302
Қауіпті кезеңде ескертулерге қарамастан 435 мың қазақстандық шетелге аттанған
Қауіпті кезеңде ескертулерге қарамастан 435 мың қазақстандық шетелге аттанған
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров әлемді індет жайлаған уақытта шет мемлекеттерде қиын жағдайда қалған Қазақстан азаматтары жайлы айтып берді.
Ресми өкілдің Tengrinews.kz порталына берген мәліметіне сүйенсек, 27 ақпан мен 23 наурыз аралығында 435 мың қазақстандық шекара асып кеткен.
«27 ақпанда Сыртқы істер министрлігі азаматтарға үндеу жасап, коронавирусқа байланысты қауіптілігі жоғары мемлекеттерге бармауға, мүмкіндігінше шетелдік сапарларды кейінге қалдыруға кеңес берді. Үндеуде туризм саласында қызмет ететін ұйымдарға да жүгініп, өз тұтынушылары мен серіктестеріне туристік, іскерлік және басқа да мақсаттармен шетелге шығуды шектеу қажеттігін түсіндіруді өтіндік», – дейді Айбек Смадияров.
Кесел жұқтыру қаупі ескертілгеніне қарамастан, қазақстандықтар шетелге шығуды тоқтатпаған.
Қауіпті кезеңде шекара асқандардың көпшілігі туристер жиі баратын мемлекеттерге демалуға барған. Мәселен, Мысырға 5616 адам, БАӘ-ге – 6778, Түркияға -8327, Тайландқа -1342, Мальдив аралдарына 487 адам аттанған. Сондай-ақ, Мексика, Буркина-Фасо, Бразилия секілді елдерге саяхаттаған отандастарымыз да бар.
Айта кетейік, бұған дейін Украинадан 76 қазақстандық елге оралғанын хабарлағанбыз.