Науқас балаларға арналған «Smart School-2» сыныбы ашылды

Науқас балаларға арналған «Smart School-2» сыныбы ашылды

Науқас балаларға арналған «Smart School-2» сыныбы ашылды
ашық дереккөзі
 width= Бүгін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында стационарда жатқан науқас балалар білім алатын екінші «Smart School»  оқу сыныбы ашылды. Инновациялық оқу бөлмесі ақ қан ауруына, онкологиялық дертке, сирек ауруларға шалдыққан балаларға арналған. Бұл балалардың емделуі ұзаққа созылатындықтан, мұнда балалар жылдап жатады. Енді орталықтағы балалар емін үзбей, замандастарынан қалмай, білімін жетілдіріп, бос уақытын тиімді өткізе алады. Озық қондырғылармен жабдықталған смарт сыныбын Педиатрия орталығының басшысы Риза Боранбаева ашты. – Бүгін орталықта емделіп жатқан балалар мен олардың ата-аналары үшін қуанышты күн. Осындай кең, әсем де жарық сынып жасап, оны заман талабына сай жабдықтап берген демеушілерге, атсалысқан барша еріктілерге шексіз алғыс білдіреміз. Біздің орталықтағы екінші смарт-класстың  балалардың денсаулығын жақсартуға қосар үлесі мол деп білемін, –  деді Риза Боранбаева. «Smart School-2» сыныбы үш кабинеттен тұрады. Заманауи құралдармен жабдықталған оқу сыныбында балалар математика, тарих, ағылшын тілі және т.б. жалпы пәндермен бірге, мектепке дейінгі бағдарламаны оқып, бос уақытында ағылшын тілін үйреніп, шахмат, робототехника, конструктор құрау,  сурет салу сынды шығармашылық жұмыспен айналыса алады. Сондай-ақ, бұл сыныпта музыка, ертегі көмегімен терапия сеанстары өткізіледі. Барлық сабақтар мен үйірмелер тегін. Жоба аясында емхана клоуны балалардың көңілін көтеріп, түрлі кеш ұйымдастырып отырмақ. Сынып үлкен интерактивті тақтамен, экологиялық таза жиһаздармен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта сыныпта ата-аналар үшін психологиялық қолдау курстары ашылмақ. Шара барысында №3 онкогематология бөлімі ата-аналары атынан сөз сөйлеген Мадина Құнанбаева балалар үшін жасалып жатқан қайырымды іс үшін барша қауымға алғысын білдірді. Оқу сыныбы  «Help Today» қоғамдық қорының қолдауымен және «Samsung Electronics Central Eurasia», «Universal Masters», «Бай-Темир», «BioMarin Europe Limited» компанияларының демеушілігімен іске асты.