Алмас Сырғабай, суретші: Біздің ұлттық кодымыз тегімізде сақталған
– Мұқағали ақынның өлеңдері мен поэмаларының иллюстрациясын жасадыңыз, кітаптарын безендірдіңіз, портретін жасадыңыз. Мұқағали тұлғасына деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды?
– Сурет өнеріне деген құштарлығым бала кезімде «Балдырған» журналы, «Ұлан» газетіне басылған суреттерді көшіріп салудан басталды. Біздің Райымбек ауданында ақпан айы келісімен Мұқағали апталығы басталады. Суретшілер суретін салып, ақындар өлеңін жазады. Әкем менің сурет өнеріне икемімді байқаған болуы керек, Мұқағалидың туған күні қарсаңында ақынның кітабын алып келді де, «Балам, осы өлеңдерді оқып, жақсы бір өлеңіне сурет салшы» деді. Содан бастап мен осы иллюстрация жанрын зерттеуді бастадым. Жақсы ән тыңдасаң, ішіңнен ыңылдап айтып жүресің. Жақсы кітап оқысаң, кейіпкердің сөзін қайталап, жазушының қолданған сөзін жаттап алып, солай өмір сүргің келіп, әсерін ұмыта алмай жүресің. Мен де ақын поэзиясынан шабыттанып, «Қайран, жеңгем» әніне сурет салдым. Күйеуі соғысқа кетіп тағдыр азабын тартқан, қартайып қалған, өңі кеткен келіншек пен жанында мұрты едірейіп шай ішіп отырған ер адамның образын жасадым. Аспанда соғыстың жарылыстарын және «Сендер бақытты өмір сүріңдер, мен Отанымды қорғадым» деп алыста қол бұлғап жымиып тұрған солдатты салдым. Осы жұмысым мектепте 1-орынды жеңіп алды. Осылайша, менің Мұқағалиға деген махаббатым 12-13 жасымда, 5-сыныпта оқып жүргенде басталған.
– Ақын жанын терең түсіну үшін оның поэзиясын ғана жақсы көру жеткілікті ме?
– Мұқағалидың өлеңдерін жатқа білемін, ақын туралы қандай ақпарат шығады, бәрін оқимын. Ақынның көп суреттерін салдым, оның біреуі Алматыда музейде тұр. Мұқағалидың балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келді. Ауылдағы бас көтерер ер-азаматтың бәрі соғысқа кетті. Еңбекші халық, жалғыз ұлын соғысқа аттандырған ата-әжелер мен жарынан айырылған аналардың қиын тағдырын елестетіп отырып «Күту» деген картинаны жаздым. Бала кезімізде ауылда күн сайын әдемі бір көйлегін киіп, Алматыдан келетін автобус тоқтайтын аялдамада отыратын қарт ана болды. Өзі күнге әбден күйген, көп қиындық көргені жүзі мен қолынан білініп тұратын. Кішкентай балалар ойнап жүріп сол анаға тас лақтырып тиісетін, біз ересектер таратып жіберетінбіз әлгі балаларды. Сол бейне менің есімде қалып қойды. Кейін студент кезде автобустан түскенде баяғы әжені іздедім, бірақ таппадым. Анамнан қарт әженің қайда екенін, неге аялдамада отыратынын сұрадым. Әженің денелі, сымбатты, көрсең көз тоятын жалғыз ұлы болған екен. Алматыға жұмыс істеуге кетіп, содан қайтып ауылға оралмаған. Ұлым қайтып келеді деп үміттенген ана жүрек баласын аялдамада тосумен өмірін өткізген. Мұқағалидың өлеңдерін оқығанда аялдамада ұлын күткен ананың бейнесі көз алдыма келді.

Жалпы, Мұқағалидың еуропалық білімі күшті болған, Дантемен, Моцартпен сырласады. Бір шығармамда Мұқағалидың бейнесін сарайларда өлең оқитын, өз шығармасын насихаттайтын ақын ретінде салдым. Киім үлгісі ерекше, терезенің алдында ойланып, өлең жазып отырған сәтін бейнеледім. Жалпы, шығармашылық картинада дәл айнытпай салу шарт емес, қарағанда адамды ойландырса, толғандырса жетеді. Ал суретші ойын бояудың сан түрі арқылы жеткізе білсе шеберлігі.
– Алаш қайраткерлеріне арнаған картиналарыңыз бір төбе. Бұл тақырыптағы ізденісіңіз қалай басталды?
– Менің анам ұстаз, ұзақ жылдар бойы мектеп директоры болған, әкем – суретші. Дастарқан басында әдебиет, тарих тақырыптары жиі айтылатын. Әкем кітапты дауыстап оқып отырып, қызық жеріне келгенде үзе қоятын. Әрі қарай оқуын сұрасақ, кезектесіп оқиық дейтін. Қарлаг пен Алжирді бала кезімнен білетінмін, бірақ мектеп бағдарламасында тарихты ашық оқытпады. Институтта да тарихты терең білдім деп айта алмаймын. Адамға жүрген ортасы әсер етеді, кейін мен жақсы жерге қызметке орналастым. Ақырын осы тақырыпты зерттей бастадым. Астанаға келгенде Алжирге, Карлагқа барып көрдім. Алаш зерттеушілерімен сапарлас болдым. Жинаған ақпаратым іште жатты, оны сыртқа шығармаса болмады. Осылайша Алаш зиялыларының суреттерінен топтама жасауды бастадым. Әлиханның мойнына бабочка тағып, ақсүйектік стильде киініп түскен тамаша суреті бар ғой. Ахметтің, Мағжанның киіну талғамдарына қарап сүйсінесің, қазіргі тілмен айтқанда фотосессиядан асып түсетін тамаша сурет-естеліктері бар. Жеке суреттері болмаса да, топтық суреттерден байқап отырасың. Мен осындай топтық суреттерді жеке архивіме жинап, жеке-жеке образдарын шығардым. Жасаған жұмыстарым жұртшылыққа ұнады. Әскери-тарихи музей 30 метр қабырғасын Алаш қозғалысының тарихына арнады. Сол жерге менің картиналарым ілінді. Бұл бағыттағы жұмыстарымды әлі де толықтыруға болады. Адам зерттеген сайын небір қызықты ақпараттарға кездеседі екен, кейде өзіңді зерттеуші сезінесің.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандары, Алаш қайраткерлерінің тарихын тануға деген қоғамның қызығушылығын қалай бағалайсыз?
– Біз Ресейдің боданында 70 жыл болдық дейміз, бірақ санамыздың уланғанына ғасырдан астам уақыт өтті. Бодан болуымызға қарапайым халықтың, ата-бабаларымыздың кінәсі жоқ. Қазақты қалай жаулау керек деген мәселе орыстардың күн тәртібінен түспеген. Сондай бір бас қатыру кезінде біздің елді зерттеп жүрген орыстың бір саяхатшысы «Қазақ даласында сексеуіл деген ағаш өседі. Оны балтамен шапсаң, сынуы қиын. Бір қызығы, сексеуілді сексеуілге ұрсаң, өзінен-өзі сынады. Демек, қазақты бір-біріне айдап салу керек» дейді. Ұлтты жоюда қазақты бір-біріне қарсы қою саясаты бойынша қылышынан қан тамып тұрған алып империя жұмыс жасады. Сарыарқа төсіне ең ауыр жаза арқалағандар мен сотталғандарды жіберді, сол тұста өмір сүрген бабаларымыз нашақорлармен, алқаштармен алысып өмір сүріп ұлтымызды сақтап қалды. Бір ғана мысал, Кенесары бабамыз қылышпен пулеметке қарсы шығып соғысты. Қандай рух десеңші, батыр, адал халықтың қаны деген осы ғой. Бұл – Құдайдың назары түскен халықтың ғана қолынан келетін қасиет.
Мен қазір Алаш қозғалысына қатысы бар, меценат, тарихта болған Маман деген кісінің суретін салып жатырмын. Жетісу өңірінде өмір сүрген, Мамания мектебін ашқан, Еуропадан мықты-мықты мамандар мен оқулықтар алдыртқан. Осыған өресі жеткен адам орысқа күні қарап қалған жоқ қой. Әлихан атамыз орыстың патшаларынан бұрын Жапонияда қандай техника шығып жатқанын біліп отырған. Мұстафа Шоқай француз тілін жетік біліп, Еуропада газет шығарған, кітап бастырған. Қазақтың өресінің тазалығы сондай білімнің кез-келген түрін тез қабылдап алатын қасиеті бар. Біздің ең керемет қасиетіміз – оқығаннан, түйгеніміз, тоқығанымыз көп. Бұл басқа ұлтта кездеспейді. Мысалы, «Бабалар сөзінің» 100 томдығы шықты. Сонша еңбекті ешкім жазып алған жоқ, бірақ бүгінге дейін жетті. Ұлттық код миымызда, тегімізде сақталған. Жеті атасын түгендемей тұрып қыз алмаймыз. Мұндай тектілік өзге ұлтта жоқ. Әлихан да, Ахмет те ертең атылатынын, құжаттарды өртеп жіберетінін, құртатынын біле тұра, болашақ ұрпағыма пайдасы тиетін шығар деп бабаларымыз тарихты қанмен жазып қалдырды, ұлтына аянбай қызмет етті. Бізге дейін бабаларымыздан жеткен дүние менің ұрпағыма да жетеді деген түйсік болған шығар. Әлихан «Қазақ даласының әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» дейді. Түбі біздің жарық күніміз туады деп бір-біріне жазған хаттарын жылап отырып оқисың. Ұлттың өзінің ешкімге бағынбайтын, өзге ұлтқа ұқсамайтын болмысынан айырылмас үшін қаншама жылдар күрескен бабаларымыздың аруағы разы болсын дейміз. Аллаға шүкір, ниетіміздің түзулігі, бабаларымыздың рухының күштілігі мен батасы бізді осы уақытқа дейін сақтап келді. Тарихтағы ақтаңдақтар ашылып келеді, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп келеді. Ұлттық мәселені дұрыс жағынан насихаттап, осыған дейін сақталған ең құнды дүниелерімізден айырылмау үшін жұмыс жасауымыз керек.
– Жыл сайын 31 мамырда өтетін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шараларына көңіліңіз тола ма?
– Ұялмай айтатын тұлғаларымызға әлі күнге дейін ұялатынымызға қарным ашады. Зерттелмек тұрмақ, әлі аты-жөні белгісіз тұлғаларымыз бар. Мысалы, 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні театр Әлихан немесе Ахмет туралы бір спектакль қояды. Бір күн қойылады да, ұмыт болады. Ал мұндай қойылымдар маусымға еніп, жыл бойы көрсетілуі керек.
2017 жылы Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл толды. Азды-көпті сызғандарымызды ескерген шығар, «Алаштың 100 жылдығы» арнайы медалін ұсынды. Жоғарыдағылар оны қай жерде өткізерін білмей дал болды, салтанатты шара ретінде ұйымдастыруға қорықты. Сонда мен мүйізі қарағайдай ғалымдарымыз бен қоғам қайраткерлеріміздің осы мәселеге тісі батпағанына таңғалдым. Кейін Тәуелсіздік сарайында сол кездегі Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықова басымызды қосып жиын өткізді, бірақ бұл насихатталған жоқ. Түбі Алаш қайраткерлері бізсіз де жұлдыз болып жарқырайды. Бірақ біз үлес қосуымыз керек. Болашақ ұрпаққа бастауыш сыныптан бастап тұлғаларымыз насихатталуы қажет. Бір жылдары Әліппенің сыртында Ахметтің суреті болған, қазір жоқ. Әлихан туралы тақырып болса, кітаптың бір бетінде Әлиханның суреті тұрсын. Бала соны көріп, еліктеп, патриот болып өседі. Насихат отбасынан, балабақшадан басталуы керек. Баланың санасына ғарыштан кішкене сәуле түссе, жарып шығады.
– Бейнелеу өнері пәніне мектепте көп мән берілмейтін сияқты...
– Бұл, сөз жоқ, болашақ балалардың дамуына кедергі. Қазір бейнелеу өнері деген сабақтың аты көркем еңбек. Баланың қиялын өсіретін бейнелеу өнері пәнін технология пәніне қосты. Баланы еркін тәрбиелеудің ең бір әдемі тәсілінен айырылдық десек болады. Батыс елдерінде түстермен жұмыс істеу балабақшадан басталады. Айта берсек, біз талай дүниеге обал жасап жатырмыз. Ауылдағы мектеп директоры бір сиыр алған техникалық қызметшіге «Көркем сурет факультетін сырттай оқып кел, суреттен сабақ бересің» дейді. Сырттай оқыған маманда қандай білім болсын, осылай оқушыларға обал жасап отырмыз. Қалалық жерде балаларға мүмкіндік көп, баласының қабілетін байқаған ата-ана арнайы үйірмеге алып келеді. Ауылда ондай мүмкіндік жоқ, бірақ талант бәрібір жарып шығады.
Үш ауысымда оқитын мектептегі балалар кешкі сағат 8-ге дейін сабақта. Бізде керісінше, орыстар қандай әдістеме ұсынады, сонымен жұмыс істейді. Ешбір ұлтқа, мемлекетке ұқсамайтын өзіміздің әдісті жасап шығуға болады. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы әліппені өзі жасады. Ол әліппенің ит-рәсуәсін шығарды, бүгінде оқулықтың жалпы идеясы Ахметтікі екенін айтуға ұялады.
Тәуелсіздік алғаннан бері қарай тауып алған «ауруларымыз» көп. Білім және ғылым министрі тарихшы болса, тарихты көтереді, математик министр болса, математиканы көтереді. Басқа шетелдің әдісін тәжірибеге енгізгенде, сурет өнерін ұмытып кетеді. Қазақстанда өнер адамдарына әлі дұрыс қолдау көрсетпей, мойындамай келе жатыр. Өмірін қазақ бейнелеу өнеріне арнаған жандар елеусіз қалып жатыр. Жұмыстары музейдің төрінде тұрғанымен, өзі ұмыт қалып, насихатталмай жатқан таланттар бар. Мәдениет және спорт министрінің баяндамасын тыңдасаңыз, ішінен суретшілер туралы бір ауыз сөз таппайсың. Өзі музыкант болғаннан кейін музыка төңірегінде ұйымдастырған концерттер туралы ғана айтылатыны өкінішті.
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ