11 Қыркүйек, 19:45 376 0 Жаңалықтар Túrkistan Gazeti

Асқар Мамин Түркістанда салынып жатқан нысандарды аралады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың қысқа уақыт ішінде Арыс қаласындағы тұрғын үйлер мен нысандарды жылдам қалпына келтіру бойынша тапсырмасын орындау аясында қалада жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын тексерді, сондай-ақ Түркістан қаласының әкімшілік, тарихи-мәдени, әлеуметтік маңыздағы нысандарының құрылыс алаңдарын көрді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметтері бойынша, Арыс қаласында жөндеу жұмыстарының 99,3%-ы аяқталды. Нысандарда 134 құрылыс компаниясы, 3,8 мыңнан астам жұмысшы жұмыс істеуде және 211 арнайы техника тартылған.

Арыста 68 әлеуметтік нысан орналасқан (білім беру, денсаулық сақтау және спорт мекемелері), олардың 64-і – күрделі жөндеуді және 4-еуі – толықтай қалпына келтіруді талап етті. Бүгінде 62 нысанда жұмыстар аяқталды.

ҚР Үкіметінің басшысы «Арыс-1» темір жол вокзалының жөндеуден өткен ғимараты мен оның алдындағы скверді аралап көрді, «Арыс минералды су» қалпына келтірілген кәсіпорнына барды, Арыс қаласында үйлері толығымен қиратылған 100 отбасыға арналған 50 екі пәтерлі коттеджден тұратын жаңа шағын ауданның құрылысы барысымен танысты. Барлық үйлер аяқталу сатысында тұр, ішкі әрлеу жұмыстары және үй жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Асқар Мамин Арыс қаласындағы қайта салынған жеке үйлерге кіріп, олардың тұрғындарымен әңгімелесті.

Түркістан қаласында ҚР Премьер-Министрі болашақ халықаралық әуежайдың құрылыс алаңында болды. Жоба түріктің YDA Holding компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Терминалдың өткізу қабілеті жылына 3 млн жолаушыны құрайды. Нысанды келесі жылдың соңында пайдалануға беру көзделген.

ҚР Үкіметінің басшысына әкімшілік, әлеуметтік, тарихи және мәдени маңыздағы нысандар құрылысының барысы туралы баяндалды. Асқар Мамин әкімдік, медиа орталық, конгресс-холл ғимараттарын, «Нұр-Сұлтан» алаңын, Тұңғыш Президент саябағы, Олимпиадалық резервтің спорт мектебін, музыка мектебін, бассейні бар мектеп сарайын, неке сарайын, халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратын, сонымен қатар аттракциондары бар қалалық саябақты, музыкалық фонтанды, амфитеатр, салынып жатқан тарихи-мәдени орталықтың, келу орталығының, Шығыс моншасының, қалалық Арбаттың құрылыс алаңдарын аралады.

Жұмыс сапары барысында ҚР Үкіметінің басшысына Түркістан қаласын салудың Бас жоспары көрсетіліп, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар таныстырылды.

 

Соңғы жаңалықтар