274
Аты «нұрлы» болғанмен, күйі «мұңлы»...
Аты «нұрлы» болғанмен, күйі «мұңлы»...
2009 жылы мемлекеттік «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы Красный Яр ауылдық округінде шетелден көшіп келген қандастарға арнап, (Нұрлы көш ауылында) барлығы 274 қоспәтерлі 138 тұрғын үй салынған. Оған мың жарымдай адам орналасқан. Бұл құрылысқа 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінген. Сол кездегі доллар бағамымен есептегенде әр үйге 59 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалған.
«Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ-тың депозиттік несиелеу бағдарламасы бойынша олар пәтер құнының 50 пайызын депозитінде жинақтауы қажет. Содан кейін оларға пәтерді 5 пайыз жеңілдік мөлшерлемемен сатып алу мүмкіндігі берілді. Яғни, жалға берілген бұл баспана үшін олар әр ай сайын 7 мыңдай теңге төлеп тұруы тиіс. Сонда әр тұрғын үйдің орташа құны 3 миллион 200 мың теңге болып есептелген. Осылайша 215 шарт жасалады. Үш жақты келісімшарт аясында жалға алынған пәтерлердің 1 шаршы метрін жалдау құны 88 теңге, айына орташа төлем 6 866 теңгені құрайды. Бірақ көптеген салымшы шарт талаптарын орындамаған. Себебі сапасыз салынған үйлердің құнын төлеуден бас тартқан. 215 үйдің екеуі ғана кесте тәртібімен жарналарды төлеп біткен. (Бірақ осы төлеп біткен екі отбасының да үйінің құжаты жоқ) Қазір тұрғындардың жалпы берешегі 73,4 миллион теңгеге жетті. Ал келісімшарт бойынша тұрғындар 2015 жылы несиені төлеп бітіруі тиіс еді.
Ауылдың алғашқы жоспарында балабақша, мектеп, емхана, жол, ауызсу және сапалы үйлермен қамтылуы қажет болған. Алайда имфрақұрылым мүлде жоқ. Күзде кірген тұрғындардың үйлері қыс ортасында қабырғалары жарылып, көктемде кейбір үйлер құлай бастаған. Тұрғындар бұл күрмеуі қиын мәселені шешу үшін билік өкілдерінен көмек сұрап отырғандарына 10 шақты жылдың жүзі болды.
Бұл мәселе газетіміздің №1 (09.01.20) санында ATAJURT жобасы аясында жан-жақты жазылған болатын. Үкіметке хат жазып, тұрғындардың арыз-тілегін жеткізген едік. Хатқа ресми әрі заңды жауаптар келді.
Енді бұл мәселемен «Отандастар қоры» айналыса бастады. Қордың жанынан құрылған Қоғамдық комиссияның кезекті отырысында осы мәселе талқыланды. «Отандастар қоры» Қоғамдық комиссия барысында бұл мәселеге қатысты азаматтардың барлығын бір үстелдің басына жинап, бетпе-бет талқылауға салды. Бұл мәселеге жауапты Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Жүсіпов те қатысты.
Әкім орынбасарының айтуына қарағанда, ондағы үйлердің құжаттары енді қалпына келтіріліп жатқан көрінеді. Жағдайды түзету және қаржылық жүктемені төмендету үшін 238 келісімшарт қайта жасалған. Қазіргі уақытта 138 тұрғын үйдің 35-і күрделі жөндеуді, 102-сі ағымдағы жөндеуді қажет етеді. Көкшетау қаласының әкімдігі 1 наурыздан бастап шілдеге дейін ревизия жүргізіп жатыр. Сапасыз салынған үйлерді қалпына келтіру үшін 10 жылдың ішінде облыс бюджетінен 237 миллион теңге жұмсалған. Қалған үйлердің жағдайын бағалап, жоба жасау үшін 15,7 миллион теңге қарастырылып отыр. Осы жоба бойынша қалған үйлерді жөндеуге ақша бөлінеді. Елді мекенде бұрын жол жоқ болатын. Былтыр 2 шақырымдық жол төселіп, асфальтпен жабылды. Келесі жылы 280 орындық балабақша салынады, – деп ақтала сөйлеген шенеуніктің сөзіне Қоғамдық комиссияның төрағасы Мұрат Бақтиярұлы қанағаттанбағанын айта келіп: «Қазір де сіз сырғытпа жауап беріп отырсыз. Біз қандастарымызды әкеліп, сондай жерге отырғызып қойдық. Бұл мәселе шешілмейтін болса, оны «Отандастар қоры» атынан және депутаттар атын да басқаша сипатта көтереміз. Биылдан қалдырмай шешіп беруіміз қажет. Өйткені ағайынның сенгені біз. Басқа органдарға айта-айта нәтиже болмаған сияқты. Ал сапасыз үй салған компаниялар туралы мәліметті Бас прокуратураға бердік. Оны бір емес, бірнеше компания салған. Көбі банкрот болған. Кейбір компания иелері Ресейге көшіп кеткен. Соны қабылдап алған адамдарда жауапкершілік болмаған», – деді сенатор.
– 2019 жылы қараша айында әріптестерімізбен Көкшетау қаласы Красный Яр ауылындағы үйлерді көзімізбен көрдік.10-15 үйді араладық. Үйлердің жалпы жағдайы адам айтқысыз дәрежеде. Үй қабырғалары өте жұқа, іргетасы жоқ, едендеріне қарақағаз төселген. 2009-2010 жылдары «Нұрлы көш» бағдарламасымен салынған үйлердің әрбіріне сол кездегі доллар бағамымен 59 мың доллар қаржы жұмсалған. Осы үйлердің сапасыз салынғанын, қаржының талан-таражға түскенін айтып, бір топ депутат Үкімет басшысы Асқар Ұзақбайұлына депутаттық сауал жолдадық.
Бірақ бұл мәселенің шешілетін бір-ақ жолы бар. Ол – сол үйлерді жерімен бірге кезінде алған азаматтарға жекешелендіріп беру. Олар біздің азаматтарымыз, отандастарымыз. Сондықтан Үкімет бұл мәселені солардың пайдасына шешіп беруі қажет, – дейді Сенат депутаты және Қоғамдық комиссияның төрағасы Мұрат Бақтиярұлы.