233
28 наурыздан бастап Қазақстанның үш қаласында шектеу шаралары күшейтіледі
28 наурыздан бастап Қазақстанның үш қаласында шектеу шаралары күшейтіледі
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның селекторлық отырысы өтті.
Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, шектеу шараларын бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы әділет министрі М. Бекетаев пен бас прокурор Ғ. Нұрдәулетов, республикалық маңызы бар қалалардағы ахуал туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев, Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов, азық-түлік қауіпсіздігі және әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына бағаны белгілеу туралы сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов, ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров және мемлекеттік органдардың басқа да басшылары баяндады.
Мемлекеттік комиссия биылғы 28 наурыз күнгі сағат 00.00-ден бастап келесі шараларды қабылдау арқылы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін күшейту туралы шешімді бекітті:
- Азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды және жұмысқа баруды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуын шектеу;
- Халық көп жиналатын орындарды жабу (саябақтар, скверлер, жаяу жүретін көшелер, жағалаулар, ойын алаңдары және т. б.);
- Қоғамдық көлік жұмысын кезең-кезеңмен шектеу;
- Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салу (отбасы мүшелерінен басқа);
- Кәмелеттік жасқа толмағандардың үлкендерсіз сыртта жүруіне тыйым салу.