256
Қарағанды облысы: 5 қалада қандай шектеулер енгізілді?
Қарағанды облысы: 5 қалада қандай шектеулер енгізілді?
30 наурыз сағат 00.00-ден бастап Қарағанды облысының карантинге жабылатын 5 қаласында бірқатар шектеу шаралары енгізіледі.
Атап айтқанда:
- Бес қаланың тұрғындарына отбасы мүшелерін қоспағанда, үш адамнан астам топпен жиналуға тыйым салынады. Азық-түлік, дәрі-дәрмек, банк қызметтерін сатып алуды және жұмысқа бару қажеттілігін қоспағанда, азаматтардың үйден шығуына шектеу қойылады.
- 65 жастан асқан адамдарға далаға шығуға болмайды.
- Кәмелетке толмағандарға ересектерсіз үйден шығуға тыйым салынады.
- Ерекше өкімге дейін барлық қоғамдық орындар жабылатын болады. Ол - саябақтар, гүлзарлар, балалардың ойын және спорт алаңдары. Бизнес-орталықтар 10.00-ден 15.00-ге дейін жұмыс істейді.
- Дәмханалар мен мейрамханалар жеткізу режимінде ғана жұмыс істей алады.
- Барлық азық-түлік емес дүкендер, жеке меншік және мемлекеттік балабақшалар, сұлулық салондары, қоғамдық моншалар, сауналар, букмекерлік кеңселер және басқа да қызмет көрсету мекемелері жұмысын тоқтатады.
- Карантиндік қалалар арасындағы көлік қатынасы әзірге тоқтатылған жоқ. Қозғалыс 2020 жылғы 2 сәуірде 00.00-ден бастап шектеледі. Сондай-ақ, авто және теміржол вокзалдарының, әуежайдың (арнайы рейстер шектелмейді) жұмысы уақытша тоқтатылып, қоғамдық көліктің жұмысы шектелетінін және карантиндік аймақтың толық қоршалуы қамтамасыз етіледі.
- Еңбек көші-қоны мәселелері жергілікті әкімдіктермен және жұмыс берушілермен бірлесіп шешілетін болады.