26 Ақпан, 19:50 306 0 Денсаулық Túrkistan Gazeti

Вьетнамда бұрын-соңды болмаған ота жасалды

Вьетнамның Ханое қаласындағы Орталық әскери аурухана дәрігерлері әлемде тұңғыш рет адамның қол буынына трансплантация жасады.

Вьетнамдық дәрігерлер әлемде тұңғыш рет тірі адамның қол буынын екінші науқасқа тігіп, отаны сәтті аяқтады. 31 жастағы вьетнамдық азамат 2016 жылы жұмыс барысында абайсызда апатқа ұшырап, сол қолын қатты зақымдап алған. Науқасты ауруынан айықтыруға әбден тырысқан дәрігерлер ақырында ампутация жасау қажеттілігін түсіндіріп, сол қолының буынын кесіп тастаған.

Ал оның доноры болған екінші пациент осы жаңа жылдың басында ауруханаға ауыр халде түскен. Ол да отандасы секілді жұмыс барысында зақымданып, ақырында сол қолының шынтағын қатты жарақаттап алған. Үш апта бойы қолын аман алып қалуға тырысқан дәрігерлер гангрена пайда болу себебінен оған да ампутация жасамасқа болмастығын айтып, шынтағынан төмен кесуге мәжбүр болған. Алайда бұл емделушінің сол қолының шынтағына зақым келгенімен, қол буыны сап-сау. Мұны үш жыл бұрын қолынан айырылған науқастың пайдасына жарар деп санаған аурухана дәрігерлері екі емделуші және олардың отбасы мүшелерімен ақылдаса келе, екі тараптан ота жасауға келісімін алған. Сегіз сағатқа жалғасқан бұл сәтті отадан кейінгі бір ай ішінде вьетнамдық өзгенің сол қолының буынын өзінікіндей сезіп, еркін қимылдайтын болған.

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар