Тәуелсіздік тарихында болмаған аламан

Тәуелсіздік тарихында болмаған аламан

Тәуелсіздік тарихында болмаған аламан
ашық дереккөзі
16 Маусым күні Тарбағатай төрінде «Тұғыры биік Тарбағатай» атты халықаралық спорт және өнер фестивалі аясында Көкпекті ауданынан бастап Ақсуат ауылына дейінгі арақашықтықта тәуелсіздік тарихында болмаған 140 шақырымдық аламан бәйге өтті. Шашасына шаң жұқтырмаған 106 сәйгүлік GPS құрылғысымен қамтылып, жарыс жолына шықты. Түні бойы жауған жауыннан езілген жарыс жолының ауырлығы талай тұлпарды тұяқтан қалдырды. 8 сағаттан асқан аламанда адамға да атқа да ауыр сын болғандығы анық. Сөреден шыққан 106 жүйріктің тек 12-сі мәреге жетті. Алматы облысы, Сарқанд ауданының тұрғыны Рүстем Досжановтың Қызжирені оқ бойы озық шығып бас бәйгені алды. Зайсанда өткен 130 шақырымдық аламанда екінші келген Қуаныштың күрең аты күміс жүлдені ешкімге бермей еншілеп кетті, үшінші орын Құдіреттің қылқұйрықтысына бұйырды. Бірінші орынға Нива, екінші орынға Лада гранта автокөліктері табысталды. 140 шақырымдық аламан бәйге алыс қашықтықта қазақы қазанаттың қарасына жылқы ілеспейтіндігін көрсетіп, қазақ жылқысы әлем алдында тағыда өз мықтылығын дәлелдеді.

Аян Алдабергенұлы