Еліміздің «ақылды» қалалары анықталды

Еліміздің «ақылды» қалалары анықталды

Еліміздің «ақылды» қалалары анықталды
ашық дереккөзі
Қазақстанда «ақылды» өңірлердің рейтингі жасалды. Бұл туралы еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады. Зерттеуге 14 облыс орталығы мен республикалық маңызы бар 3 қала қатысты. Бағалау 11 түрлі бағыт пен 80 көрсеткіштен тұратын «Ақылды қалалар» эталондық стандарты негізінде жүргізілді: денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік, экология, әлеуметтік және т.б. салаларды цифрландыру бастамалары. Бұл тізімнің бірінші орыны Нұр-Сұлтан қаласына бұйырса, екінші орынды Алматы, ал үшіншіні Орал қаласы иеленді. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспановтың айтуынша, бұл көрсеткіш өңірлерде «цифрлық» белсенділікті арттыруға ынталандыру үшін қажет. Атап айтқанда, рейтингті құру кезінде әкімдіктердің мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруы, тұрғын үйлерге «ақылды» есептеуіш құралдарының орнатылуы, тіркелген стартаптардың саны, зияткерлік көлік жүйесінің енгізілуі, қоғамдық көліктің бағыт-бағдарын мониторингтеу және т.б. қосымшалардың қолжетімділігі назарға алынды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы екі жыл бұрын қабылданып, өңірлерде бірқатар жоба жүзеге асырылды. Әрине, олардың кейбірі тиімді десек, кейбірінің нәтижесі төмен болды. Цифрландыру саласындағы жалпы жағдайды көрсету үшін осы рейтингті әзірледік. Бұл сондай-ақ өңірлердің «цифрлық» дамуын ынталандыру үшін қажет», – дейді А.Оспанов. Бұл көрсеткіш жыл сайын жаңарып тұрады. 2019 жылғы рейтинг нәтижесін https://egov.kz/cms/ru/smart-cities сілтемесінен көруге болады.