Астанада мешітке таң намазына келген ер адамның ұялы телефоны ұрланды. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ер адам намазын оқып болғаннан кейін мешіт ішінде демалмақ болған. Ол телефонын жанына қойып, қуаттауға қосқан соң ұйықтап кеткен.
Осы сәтті пайдаланған басқа келуші айналасындағылардың назар аудармай тұрғанына көз жеткізіп, қараусыз қалған телефонды алып, мешіттен шығып кеткен.
Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап, күдіктінің жеке басын анықтады. Ол сол күні ұсталған.
Полицияның хабарлауынша, күдікті 25 жастағы ер адам болып шыққан. Ұрланған телефон тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды қоғамдық орындарда бағалы заттарын қараусыз қалдырмауға және жеке мүлкінің қауіпсіздігіне мұқият болуға шақырды.