Қорқыттың туысы және оның жасаған жері

Қорқыттың туысы және оның жасаған жері

Қорқыттың туысы және оның жасаған жері
ашық дереккөзі
(Қазақ аңыздары) Әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан бұл мақаласын 1982 жылы тамыз айында «Қазақ әдебиеті» газетіне ұсынған еді. Алайда сол уақыттағы идеологияның қазақ тарихына  деген әртүрлі көзқарастарына сәйкес бұл мақаланың үштен бір бөлігі ғана жарияланған да, қалғанын осы жолдардың авторы өз қоржынында сақтап қалғаны бар. Қазіргі «Мәдени мұра» бағдарламасына орай, сол мақаланы толық күйінде жариялаудың сәті енді келгендей. Мақаланың құндылығы сонда — ғалым мұнда Қорқытқа қатысты халық арасындағы аңыз-әфсаналар мен тарихи жазба деректерге жалпы шолу жасаумен бірге сол Қорқыт өмір сүрген замандағы көне қалалар, тарихи ескерткіштер туралы өте құнды мағлұматтар береді. Ғұлама ғалымның қолының табы, қаламының ізі қалған материалдың бір сөзін өзгертпей, бір ноқатына нұқсан келтірмей жариялауды Әлекеңнің рухын құрметтеуімізбен қатар тарихи мұраны бойтұмардай қастерлеуіміз деп түсінгендеріңіз жөн. Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ, «Қазақ әдебиетінің» бұрынғы қызметкері.   Қазақ аңыздарында көзге ерекше түсетін таңсық уақиғаның бірі – Қорқыттың туысы. Қорқыт жыр мен күйдің атасы, халықтың жан күйіне зор әсер еткен кемеңгер дана, өз заманының пайғамбары сияқты кісі болғандықтан, халық оның туысын да жаратылыстан тысқары етіп, жай адамның туысынан өзгеше етіп тудырады. Бұл туралы мынандай аңыз бар: Қорқыттың анасы қыпшақ қызы екен. Қорқытқа жүкті боларда анасы құланның жаясына жерік болып, жерігі бір жылда әрең қаныпты. Анасы Қорқытты құрсағында үш жыл көтеріп, жылына бір рет толғақ қысып отырыпты. Ең соңында, туатын жылы тоғыз күн толғатып, дүниеге үш күн, үш түн қараңғылық түсіпті, қалың қара жаңбыр, сұрапыл қара дауыл соғып, біреуді-біреу көре алмай, ел-жұрты қатты қорқынышқа ұшырапты. Сол қараңғылық қорқынышта туғандықтан атын «Қорқыт» қойыпты. Сол аңыз бойынша, Қорқыт ана­сының құрсағынан туарда қатты қиналып, «Көр-қаптан туғандай» қатты қысылыпты. Махмұд Қашқаридың анықтауынша, «қап» ананың жатыры. Егер бала сол жатырмен бірге туса, ол құтты ырым деп саналады екен. Оны «қаблығ-қап жамылған» қаппен қоршалған ұл деп атайды. Қорқыт туарда Қара-тауды те­гісі­мен қараңғылык басып тұрды, сол тұман басқан тауды «Қараспан» деп атады, ол Қаратаудың бір мегзеуі. Қорқыттың әфсаналарында, оғызнамеде сәуегей Қорқыттың туысы бүтіндей өзгеше: оның анасы Құба диюдің қызы еді, ерекше туған еді. Қазақ аңызында Қорқыт көр-қаптан шыққан перінің қызынан туыпты, кейде көр-қаптан шыққан дәуден, не аққудан туған дейді. Бұның барлығы данышпан Қорқытты легендаға айналдырып, оның тегін керемет иесі деп, өзін киелі, сәуегей, қадірлі етіп көрсетуден шыққан. «Оғызнаме» бойынша, ол алдағыны болжай білетін, игілік пен зұлымдықты жарқын ашатын, өзі әділ, өзі жарқын жүзді кісі болған. Ананың құрсағынан шығысымен Қорқыт тілі шығып сөйлей туыпты. Қорқыт Сыр суына жақын Қаратаудың бір қойнауында туған екен. Ол тауға Қарашық деп, Қараспан деп ат қойыпты. Ол туралы ел аузында тағы мынадай бір жыр бар: Қорқыт туар кезінде Қараспанды су алған, Қара жерді құл алған. Ол туарда ел қорқып, Туған соң әбден қуанған. Бұл сөз өткен дәуірлерде атақты қо-бызшылар мен бақсы-жыраулардың қобызға қосып айтатын сарындарының бастамасы болған. Демек, Қараспан тауының олай деп ата­луы Қорқыт туарда ол жерді қараңғылық басып, ел қатты қорқынышта болғандықтан туған еді дейді халық аңызында. Дегенмен халық аңыздары дәріптейтін Қорқыттың бұл туысы халық эпосында жолығатын алыптардың, не жауынгер ерлердің (Манас, Едіге, Ерсайын) туысына өте ұқсас, солармен үндес түрде айтылғаны байқалады. Халық мифінде жеңілмейтін жалғыз көзді дәуді (Төбекез) жер астындағы үңгірде туғызып, не көрқаптан шығарса, Қорқытты да көрде туғызып, не көр-қаптан шығарады. Кей аңызда қу терісін жамылған перінің қызынан тудырады, не аққудың өзінен туғызады. Қорқытты Құба диюдің қызынан туғызу аталар сөзінде де айтылады. Алыптарды көрде, көр-қапта туғызу исламнан бұрынғы салт-сана түрін аңғартады. Екінші — аққуды қазақтар «киелі құс» деп танып, оны исламнан бұрынғы аспанға, тәңірге табынудан шыққан деп нанған. Бұл наным қазақтарда XIX ғасырдың соңына дейін сақталып келген. Қазақтардың ақ­қуды «киелі» деп атауы ескі бақсылардың ылғи аққу терісін киіп, мұны ашық көрсетуінен. Аққу терісін киген бақсының біреуін өткен ғасырдың ішінде Шоқан суретке түсіріп, енді біреуін суретші П.Қошаров түсірген. Жойқын алыптарды үңгірде, көрде туғызу – салт-сананың ең ескі түрінің бірі. Өйткені, үңгір — адам баласының ежелгі тұрағы. Оның өсіп-өніп, бірінші із қалдырған жері. Ондай ежелгі орындар заман өткен соң, кейінгі ұрпаққа ата-бабаның ежелгі қонысы, олардың қаңқасы жатқан ұйық жер болып саналған. Үңгірді қасиеттеу, үңгірдегі ата-бабалардың сүлдесіне бас ию ежелгі түркі тайпаларының байырғы ісі болған. Бергі заманда жаратылыстағы ғажайып көрі­ніс­терді қадірлеу, асқар тау, қия тас, жер-суды қасиеттеу оғыз бен қыпшақтарда ерекше орын алды. Салт-сананың бұл түрін қазақтар сол ежелгі қалпында сақтап келді. Исламнан бұрынғы осы тәрізді нанымдар бойынша үңгірде, көрде туған алыптар жаратылыстан тыс жойқын күштің иесі, жеңілуді, қорқуды білмейтін алып ер деп нанған. Сондықтан оларға Көртегін, Көр­ұғы­лы, Көр-қап деп ат беретін болған. Қазақтардың Қорқытты көр-қаптан туғызуы да осы нанымға тіреледі. Бұл нанымның қазақ даласында күшті болуы сонша, XVIII ғасырдағы қазақ ханы Абылай өзінің батырларын корықпайтын, ержүрек қып үйрету үшін, оларды жапан түздегі ескі молада жалғыз қалдырып, түнетіп отырған. Және молаға жіберетін жас батырдың қорқу-қорықпауын сынау үшін, атақты батырлардың біреуіне кебін кидіріп, күні бұрын көрдің ішіне жатқызып қояды екен. Жас батыр жапан түзде қараңғы молаға келгенде, көрде кебін киіп жатқан батыр ақырып, оның алдынан шыға келеді. Егер екеуі де шын батыр болса, бірінен-бірі қорықпай айқаса түседі. Батырды осылай көрге жатқызып сынау — халық жырында жиі кездесетін түбегейлі аялғының бірі. Оның ашық мысалын түрікмен мен қазақтар жырлайтын «Көрұғлы» жырынан да көруге болады. Кейбір ғалымдардың Көрұғлыны көр­­де туғызу бергі кезде туған жаңа сюжет деуіне қосылуға болмайды. Өйткені алып ерлерді көрде туғызу бергі кезде шыққан наным емес, ол исламнан көп бұрын болған салт-сананың түрі. Көртегін, Көрұғлы, Көрқап деп атау Орхон жазулары кезінде, кейде онан бұрынырақта шыға бастаған ұғым. Қорқытты көрден, көрқаптан туғызу — сол исламнан бұрынғы нанымның бір бейнесі. Қазақ халқының Қорқытты ерекше қадірлеу себебін ашуға өткен ғасырда Шоқан Уәлиханов пен В.В.Бартольд аса көңіл аударған еді. Бартольд пен В.М.Жир­мунский «бұл қадірлеуді қазақтар қыпшақтар арқылы оғыздардан мирас етті» дейді. Бұл — дұрыс айтқан пікір. Бірақ аяулы ғалымдар қазақтың көбінесе қыпшақтан тарағанына ерекше мән беріп, олардың құрамында оғыз тайпаларының да сілемі бар екенін еске алмаған. Олардың ойлауынша ХІ-ХІІ ғасырларда оғыздар Сыр бойынан бүтіндей босып кетіп, олардың тарихи мекенінде өздерінен ешбір ұрпақ қалмаған. Бірақ тарих бетіне жүгініп көрсек, мәселе одан гөрі басқарақ. Оғыздар Сыр бойынан тегіс жөнкіліп кетпеген. Олардың егіншілері, жатақтары, кейбір тайпалары, Жамал Қаршидың жазуынша, моңғол дәуі­рінің өзінде Сыр бойын қоныстап отырған. Олар ғасырлар бойы осы араны мекендеп, бері келе олардың кейбір тайпалары (кете, кердері, адай, абдал) қазақ қауымын құрысуға қа­тысады. Бұған ашық мысал, Қорқыт Кө­рұғлы, Жиренше шешен, Алдар көсе сияқты оғыз-қыпшақ заманында шығып, Сыр бойына көп тараған аңыздардың қазақ халқының ортасында әдемі, терең, ғасырлар бойы сақталып келуі ұлы дәлел. Оғыз бен қыпшақтардың қазақ халқының мәдени, рухани тіршілігіне негіз болған мұралары да орасан көп және ол мұраны сипаттайтын белгілер қазақ жерінде аз жолықпайды. Оны ең алдымен суреттейтін жойқын түрде сақталған ежелгі оғыз-қыпшақ тайпаларының аттары, бұлардың атымен байланысты географиялық топонимдер, сол заманнан келе жаткан тарихи дәстүрлер, аңыз хикаялар. Оғыз дәуірін ашық көрсететін белгілердің аса жарқын түрі Сырдария бойындағы ескі қалалар, күмбездер, мұнаралар, кешендер не олардың қирап жатқан орындары. Ондай жәдігерлер Торғай, Жыланшық, Кенгір, Сарысу бойларында да аз жолықпайды. Өйткені оғыздар бір заманда (YІІІ-Х ғасырлар арасында) Сырдария мен Торғай өлкесінің арасында көшіп жүрген ел болғандықтан, олардан қалған жәдігерлер бұл өлкенің әрбір түкпірінде кездесіп отырады. Сырдария жағасында болған оғыздардың ең атақты қалалары: Янги-Кент (Жанкент), Жент, Узкент (Өгізкент), Бар­шын-кент (Қыз қала), Сүткент, Отырар, Сауран тағы басқалар. Оғыздармен қатар Сырдария бойында қыпшақ тайпаларының байтақ астанасы болған Сығанақ, Сауран, Түркістан қалалары және олардың көп қыстақтары тұрған. Мұны Макдиси Истархи солай деп ашық айтқан. Тарихтың көрсетуі бойынша, ең көркем каланың бірі. Баршынкент оны XIX ғасырдың ортасына дейін қазақтар «Қыз қала» деп келген. Баршын сұлудың қаласы деген сөз. Бұл қаланың атақты болуына себеп болған екі кісі деп жазу қате айтылған. Біреуі — Алпамыс батырдың жұ­байы Баршын-сұлу (Гүлбаршын), екінші — ХШ ғасырдың орта кезінде осы қалада жасаған атақты ғалым, әрі ақын Хисамеддин Баршынлығи. Ол өзінің тамаша шығармаларын үш тілде (түрік, араб, парсы) тілдерінде жазып, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған кісі. Қорқыт пен Әбу Насыр әл-Фарабидің соңын ала Сыр бойынан шыққан даналардың бірі. Бір жағынан бұл Алмалықтан шыққан атақты ғалым Жамал Қаршидың досы. 1270 жылы Жамал Карши Жетісудан Сыр бойына келіп, Баршынкентті көру үшін, мұнда көп уақыт Хисамеддиның үйінде қонақ болып жатады. Сол кездің өзінде Сыр бойын мекендейтін оғыз ауылдарын көріп, олардың коныстап отырған жері Баршынкент пен Жент қаласының арасы екенін анықтайды. Оғыз тайпасына мұра болған қалалардың әлеуметтік, тарихи, мәдени маңызына тоқталып, оларды Баласағұн, Алмалық, Қашғар, Самарқанд, Ташкент қалаларымен салыстырады. Қалалармен қатар оғыз-кыпшақ дәуірінен келе жатқан түбегейлі мұраның бірі, жоғарыда айтқандай сәулетті күмбездер, кешендер, мұнаралар, сұпылар. Бұл қалыптас мұралар Сырдарияның жағасында не оған құятын өзге өзендер бойында орасан көп. Оны Қаңқа-баба, Сарман-ата, Қорқыт-ата, Қармақшы-ата, Қайып-ата, Арыс­лан-ата, тағы солар сияқты толып жатқан көп күмбездерден көруге болады. Егер атақты ойшы, ғалым, ақын, музыкант Әбу-Насыр әл-Фараби өзінің туып-өскен жері Сырдарияның жағасында қойылған болса, оның күмбезі де солармен қатар тұрған болар еді, және ол туралы ғасырлар бойы Қорқыт күмбезіне арналғандай талай қызықты хикаялар, аңыздар, әфсаналар туған болар еді. Бұл күмбездердің көпшілігі Қорқыт заманымен орайлас, ислам дінінің Орта Азия өлкесіне тарай бастаған кезінде жасалған жәдігерлер. Ол күмбездерде жатқан кісілердің әрбірі не оғыз, не қыпшақ, не қаңлы тайпаларынан шыққан атақты адамдар. Сондықтан олар туралы айтылатын хикаялар, аңыздар қазақ халқының ортасында осы күнге дейін аз жолықпайды. Олардың кейбірі (Қорасан-ата, Арыслан-баба) ежелгі тайпаларды ислам дініне үгіттеумен шұғылданған феодалдық жаңа салт-сананың өкілдері. Бұл туралы Қожа Ахмет Яссауи: Сайрамда бар сансыз бап, Түркістанда түмен бап, Бабалар бабы Арыслан-бап, — деп бекер айтпаған. «Бап» (баба), «ата», «әулие» деп ол кезде бұрынғы «тәңірі» дінін тастап, не онымен қатар ислам дінін жақтамаған абыздарды айтқан. ІХ-Х ғасырларда ондай баптар, аталар, көбінесе Қыпшақтардан, Қаңлылардан, Қарахан тұқымынан, қарлықтардан, не оғыз-селжүктерден көбірек шыққан. Арқаны, Сыр бойын қоныстаған қыпшақтар XII ғасырға дейін исламға онша бой ұрмаған, екі жүз жыл бойы оған қатты қарсылық көрсетіп келген. Қазақ аңыздары бойынша Қорқыттың өзі де өле-өлгенше ислам дініне бас имеген, оның ережелеріне бар болмысымен қарсылық көрсетіп, бұрынғыша аспандағы тәңіріні, аталар рухын қадірлеуді артық көрген. Сондықтан бар өмірін ол Әзірейілмен алысумен өткізеді. Қорқыт заманында тұрғызған күмбездерде ислам дінінің әсері бүтіндей жоқ. Олардың сыртқы түрі тұтасымен жазғы киіз үйге ұқсайды. Қазақстан оларды осы күнге дейін «дің», «үй тас» деп атайды. «Дің» деп аталатын сәулет құрылысы түрікмен жерінде де бар. Бұлардың барлығы оғыз-қыпшақ дәуіріндегі атақты әскер басшылардың кешені, не сұлу әйелдердің мұнарасы екені байқалады. Әдемі қалақ тастан жасаған сондай сәулетті жәдігердің бірі Кенгір өзенінің бойында тұратын Домбауыл, біреуі Торғай өзенінің жағасында тұратын, «Теке дыңы», «Бақсы мола», үшін­ші біреуі Тобыл өзені жағасындағы «Көк ұйық», тағы басқалар. Қорқыт заманы әдемі көрсететін белгілердің бір тобы сол кездегі атақты әйелдерге арнап салған кешендер, күмбездер, мұнаралар. Ондай кешендердің ең сәулетті көркемі Сырдария жағасындағы Көк-кесене, Бикем-мұнара, Сарысу бойындағы Белең-ана, Болған ана, Жұмбан ана, тағы басқалар. Абылғазының айтуы бойынша, оғыз заманында даңқты болған кісінің бірі Баршын-сұлу Қармыш кызы, Манышбектің жұбайы. Оғыз елін басқарған атақты жеті қыздың бірі. Қабыры Сыр суының жағасында, оны халық «Баршынның көк кешені» дейді. Демек, Баршын сұлудың аты әрі қала атында (Баршьн-кент), әрі сәулетті кешен түрінде сақталған. Кешен, кешене, Кесене қазақ ортасында қолданған сәулет өнерінің бір түрі. Ерте заманда биік жерге (су жағасында), жеке салған күмбездердің барлығы кешен, кесене деп аталған. Бұл сөз XVI ғасырдан орыс әдебиетіне де белгілі болады. «Большой чертеж» кітабында жолығатын «кешен» сөзіне Г.И.Спаский былай деп түсінік береді: «Кешен — түрік сөзі, өлген адамның қабырының үстіне тұрғызатын жәдігер. Оны не тастан, не кірпіштен, не ағаштан ерекше етіп жасайды. Бұл бейіт-горстан емес. Алыстан көз тартатын сәулетті етіп салынған күмбездің бір түрі. Қорқытты асқан ойшы, сәуегей кісі деп бас ию оғыз-қыпшақ заманының өзінен басталды. Оған зор мәдени үлгі болған әсіресе Қорқыттың атақты пантеоны, күмбезі, халық оны ғасырлар бойы қадірлеп, бұл атақты жыраудың, асқан күй­шінің, ақылгөй данышпан кісінің тұрағы деп басына мыңдаған жыл шырақ жағып келді. Қорқыттың күмбезін қазақтар дайым «Қорқыттың күй тартатын жері, оның қобызы тұрған жер» деп басына күзетші, шырақ жағушы қойып жүрді. Қорқыттың күмбезі, ерте заманнан келе жатқан үлкен пантеон (Қорым ұйық жер), халық аузында әулие-бабалардың қорымы деп аталады. Бұл қорым қазіргі теміржол бойындағы Қорқыт станциясынан оңтүстікке қарай бес шақырым жерде, Сыр суының оң жағасында тұрады. Қорқыттың күмбезі ерте заманда салынғандықтан осы үлкен қорымның оңтүстік шетін ала, жарға таяу жағында болған. Жалпы айтқанда Қорқытпен оның замандастарының қабыры ту баста жарға таяу жағында орналасып, кейінгі заманда жасалған қорым солтүстік беттегі белеске қарай өсетін болады. Қорқыттың күмбезі дың салу үлгісінен асты төрт бұрышты, үсті шомақ күйдірген кірпіштен құрылған. Қазақ аңыздары бойынша, Қорқыттың күмбезімен қатар, оның су жақ іргесінде Қорқыттың қарындасының күмбезі болған. Сырдарияның тасқын суы ең алдымен осы күмбезді бұзады. Су күмбездің қабырғасын бұзып, қабірге таянғанда қазақтар Қорқыттың қарындасын алып, енді алысырақ басқа жерге апарып қояды. Қорқыттың өз күмбезін Сырдарияның тасқын суы XIX ғасырдың соңынан бастап бұза бастайды. Бірақ күмбездің қабырғасы өте қалың, өзі күйдірген кірпіштен өрілген берік болғандықтан ол жарты ғасыр бойы тасқын суға болмай, бой бермей, қарсы күш көрсетіп тұрады. Күмбездің су жағы 1925 жылдан опырыла бастайды. 1952 жылы су жақ қабырғасы тұтасымен қопарылып суға кетеді. Содан күмбез бірте-бірте шайылып бітуге айналады. Бүгінде оның тек арқа жақ қабырғасы ғана қалған. Қорқыттың тарихи күмбезінің түрін, оның кірпіштерінің формасын бүгінге дейін сақтап тұрған тек осы қабырғасы. Кірпіштің түрі ең ескі дәуірде жасалған үлкен квадрат формадағы кірпіш. Қорқыттың күмбезін су шая бастаған соң, қазақ қарттары одан зор қауіптеніп, Қорқыттың сүйегін бұзылған жерінен алып, оны судан алысырақ басқа жерге апарып қояды. (Қалжан Қоңыратбаев). Жергілікті адамдардың ойы енді сол арадан Қорқытқа жаңадан белгі орнатуды талап етеді. Сыр қазақтарының айтуы бойынша, Қорқыттың күмбезінің ішіндегі сағана тамы (қабірі) өзгеден бір метрдей ұзын болған. Осыған сүйеніп, олар Қорқыт бойшаң, ұзын кісі болған деп ұйғарады. Қорқыт күмбезін ең алғаш фотоға түсіру 1862 жылы болған еді. Сирек жолығатын бұл фото бүгінде тек Кауфман жинағында ғана сақталып тұр. Қорқыттың күмбезі бойындағы «Бақсы мола» не Кеңгір бойындағы Домбауыл сияқты исламнан бұрынғы сәулет өнерінің үлгі­сі­мен салынған (ҮІ-YІІІ ғасыр). Оларда пор­тал, пыштақ деген бүтіндей жоқ. Олардың қабырғасы мейлінше қалың (2 метрге жуық) төрт бұрышты, не сегіз қырлы үй. Оның үстіне киіз үйдің формасына ұқсаған күмбез орнатқан. Мұндай сәулет үлгілері Қазақстан жерінде өте жиі кездеседі. Оларды жоғарыда айтқан дің, діңгек, үй тастан, не «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Домбауыл», «Бақсы мола», Торғайдағы «Текенің дыңы» «Көк Ұйық» тәрізді жәдігерлерден көруге болады. Олардың бә­рі­нің негізі «дың», «үйтас» үлгісінен құралған. Олардың бір ерекшелігі, күмбез шығару әдісі Орта Азияда, Иранда, Араб жерінде қолданған әдістерден бүтіндей басқа. Күмбез шығару әдісі мұнда «жалған еңсе» (ложный свод) тәсілімен орындалған. Осындай жалған еңсе тәсілімен тұрғызған құрылыстың бірі жоғарыда көрсеткен «Бақсы мола». Сыртқы жағы күйдірген кірпіш, ішкі жағы жәй кірпіш. Оны Қорқыт күмбезінің бір түрі деуге болады. Оның да қабырғасының қалыңдығы бір жарым-екі метрдей. Қабырғаны былай қалың жасау — «жалған еңсе» тәсілінің күмбез шығару үшін зор құдыреті болғанын көрсетеді. «Бақсы моланың» бір ғажайып жері, оның ішін қазғанда одан ерте заманда тігінен тұрғызып ағаштан жасалған мү­сін бейне табылған. Бірақ өкінішті жері, мүсіннің жер үстінде тұрған басы өрттен жанып кетіп, оның тек жерге қадаған бө­лігі ғана сақталған. Мүсін ағаштан жұ­мырланып жасаған төрт қырлы кеспелтек тақта. Оның биіктігі әуелде бір жарым, екі метрге таяу болуы керек, жерге қадаған бөлігі жарты метр шамасында. Онда жазу болды ма, жоқ па, оны айту қиын. Болса ол тақтамен бірге ерте кезде жанып кеткен болу керек. Ибн-Фадланның айтуынша, өлген адамның басына ағаш мүсін қадау оғыз тайпаларына тән болған жора. Оғыздардың нанымы бойынша, ағаш бәдіз өлген адамның рухының мәңгілік қорғаушысы деп саналған. Қорқыттың Сыр бойында тұрған күмбезін өткен ғасырдың екінші жарымында бірнеше ғалымдар барып көрген. Оны бірінші рет көрген А.Грен. Оның легендасын әдемі жазып алған В.В.Велья­­минов-Зернов, Л.Мейер, П.И.Лерх.  Олардың соңын ала, әдейі іздеп барып көрген ғалымдар И.В.Аничков, Ә.Диваев, И.А.Кас­танье, П.С.Спиридонов тағы басқалар. Бұл айтқан ғалымдар өзінің бақылауында Қорқыттың күмбезімен қатар, оның халық аузында айтылатын аңыздарына, оның кім болғанына көбірек ой бөлген. Қорқыттың күмбезі туралы толығырақ жазған Ә.Диваев. Бұл кісі Қорқыт күмбезін зерттеуге екі рет (1896-1898) барып, ол туралы бірталай мәлімет жинап үлгерді. Ол туралы тарихи легенданы зерттеуші сол кездегі атақты қария Оспан Қасимовтен жазып алады. Ә.Диваев барып жүрген кезде Қорқыттың күмбезінің іргесі еш бұзылмаған. Оның тарихи замандағы түрі жақсы сақталып, онда шырақшылар тұратын болған, оны қасиеттейтін. Сырдария бойындағы атақты күмбездерде шырақшы тұру дәстүрі ерте заманнан келе жатқан мәдени тір­ші­ліктің бір түрі. Бұл дәстүр біздің заманымыздың отызыншы жылдарына дейін берік сақталып, кейінірек ұмытыла бастады. Дегенмен, Қорқыт туралы, кешендер туралы Сырдария бойында жасалған қалалар, күмбездер, кешендер туралы айтылатын қария сөз, аңыздар қазақ халқының ортасында осы күнге дейін орасан көп. Ондай аңыздардың кейбірі өткен ғасырдың соңғы кездерінде сол кездегі орыс газеттерінде, не журналдарында жарық көріп отырды. Оны Жаңғыз қала, Қыз қала, Жанкент, Суғанақ ата, Қорасан ата тәрізді, көпке мәлім болған аңыздардан ашық көруге болады. Ондай тарихи аңыздардың аса бағалы түрін тобымен жинаған әсіресе Ә.Диваев. Оларды бүгінге дейін ұмытпай әдемі айтушы қариялар Жақып ата, Алқуат Қайнарбаев, Кете Ұс­бұлтан, Сақы Құрманбаев, Орынбай Доста­нов тағы басқалар. Бұлардың барлығы Сыр бойында туып-өскен, сондықтан оның шежіресін, хикаяларын бала күнінен білетін кәріқұлақ адамдар. Қорқытпен қосақталып айтылатын тарихи хикаяның ең бір бағалысы, әсіресе, Жанкент қаласы туралы аңыздар. Сол аңыз бойынша бұл қаланы көп замана билеген кісінің бірі — елге үгіт-насихат ай­тушы, өзі жүзден асқан ойшы қарт болады. Абылғазының түрікмен шежіресінде оғыз елі әр уақыт Жанкент қаласында жиналып, қайы халқынан Инал Яуиды хан көтеріп, оған Қорқыт атаны уәзір етеді. Ол кісінің айтуынша, оғыз еліне жүздеген жыл астана болып келген, Сыр суының аяғында тұратын ұлы мұра Жанкент қаласы еді. Оғыздар осы жерді ерте заманнан байырғы етіп, патшалары Жанкент қаласында отырып, Жанкент солардың астанасы болды. ІХ-Х ғасырда жазған араб географы Ибн-Рустенің баяндауынша, Жанкент (арабша — Шахристан) оғыз­дардың ел басқарушылары отыратын үлкен астана қала деп сипаттайды. Жанкент туралы айтылатын қазақ аңыздарында бұл қаланы мекендеген елдің жойылып кетуін, оның күйреп-бітуін қалаға ордалы жылан қаптап кетуімен деп қауесет етеді. Қаланы даңқты адамдары Қорқыт ата, Сарман Құси, Санжар сұлтан, оның жұбайы Бикем, олардың ата-аналары тегісімен жыланның шағуынан өледі. Жанкент патшалығын сақтау үшін Сыр бойына қара дауыл соқтырып, Қорқыттың күшті рухы түрінде қара бура келеді.   Сырдың төменгі жағындағы қазақтар 1867 жылы саяхатшы орыс суретшісі В.Ве­рещагин бір қариядан мынадай жазып алған: «Казахи рассказывали предание о существовании здесь когда-то большого города и говорили, что здесь были постройки, и по преданию сьеденного змеями. Здесь жили государи окрестных земель. Один из них женился на дочери соседнего царя (печенега), но за неверность лишил ее жизни. Тесть, был колдун (бақсы), не будучи в состоянии ответить за дочь насадил на город змей, пожравших царя и всех его подданных». Бұл қазақ халқының есінде әдемі легенда болып сақталған «Қорқыт кітабы» мен «Оғыз намеде» айтылатын Қазанбектің ордасын бешенелер қиратқан оқиғасын суреттейтін бір қызық хикая. Жанкент қаласы артық бұзылмай тұрған кезінде оны бірінші рет қазып зерттеген ғалым И.И.Лерх (1867). Ол кісінің көрсетуінше, ол кезде қаланың ескі қабырғалары, кейбір архитектурасы, көшелерінің ізі әлі жоғала қоймаған. Сыртынан қарағанда Жанкент қаласының түрі үлкен жойқын төбе сияқты, бұзылған үлкен ескі қаланың орны. Оның планы төрт бұрышты, жан-жағы тұтасымен кірпіштен тұрғызған биік қамалымен қоршалған. Қамал қабырғасының қалыңдығы 6 метрдей. Ең жақсы сақталғаны оңтүстік қабырғасы. Онда қатар-қатар тізбектелген бірнеше биік мұнаралар, оқ ататын тесік көздер сақталған. Ең биік мұнара оңтүстік батысында көкке созылып тұр. Қаланың ортасында төбесін биікке созып көтерген, жан-жағын қоршаған ескі сарайдың орны. Онда ел басқарушылары тұрған. Оның алдыңғы кірісінің алты бұрышты өзі биік терракотамен әдемілеп мұнарамен суреттеген. Қаланың жан-жағында фортификация әдісімен салған үлкен көркем қақпалардың қалдығы, жау келсе қорғайтын мұнаралар. Қамалдың биік басына көтерілгенде, оның ортасында әлі сақталып келген үйдің қабырғалары, көшелердің ізі ашық көрініп жатады. Ортадағы сарайдың ішінде өткен замандарда әдемі бақша, су ағызып келтіретін қауза болған. Үйлердің орындары, қабырғасын аршып көргенде, одан көптеген архитектура үлгісі, қабырғаға түсірген суреттер, күйдірген кірпіштер, көк қызғылт шыны (глазурь) мен жапқан көзе тақталар, терракоталар, ағашпен жасалған өрнектер, , көзе сынықтары, араб жазуымен әшекейленген сауыттар, тағы сол сияқты өнер түрі. Үйлердің қабырғасын бірнеше рет әдемілеп сылаған, кейбірін терракотамен, ғанышпен әшекейленген, кейбір үйдің күмбездерін жоғары еңсесін көтеріп әшекейленген. Қазумен табылған өзгеше нәрсенің бі­рі – сол ескі дәуірлерде әдемі дүние жасайтын шеберхананың орны. Оны қазғанда ішінен кірпіш күйдіретін, көзе сауыт күйдіретін, әдемі глазурьмен жасайтын шеберхана орындары сақталған. Олардың барлығында сол кезде істеген жұмыстардың қалдығы сонша көп табылған. Соның бірі араб харпімен жазылған кірпіш. Шеберханада табылған қызық нәрсенің бірі глазурь қорытатын пештің қалдығы, оның үстінде шойын қазан сақталған, оның іші қатып қалған глазурьдің ізі. Көбірек кездесетіні – көк, көк-жасыл, қызғылт, сарғылт, ақ. Глазурь жасау жағынан ескі Жанкент астанасы соның бір орталығы. Ең әдемі өрнек глазурьмен өңдеп арасына сурет түсірген көзе сауыттар, ыдыстар орасан көп табылған. Олардың бірталайы ХІІ-ХІV ғғ. Алтын орда заманына жатады. Жанкентте мыстан, күмістен жасаған XIII-XIV ғғ. монеті де табылған. Бірақ өкінішті жері бұл қаланы бүтіндей құрытқан. Совет дәуірінде Жанкентті толық зерттеп, одан осы сияқты көп нәрселер тапқан ғалым С.П.Толстов. Қорқыт кітабында және «Оғызнамеде» көп айтылатын Қаратаудағы ескі орданың бірі – Қарашық (Қараспан). Ол Қаратаудың оңтүстік беткейінде, Қарнақ қаласына жақын жерде болған. Қазақ халқының эпос жырларында оны «Қырық қақпалы Қарашық» деп қадірлеп, Қаратаудың атымен ұйқастырып жырлайтын болған. Махмұт Қашқари Қарашық қаласын Отырардың (Фарабтың) бір аты деп көрсетеді. Екеуінің арасында байланыс көп болған соң айтқан болу керек. Бірақ Қарашық-Қаратаудың қадірлеп айтатын бір аты. (Қарашық, Қараспан, Қаратау). Алып Қазынбекті «Қорқыт кітабында», «Оғызнамеде», «Қарашықтың қабланы», Түркістанның тірегі деп жырлайды. «Қарашық Шопан» – ол да осы Қарашықтан. Қарашық Қазығұрт сияқты аса қадірлейтін, ішкі оғыздардың қызықтаған жұрты. Абылғазы айтқан ғой: «Оғыздардың күншығысы – Ыстықкөл, Алмалық, Шу, Талас өзендері, орталығы – Сайрам, Қазығұрт, Қарашық тауы, Темір қазығы (солтүстігі) - Ұлытау, Кішітау, Мыстың кені (Жезқазған), күнбатысы – Сыр суының аяғы, Жаңакент, Қарақұм. Оған қоса Қазығұртты қадірлеп айт­қан жерінде – Қазығұрт тауындағы Үң­гір­тасты әдемілеп көтерген Салар Қазан еді. Атақты Қарашық қаласының орны бүгінде Түркістан қаласынан сәл төменірек, Қарнақ қаласынан таяу жерде, Қарашық тауының (Қаратаудың) оңтүстігінде тұрады. Қазіргі археологиялық картада ол ұлы Қорымды Қарашық – 1, Қарашық – 2 деп атайды. Қорқыттың күмбезімен байланысты, оның маңайында, одан жоғары Сыр бойында көп тамаша қалалар болған. Олардың ішінде тарихтың әдемілеп суреттегені үлкен байтақ қалалар Женд, Баршын-кент, Сығанақ, Орда-кент, Түркістан, Отырар, Сүткент, Қарнақ, Сайрам, Талас, Шу, тағы толып жатқан өзге көп қалалар үйіндісі. Оғыз-қыпшақтармен, Қорқыт ойшымен көп байланысты болған ірі қаланың бірі – Женд. Х ғасырдағы араб географтарының жазуы бойынша, Женд оғыз-қыпшақ елін басқарушылар тұратын үлкен, астана қала. Оның базары сондай үлкен, әр жердің саудагерлері толып жүреді. Якуттың келіп жазуынша, Женд Түркістанда тұратын түркі тайпаларының ең үлкен қаласының бірі. Женд қаласының жойқын төбесі бүгінде Сырдарияның сол жақ бетінде, Қызылорда қаласының оңтүстік батысында, Жаңадария өзенінің бойында тұрады. Ол туралы қазақ халқы айтатын қария сөздер орасан көп. Сырдарияның төменгі жағында болған оғыз елінің атақты бір қаласы – Баршынкент. Оны ХІІІ ғасырда жақсылап суреттеп, ғалымдарын, ақын-жырауларын, кемеңгер адамдарын айтып қалдырған Жамал Қаршы. Бұл қаланың бір ой тартатын бір қасиеті – мұнда үш тілде әдемі сөйлеп, тілдердің ерекшелігін жарқын білген қыпшақ елінің бір асқан жырауы тұрған. Оның аты Хисамеддин Хамид. Есімі Баршынлығи. 1273 жылы оның үйіне қонақ болып, Жетісуда Баласағұн, Алмалықта туып-өскен атақты ғалым Жамал Қарши келіп, көп уақыт онымен сырласып, әдебиет, тарих, мәдениет туралы, Сыр бойындағы көп қалалар туралы онымен мәжілісте болады. Есім Барчынлығидың Жамалға әдемілеп айтқаны – өзінің әдебиетпен, тарихпен, ой-санамен көп заманнан бері шұғылданып жүргені. Соны жарқын түрде сипаттап, үш тілде жазатынын қызық көріп суреттеген. Оның айтуынша, араб тілінде жазсаң – өте көркемдікті білдіреді (фасиха), Иран тілінде жазсаң – ойға батасың (малиха), тү­рік тілінде жазсаң – шындыққа мүлгисің (сахиха). ХІІІ ғасырда мұндай жарқын ой­лар айтқан әрі ғалым, әрі ақын, әрі ой­шы Баршынлығи Жамалға үлкен әсер еткен. Бұл екеуі қыпшақ мемлекетінің (Алтын Орда) өскен мәдениетін, әдебиетін, данышпан адамдарын еске түсіріп, қызық көреді. Жамал Қарши көрікті Баршынкент қаласын, Алтын Ордаға астана болған әдемі Женд қаласын келістіре жазып алады. Баршынкенттің екінші таңсық жері, ол қаланы оғыз елін басқарған жеті данышпан қыздың бірі – Баршын-сұлуға арнап салған. Қазақтар ол қаланы бергі кезге дейін «Қыш-қала» деп келді. Демек, қызға арнап салды дегенді меңзейді. Әдебиетте айтылатын «Қыз-қала» кейбір ғалымдардың шығарған ойы дұрыстыққа келмейді. Оның қате айтылғанын В.И.Жирмунский жақсылап көрсеткен. Баршынкент (Қыз-қала) қаласының орны Сырдарияның сол жақ бетінде, Қызылорда қаласына қарсы тұрады. Ғасырлар бойы қыпшақ ұлысына астана, мәдениет орталығы болған, сауда базары үлкен, кең байтақ қаланың бірі – Сығнақ. Бұл қаланы бірінші рет тарихқа белгілі еткен – Х ғасырдағы араб географы Әл-Макдиси. Ол ғалым Жетісу мен Сыр бойының қалаларын еске түсіре келіп, өзінің атақты кітабында «Тараз», Суғнақ (Сығнақ) деп жазады. ХІ ғасырда Сығнақты еске түсірген – Махмұд Қашқари. Сол заманнан бері қарай ХVғ. дейін Сығнақ қыпшақ ұлысының астанасы болып келді. ХІІ ғасырдан бастап ислам дінін қабыл ет­ті. Араб жазушыларының айтуынша, Сығ­нақ қаласында тұрған бір ғана қыпшақ пен қаңлылар, олардың бірінен-бірін айырып болмайды. Сығнақ солардың астанасы. ХІV ғасырда Сығнақ қаласында Деш­ті-қыпшақ (Алтын Орда) ұлысының ақша-монеттері басылып тұрды. Орта ғасырдағы Сығнақ қаласының саяси тіршілігін, мәдениетін, ұлан байтақ базарын, қала құрылысын, әдемі үйлерін толығырақ жазған ғалымдар Шарафуддин Иазди, Фазулла ибн Рузбихан. Бұл ғалымның баяндауынша, Сығнақ өлкесі қыр даланың іргесінде әдемілеп салынған бір жер. Ескі дәуірлерде ол өте гүлденіп тұрған үлкен қаланың бірі болған. Бұл өлке тұтасынан көркейіп тұрған бір өзгеше құрылыс. Оған себеп болған жерінің байлығы, елінің сыпайы, тату-тәтті тұруы. Бұл қала Дешті-қыпшақтың шығар аузында. Оның ерекшелігі қаласының байтақ шалқып жатқан бейнесі, елінің әр уақыт жақсы мінез болуында. Сәулетті етіп салған бұл қаланың тұрғындары сондайлық көп, өздері әр уақыт қуанышта жүреді. Қаланың базарында күн сайын 500 түйе артылған нәрселер кеш болғанша сатылып бітеді. Оның маңайы егін суару үшін жасалған, топталған арық тоған. Бұл қалаға Аркадан (Дешті-Қыпшақ), Хажы-Тарханжағынан қаншама бай дүние келеді, олардың ішінде мыңдаған қой, топталған жылқы, түйе, кістен, тиыннан жасалған әдемі ішіктер, тондар, қарулы садақтар, қайынның безінен жасалған жебелер, жібек маталар, тағы басқа түрлі нәрселер. Сығнақ әрі сәулетті, әрі бай жер болғандықтан, оған Еділден, Каспий теңізінен, Қашқардан, Хотаннан, Мауреннахрден қаптаған саудагерлер келіп, дештінің халқына өзінің нәрселерін сатады. Жалпы айтқанда, Сығнақ – көп елдің саудагерлері топталып, жиналып, көп жердің дүниесі келетін байтақ үлкен сауда орны. Өлеңмен Сығнақты суреттеген жеріне Рузбихан тағы былай деген: «Сығнақ әдемі, жақсы қала. Дешті-қыпшақтың іргесі, оған Дешті-қыпшақтың байлығы үсті-үстіне келіп тұрады. Бұл көп ғалымдардың тұратын жері. «Бихайа» деген кітап осынла жазылып шыққан. Оны жазушы Хасамеддин Али Сығнаки, 1407 жылы қайтыс болған. Ол кітаптың мазмұны Бұрхамеддин Маргинани шығарған заң кітабы «Кашф Зунунге» жазған талдау. Сығнақ қаласының бүгінге дейін келіп жеткен жойқын қорыны Сыр бойындағы Түмен-арық стансасының солтүстікке қарай 19 километр жерде тұрады. Оны совет дәуірінде зерттеген ғалымдар А.Ю.Якубовский, С.П.Толстов. Сығнақ қаласының шежіресі, онда жасаған кемеңгер кісілердің өмірбаяны қазақ халқының шежіресінде жиі кездесіп отырады. Сығнақтан жоғары, Сырдың оң жағында тұратын ескі оғыз-қыпшақтардың бір қаласы – Орда-кент. Хғасырдағы араб жазушыларының айтуынша онда бір тайпа елді басқаратын ел билеуші тұрады, сондықтан ол мықты қамалды «Орда-кент» деп атаған. Қаланың ішіндегі биік сарайда, сыртқа қоршалған қабырғаларда мықты қамалмен бекітіліп, оның сыртын су толтыратын арықпен қоршап қой­ған. Макдисиді аударушы бұл Сырдарияның Орда-кентін білмей, Макдисидің айтқаны Шу өзені бойында тұратын «Урдағы келеді» деп түсінген. Бірақ оның дұрыс емес­тігін Сырдария бойындағы қалалардың археологиялық картасы ашық айырып береді. Қорқыт заманымен терең байланысты ұлы қаланың бірі – Сырдарияның оң жағасында тұратын атақты Сауран қаласы. Х ғасырдағы араб географтарының суреттеуінше, Сауран ескі заманнан Оғыз бен қыпшақтардың ұлы ордасы болған әйдік қала, саясаттың, мәдениеттің, сауданың бай ұйытқысы болған жер. Оның маңайы толып тұрған қыпшақтардың қыстауы. Максдисидің жазуынша, бұл қаланы мұнаралы жеті қатар биік қамалдармен қатар-қатар қоршап бекіткен. Дешті-қыпшақпен байланысты қала, өте бай, оғыз-қыпшақтардың бас қосатын орталығы, саудагерлердің көп жиналатын жері. ХV-XVI ғасырларда Сауран – Қазақ хандығының астанасы. Мұнда олардың сарайлары, мешіттері, мектебі болған. Өндіріс істерінің, шеберханалардың орны сақталған. Сығнақ, Сауран, Женд, Жанкент әдемі кілем шығарудың, тұскиіз жасаудың, ат-сайманның, садақ-жебе жасаудың, көзе-сауыт шығарудың орта