Жүзжанидың(1193 ж.т.) мәліметтерінде Берке хан дүниеге келісімен әкесі нәрестенің кіндігін мұ­сылман әйелге кестіріп, мұсылман әйелдің сүтін емізгенін айтады. Осы сарындағы әңгімені XVI ғасырда Өтеміс қажы «Шың­ғыс-наме» кітабында баяндап, оның туа са­ла мұсылман болғанын жазады. Ал Еги­пет тарихшысы Эннувейри(1279-1333) Берке ханның мұсылмандығы туралы былай деп жазады: «...Бұл Берке мұсылман болды және оның діншілдігі керемет болатын. Ол мұсылмандық дәстүрді ен­гізді, дінбасыларына құрмет көрсетіп, олар­ды өзіне жақын тартты, оларды жа­нында ұстап, дос болды, мемлекетте ме­шіт­тер мен мектептер салдырды. Ол Шың­ғыс хан ұрпақтары арасында исламды ал­ғашқы болып қабылдады. Ол мұсылман бол­ған кезде халқының көп бөлігі ис­ламды қабылдады». Осылайша, 1256-1266 жылдары он жыл билікте болған Берке хан Алтын Ордада ислам дінінің кең таралуына жол ашып береді. Одан кейінгі ке­зеңде Алтын Орданың Моңғол им­периясынан заңды түрде бөлініп, жеке дер­бес мемлекет ретінде өмір сүруі ислам ді­нінің одан әрі таралуына еш зиянын ти­гізе қоймады. Берке ханнан кейін Алтын Орда тағын иеленгендер: Батыйдың немересі, То­ғанның (Тұқан) ұлы Менгу Темір ханның (1266-1282), Менгу Темірдің інісі Тұда Мөңке ханның (1282-1287), Менгу Те­мір­дің ұлы Тұла Бұқаның (1287-1292) және Менгу Темірдің тағы бір ұлы Тоқта ханның (Тоқтай, Тоқтаға) (1292-1312) тұстарында әр ханның исламға көзқарасы мен ұстаны­мы, сондай-ақ Алтын Орданың Египетпен саяси және экономикалық қарым-қа­ты­настарының екі жақ тарапынан да өте қар­қынды жүруі Жошы ұлысы аумағында ис­лам дінінің тереңдеуі мен жайыла түсуіне зор ықпалын тигізеді. Берке хан­нан кейін 16 жыл Сарай тағында отырған Меңгу Темір ханның исламды қабыл­да­ға­нын ешбір араб дерегінің мәліметі жаз­байды. Бір дерек мәліметінде ол тіпті қайтыс болған бір сұлтанның жесірін оның ұлына үйлендірмек болғаны ай­ты­лады. Бұл жағдай әрине, оның мұсылман бол­мағанын көрсетсе керек. Ал ол қайтыс болғаннан кейін Сарай тағын иеленген інісі Тұда Мөңке ханның исламды қабыл­да­ғанын және өзіне Египет сұлтанынан мұсылманша есім сұрағанын араб ав­торлары баяндайды. Тіпті, оның мем­ле­кет­тің маңызды істерінен бас тартып, со­­пы­лық жолға түскені жөнінде айтылады. Ал 4-5 жыл билеуші болған Тұла Бұқа ханның ислам дініне қатысы жөнінде ешбір дерек мәліметі ақпар бермейді. Тоқта ханның ислам дініне қатысы ту­ра­лы қарама-қайшы мәліметтер бар. Бір деректе оны дінсіз болды, бұттар мен жұл­дыз­дарға табынды, ламаларды жақын тарт­ты, әртүрлі дінді ұстағандардың ішін­де мұсылмандарға ерекше құрмет көр­сет­ті делінеді. Ал басқа бір араб дерегінде Тоқ­тай хан мұсылман болды делінеді. Жоғарыда келтірген дерек мәліметтеріне тал­дау жасай келе, біз соңғы дерек мәлі­ме­ті­нің ауылы ақиқаттан алыс жатыр деп санаймыз. Осы жерде біз қарастырып отырған мә­селеге тікелей қатысы бар мынадай бір қы­зықты дерек мәліметін айта кетуіміз ке­рек. Ол деректе: «Оның (Тоқта ханның – Б.К.) бір ұлы болды, одан артық келістіні еш­кім көрген емес. Ол мұсылман болды, түсінбесе де Құран оқығандарды тыңдауды жақ­сы көретін, әкесінен соң таққа келі­сімен исламнан басқа ешбір дінді бұл елде қалдырмаймын» деп ойлайтын. Бірақ ол әкесінен бұрын қайтыс болды» делінеді. Ибн­хальдун бойынша Тоқта ханның ұлы­ның аты –Ильбасар, ал қайтыс болған жы­лы – 1319/1310 жыл делінген. Бұл дерек мә­­­ліметінен Алтын Орданың астанасында Ба­тый ханнан тараған билеуші әулет өкіл­дері мен оның жақын туыстары арасында, бү­кіл Жошының 14 ұлынан тараған сұлтандар арасында, сондай-ақ мемле­кеттік қызметтегі әмірлер мен бектер арасында ислам дінінен басқа өзге де діндерді – шамандықты, бақсылықты, тәңіршілдікті, бұтқа табынушылықты ұста­нушылардың бар болғанын көреміз. Олардың исламнан басқа өзге діндер мен діни сенімдерді ұстанып қана қоймай, өз­дерінің діни сенімдері негіз болған белгілі бір саяси күштерге ие болғанын бай­қай­мыз. Сонымен бірге дерек мәліметтерінде ай­тылғандай, жаңа бір ханның таққа отыруы билеуші әулеттің өзге діни бағыт­тағы өкілдері мен олардың жақтас­тары­ның күштеп өлтірілуінің басты себеп­тері­нің біріне жатса керек. Тоқта хан ұлы Иль­басардың билікке келмей жатып-ақ, ис­­ламнан басқа өзге діннің бәрін елден қуа­тыны туралы өз ойларын өзгелерге біл­діріп қоюы оның әкесінен екі жыл ерте қай­тыс болуына алып келуі де мүмкін. Дегенмен Ильбасар жүзеге асыра алма­ған идеяны Тоқта ханнан кейін Сарай та­ғын иеленген Өзбек хан жүзеге асырады. Ол Ильбасардың жіберген қателігін қай­таламау үшін билікке келісімен алғашқы қа­дамдарын басқаша бастайды. Өзбек хан туралы араб, парсы, түрік тіл­деріндегі деректердің бәрі ол жөнінде тек жағымды мәліметтер береді. Ол мәлі­мет­терді жүйелесек, алдымен Өзбек хан­ның шығу тегі, сырт келбеті, жеке қа­сиет­тері, билікке келу, діншілдігі және мем­ле­кет басқаруы мен Алтын Ордада жүргізген ішкі-сыртқы саясаты деп шартты түрде топтастыруға болады. Біз бұл жерде «Дін Өзбектен қалды» деген тарихи сөздің пай­да болуы мен мазмұнын түсіндіру үшін бар­лық мәліметтерге тоқталмай, тек өзі­міз­ге керектілеріне ғана талдау жасаймыз. Өзбек ханның шығу тегін барлық ав­тор­лар бірдей былайша көрсетеді: Шыңғыс хан, одан Жошы хан, одан Батый хан, одан Тоған (Тұқан), одан Меңгу Темір хан, одан То­ғырыл, ал одан Өзбек хан. Араб автор­лары Өзбек ханды былайша суреттейді: «...Бұл жас жігіт өте келбетті де келісті, өте ақыл­ды, тамаша мінезді, исламды жақсы ұстан­ған және батыл, ержүрек болатын». Оның билікке келуі оңай болған жоқ. Тоқ­тай хан қайтыс болғаннан кейін Батый ұр­пақтары ішінде тақты иеленуге үміт­тенгендер саны жетерлік еді. Сондай-ақ хан сарайы маңындағы әртүрлі лауа­зым­дағы бектер мен әмірлердің дін мәселесіне келгенде Өзбекке ішкі наразылықтары қат­ты болатын. Ол жөнінде дерек мәліметі бы­лай деп баяндайды: «...Әмірлердің Өз­бек­ке жау болуына мынадай жағдай себеп болды. Өзбек үнемі олардан дінге сенуді жә­не ислам дінін қабылдауды талап етіп отыр­ды, оларды соған итермеледі. Ал әмір­лер болса оған былай жауап беретін: «Сен біз­ден бағыну мен тәуелді болуды талап ет, ал біздің қандай сеніміміз бен қай дінге кіре­тінімізде шаруаң болмасын. Біз қа­лайша Шыңғыс ханның заңы мен жар­ғысынан бас тартып, арабтардың дініне өте­міз». Өзбек өз дегенінде тұрып алды, ал әмір­лер болса, оған қарсы жау болып, теріс ай­налды, оның көзін жоюға тырысты». Кө­ріп отырғанымыздай, XIV ғасырдың ба­сына дейін Алтын Орданың билеуші то­бы мен мемлекеттік биліктің жоғары дең­гейіндегі адамдар арасында дін мәселесі бойынша біржақты ұстаным болмай, көпжақтылыққа негізделген әртүрлі топ­тар болып, көп жағдайда тақты иеленуде олар жан-жаққа бұрып отырады. Олардың пікірлері туралы: «Әмірлер мен нояндар хан­дық билік мәселесінде дауласа ба­с­та­ды», – деп жазады дерек мәліметі. Мұсылмандық топқа қарсы болғандар­дың ішінде әмір Құтлық Темір деген кісі «Пат­шалық Тоқтайдың ұлына тиесілі, бірақ алдымен Өзбекті тұтқындау керек, өйткені ол біздің жауымыз, сосын ғана Тоқ­­тайдың ұлын отырғызуға болады» дей­ді. Әмірлер осындай ұйғарыммен ке­лі­седі. Өзбек те Сарайда жалғыз болмаған, оның діни ұстанымы мен бағытын қол­дай­тындар бірлесе отыра астыртын қи­мылға көшеді. Тоқтай ханның тұсында мем­лекеттегі барлық істерді басқаратын, яғ­ни беклербек лауазымындағы тағы бір Құт­лық Темір деген әмір Сарайда мұсыл­ман­дық топты басқарған секілді. Тоқта хан­ның қазасынан кейін әр топ өз адам­дарын таққа отырғызу үшін әрекеттерге көшкен кезде, Әмір Құтлық Темір Тоқта хан­ның үлкен хатындарының бірі, бұ­рын­ғы Тоғырылдың әйелімен бірлесе отыра қи­мылдап, таққа Өзбекті отырғызу қажет деп шешеді. «Шыңғыс-намеде» бұл әйелдің есімі – Байалин-келін делініп, Өзбектің анасы деп айтылады. Араб тарихшысы Ибндукмактың (1308-1388) мәліметі бойынша әмір Құтлық Темір Өзбекті таққа отырғызбай тұрып, одан болашақта ис­лам­­­ды қолдайтыны туралы уәдесін алады. Осылайша, Тоқта ханнан кейін Алтын Ордадағы тақ мұрагері жөнінде бір-біріне қарама-қарсы екі топ пайда болып, әр топ өз адамын отырғызу үшін ашық күреске шыға бастайды. Өзбек өзін қолдайтын топтың көмегі ар­қасында өзіне қарсы ұйымдастырылған қас­тандықтан аман құтылып шығады. Тез арада әскерін жиып, қарсы топты жеңі­ліс­ке ұшыратады да, тақты иеленеді. Сөйтіп, Өзбек хан өте күрделі және шиеленіскен қиын жағдайда жақтастарының көмегімен Алтын Орда тағын иеленеді. Таққа отырысымен Өзбек хан алдымен өзі­не қарсы болған топты қырғынға ұшы­ратады. Дерек мәліметіне жүгінсек, Тоқта хан­ның тағы бір ұлы мен оның жанын­да­ғы 120 Шыңғыс хан әулетінің өкілдері өл­­­­тірілген екен. Хайдер Рази болса, Өзбек хан Тоқта ханның екі ұлын және жошылық 20 сұлтанды өлтірді деп жазады. Өтеміс қа­жының дерегінде Өзбек хан Жошының он жеті ұлынан тараған ұрпақтарды жиып, оларды Исатай мен Алатай есімді қият тай­пасының бектеріне бөліп берді дел­і­неді. Қалай болса да, Өзбек хан билікке келісімен ең бірінші болып, өзіне қарсы бол­ған саяси топты, яғни Алтын Ордада исламның таралуына қарсы, мұсыл­ман­дықты қолдамайтын күштерден құралған саяси топты тас-талқан етіп жеңіліске ұшы­ратады. Кезінде осындай ойлары бол­ған Тоқта ханның ұлы Ильбасар таққа кел­мей жатып, қайтыс болған еді. Ал Өз­бек хан болса, Ильбасардың қателігіне бой алдырмай, тақты иеленгеннен кейін ба­рып, исламның Алтын Ордада орнығуына ке­дергі жасап отырған күштерді талқан­дай­ды да, исламның орнығуына толық жол ашады. Енді Өзбек ханның исламды Алтын Ор­дада жеңіске жеткізу жолындағы күре­сіне тоқталайық. Өзбек хан уәдесінде тұрып, билікке ке­лісімен Сарайда үлкен мешіт салдырады жә­не әр жұма сайын намазға барып тұ­ра­ды. Оның бұл әрекетіне түрік тайпа­ла­ры­ның бір бөлігі қарсы болып, Өзбек ханды тақтан тайдырмақ болады. Билігін ны­ғай­тып алғаннан кейін Өзбек хан тағы да өзі­не қарсы топтың екі жетекшісін және олар­ды қолдаушы бірнеше әмірлерді өлім жа­засына кеседі. Осылайша, Өзбек хан Ал­тын Ордада исламды басқа діндерге қа­рағанда жоғары көтеру жолында алғашқы екі қадамын сәтті жүргізеді. Алғашқы қа­дамы – бұрынғы діни сенімдерінен айы­рылғысы келмеген шыңғыстық ұр­пақ­тардың қарсылығын жеңу болса, екінші сәтті қадамына  исламға қарсы кейбір тү­рік тайпалары басшыларының кедер­гі­лерін жою жатты. Сөйтіп, дінбасыларының исламды еркін уағыздауына кең жол ашылады. Дерек мәліметтерінде Өзбек ханның би­лікке келгеннен кейін 8 жыл өткенде ис­ламды қабылдағаны туралы айтылады. Біз бұл жерде дерек мәліметіне сын көзбен қарай келе, Өзбектің исламды қабылдаған жы­лы туралы ондағы мәліметті қате беріл­ген деп санаймыз. Өйткені бұған дейінгі араб және парсы тілдеріндегі дерек мә­лі­меттерінің бәрі дерлік Өзбек ханды тақты ие­ленгенге дейін мұсылман болғанын жаз­ған болатын. Дегенмен билікке кел­ген­нен кейінгі 8 жыл ішінде Өзбек хан Сарай қа­ласында және бүкіл Алтын Ордада үл­кен жетістіктерге қол жеткізеді. Шыңғыс ұрпақтары мен түркілік этнотоптар басшыларының саяси және діни мәселе бойын­ша қарсылықтары толығымен жеңі­ліс табады, сол арқылы орталық атқарушы билікті нығайтады. Өзбек ханның толық жеңісімен ислам бағытындағы күштер де толық үстемдікке жетеді. Енді тек оны заңдастыру ғана қалады. Өзбек хан 8 жылдан кейін, хижра бойын­ша 720 жылы, (12.II.1320-30.I.1321) тү­рік­ше тауық жылы сол дәуірдегі шейхтар мен мұсылмандардың  шейхы, қасиетті Зеңгі – Ата (Зеңгі Баба) мен ең жоғары ти­тул­дары бар, адасқандарға дұрыс жол көр­сетуші, сейдтердің жетекшісі Сейіт-Ата­ның басшылығымен мұсылман болады. Қа­сиетті Сейт-Ата оған Сұлтан-Мұхаммед Өз­бек хан деп жаңа мұсылман есімін бе­еді. Сонымен сол күні халықтың көп бөлігі мұсылман болады. Осындай өте маңызды оқиғаға жергілікті халық арасында зор беделі бар тарихи тұлға әрі рухани кө­сем­дердің қатысуы халық жадында мәңгі сақталып қалады. Сол кезден бастап ислам діні Алтын Орданың негізгі және басты дініне айналып, халықтың басым бөлігі мұсылмандықты қабылдайды. Тарихшы Хайдер Разидың жазуынша «...Хижраның 722 жылы (20.I.1322- 9.I.1323) оның (Өзбек ханның Б.К.) қарсыластары қалмады. Одан кейін Жошы ұлысы Өзбек ұлысы деп аталады». Жалпы, Алтын Орда тарихымен айна­лыс­қан маман, тарихшылардың пікірінше Өзбек хан тұсында Алтын Орда өзінің ең шырқау биігіне көтерілген. Біз де олармен қо­сыла отыра, Өзбек хан тұсындағы Ал­тын Орданың қандай биікке көтерілгенін 1304-1377 жылдары өмір сүрген араб сая­хатшысы Ибнбатутаның дерегімен көр­сетуді жөн көріп отырмыз. Ол былай деп жазады: «Ол (Өзбек хан Б.К.) әлемдегі ең қуат­ты және құдіретті жеті патшаның бірі бол­ды», – десе, әрі хан, әрі тарихшы Әбіл­ғазы Өзбек ханның тарихи рөліне: «Елдің ұлыс-ұлысын исламға кіргізді, халықтың дәулеті артты. Одан соң барша Жошы елі өзбек елі атанды», – деп баға береді. Осылайша, ойларымызды түйіндей ке­ле, Өзбек ханның тұсында Алтын Ор­дада ислам дінінің толығымен жеңіске же­тіп, ислам туының желбіреуі сол дәуір­дің аса маңызды оқиғаларының біріне айналады. Уақыт өте келе бұл оқиға аңыз­данып, атадан балаға, ғасырдан-ғасырға жал­ғасып кетеді. Сөйтіп, Өзбек хан тұсын­да Алтын Ордада ислам діні ең негізгі дінге айналып, халықтың бәрі мұсылман болды деген ойды халық: «Дін Өзбектен қалды» деген бір сөзбен айтатын болған. «Дін Өз­бектен қалды» деген тарихи сөйлемнің пай­да болуы мен мазмұны осындай.  

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҰҒА корреспондент-мүшесі,

 әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

 университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы