Коронавирус жұқтырған 45 баланың төртеуі жазылып шықты

Қазақстанның мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова коронавирус жұқтырған 45 баланың төртеуі жазылып шыққанын мәлімдеді.

ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Айжан Есмағамбетова: «Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың 45-і – бала. Олардың төртеуі ауруханадан жазылып, шығып қойған. Қалғандарының жағдайы қалыпты», – деді.

Бас санитар сонымен қатар коронавирус инфекциясын анықтау бойынша Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында экспресс тесттен кімдердің өтетінін айтты.

«Қазіргі таңда елге 96 мың тест жеткізілді. Экспрес тесттер Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жүргізіледі. Тәулігіне 500-ден 1000-ға дейін тест жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар менің қаулыммен экспрес тесттен өтетін адамдардың санаты белгіленді. Олар: жедел жәрдемнің медициналық қызметкерлері, ЖРВИ белгілері бар ауруханаға жатқызылмаған адамдар, коронавирус жұқтырған адаммен едәуір қарым-қатынаста болған адамдар, сондай-ақ өткізу бекеттері арқылы автоөткелдер мен теміржол өткелдерімен келген азаматтар, төтенше жағдайда жұмыс істеп жүрген жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері», – деді ол.

Back to top button