2 Мамыр 2019, 20:24 900 0 Жаңалықтар "Түркістан" газетінің авторлары

ХАЛЫҚТЫҢ ҚУАТЫ – БІРЛІКТЕ

Елорданың Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы ассамблеясының ХХVІІ сессиясы өтті.

Сессияға Қазақстанның барлық өңірінен 1300 делегат қатысты. Сонымен бірге Ресей, Түркия, Қырғыз Республикасы, Германия елдерінен келген қонақтар да бар.

«Біз бүгін мүлде жаңа тарихи кезеңде өмір сүріп отырмыз. Елдің экономикасы, қоғам өмірі, технологиялар күрделі өзгерістерге ұшырады. Біз олардың көбін қабылдап, біразын үйренудеміз. Осы өзгерістердің арасында өзгермейтін қуатты құндылық бар. Ол – қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім. Қазір ол біздің басты құндылығымызға айналған. Күнделікті өмірде біз оны байқамайтын да шығармыз, бірақ болашақта нақ осы фактор біздің бәсекелестікке төтеп бере алуымызға мүмкіндік береді»,− деді сессияны ашқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл ретте Қазақстан халқы ассамблеясының алар орны айрықша. Бұл көп ұлтты елімізде тұрып жатқан халықтың  қалауымен құрылған конституциялық орган. Бұл ұйымның беделі мен абыройы асқақ. Ассамблея егемен елімізде татулық пен бірліктің салтанат құруына етене араласып келеді. Мемлекеттің саяси жүйесінде де өз орны бар. Парламент Мәжілісінде ресми өкілдікке ие. Ассамблеяның арқасында Қазақстанда  этносаралық және конфессияаралық теңдіктің қуатты құқықтық базасы жасалды.

Елді бірлік пен татулыққа ұйыстырып отырған ассамблеяның құрылғанына келесі жылы ширек ғасыр болады. Осыны тілге тиек еткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай деді: «Халықтың береке-бірлігі патриотизмді және ортақ құндылықтарды дәріптеу арқылы нығая түседі. Біз әл-ауқатымызды арттырып, жұртымызды биік мақсаттарға жұмылдыру үшін берік негіз қалыптастырдық. Ассамблея әрдайым татулық пен тұрақтылықтың кепілі болып қала береді деп сенемін».

Сессияда сөз алғандар Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасының қиын-қыстау күндер мен сын сағаттарда елді адастырмай, сара жол салып, ұлттар мен ұлыстарды тәуелсіз мемлекетіміздің алдында тұрған асқаралы міндеттерді шешуге жұмылдыра білгенін, тақыр жерге жаңа елорда салғанын мақтанышпен айтты. Соның бірі – жазушы Смағұл Елубай. «Тәуелсіздік жылдары заманауи саясат көгіне самғап, бір жұлдыз туды. Ол – Назарбаевтың жұлдызы еді. Сол жұлдыздан жанартаудай атқылап, ұлттық пассионарлық рух оянды. Оны оятқан пассионар тұлға Назарбаев еді. Жас, жаңа Қазақстан өмірге келді. Осының арқасында қаншама мәдениет, спорт жұлдыздарымыз жанды, әлі де жанып келеді»,− деді С.Елубай.

Латын әліпбиіне бет бұру егемен еліміздегі ең ірі реформалардың бірі екенін айтқан жазушы:  «Тіл жұлдызы жанғанда ғана ел жұлдызы жанары хақ. Ел жұлдызы жансын десек, тіл жұлдызын жағайық, ағайын», – деді.

Елбасының бастамасымен ассамблея алдымен Қазақстанда құрылды. Одан кейін басқа мемлекеттер мен қалаларда да осындай ұйым құрыла бастаған. Соның бірі – Мәскеуде. Осы қаладағы ассамблеяның  жетекшісі Светлана Смирнованың сөзі жүректен шыққаны байқалып тұрды. «Мен үнемі Нұрсұлтан Назарбаевтың ассамблеяны бүкілхалықтық өкілеттіктің инновациялық моделі деп бағалаған сөзін айтып жүремін. Ол шын мәнінде біздің жас демократиямыздың табысты институтына айналды. Біздің ассамблеяны құрушылар барлық тәжірибені Қазақстан халқы ассамблеясынан алған еді. Тіпті бүгінгі күні де біздің Ассамблеямыздың сіздерден үйренері көп. Қазақстан халқы арасында өзара татулық пен келісімді сақтау үлгісі бізге ғана емес, әлемнің көптеген елдеріне үлгі болуға тұрарлық.

Түркиялық мейман,  саясаттанушы Күршад Зорлу да  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тек Қазақстанда ғана емес, түркі әлемінде де бедел-абыройы асқақ, көшбасшылық тұлғасы зор екенін айтты.

– Мен Қазақ елі туралы ең алғашқы зерттеу мақаламды 1999 жылы жаздым. Халықаралық шолушы ретінде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің еңбектерін жиырма жылдан бері зерттеп келемін. Елбасының «Рухани жаңғыру» атты мақаласы тек қазақ халқы үшін ғана емес, түркі халықтары үшін де болашаққа жол көрсеткен айқын бағдарлама. Менің жақында «Елбасы Назарбаев» атты кітабым төрт тілде жарық көреді. Бұл еңбектен әлем көшбасшылықтың жаңа қыр-сырымен қанық болады. Екі жыл бұрын Түркияда әлеуметтік желіде сауалнама жүргіздім. Қатысқандар Елбасыны бірауыздан Түркі әлемінің ең көрнекті және танымал тұлғасы деп таныды. Сізді бүгінгі күннің Білге қағаны деп біледі.

Гаукс Вальтердің ұлты неміс. Қазақстанда тұрған. Он бес жасында тарихи Отаны – Германияға көшкен. Қазір Германияға  шеттен келген неміс жастарының ұйымын басқарады. Ол да Елбасының ұлтаралық татулық пен достыққа ерекше мән беретінін баса айтты. «Жиырма үш жыл бұрын мен туған ауылым Қоңыраттан Германияға қоныс аудардым. Бүгін қайтадан Қазақстанға оралу бақыты бұйырды. Қазақстан қашанда менің Отаным болып қала бермек. Осы сәтте Елбасына Еуропадағы миллиондаған немістің атынан алғыс білдіргім келеді. 800 мыңнан аса неміс тарихи Отанына оралып, туысқандарын тапты, отбасын құрды. Алғыс айту күнін біз назардан тыс қалдырмай, қазақ халқына шын жүректен алғыс айттық. Бізді Германияда қазақстандық немістер деп атайды, ал Қазақстанда 180 мыңнан аса неміс қазақ халқының бір бөлшегіне айналып кетті.

Кезінде солақай саясаттың салдарынан жер-жаһанға қазақ халқы да тарыдай шашырап кеткені белгілі. Еліміз егемендік алғаннан кейін Елбасы оларды атажұртқа шақыра бастады. Келіп жатқандар көп. Соның бірі – Моңғолиядан  Қазақстанға 2005 жылы 17 жасында оралған Дұрвудхан Сұраған. Бүгінде ол ғылым докторы, Д.А. Қонаев атындағы сыйлықтың лауреаты, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. 2018 жылы математика саласындағы зерттеуімен халықаралық Ferran Synyer i Balaguer сыйлығын иеленген.

«Моңғолияда орта білімді сырттай аяқтадым. Қазақстанға келіп Ұлттық бірыңғай тест тапсырып, соның нәтижесінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің механика-математика факультетіне грант жеңіп алдым. Университеттен кейін «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда теориялық физика мамандығы бойынша магистратураны үздік аяқтадым. Елге келген соң конкурстан өтіп, Назарбаев Университетінің оқытушысы болдым. Бұл орындалған ғажайып арман»,− деді Д.Сұраған.

Қазақ жері ел басына күн туған зұлмат жылдары талай ұлтқа пана болғаны тарихтан белгілі. Қазақ халқы сол бір қиын-қыстау уақытта бас сауғалап келген халықты бауырына басты. Жарты нанды бөліп жеп, ашаршылық құрбандары болудан аман алып қалды. Құшағы кең, бауырмал қазақ елінің жақсылығын жыр етіп айтатындар жетерлік. Тіпті  Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қырықпышақ болып қырқысып, соғыстың шырмауында қалған елдер аз емес. Сол елдерден бас сауғалап қашқан босқындардың да көбінің пана тапқан жері – Қазақстан.

Джамалайл Элимханов бүгінде Малайзиядағы «Эмир-Ойл» кен орнының басқарма бастығы. Шешенстанда туған. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келген. «Шешенстанда соғыс басталғанда мен екі жаста едім. Соғыс – әр отбасы үшін зор ауыртпалық пен қасірет. Сол тұста біздің көпқабатты үйіміз қирап, әкемнің ағасы опат болды. Ал менің көзім көрмей, зағип болып қалдым. Мыңдаған шешендер сияқты бізге де туған жерімізді тастауға тура келді. Сонда менің ата-анам ойланбастан Қазақстанды бетке алды. Өйткені осыдан 75 жыл бұрын 1944 жылы қиын-қыстау күндері кеңпейіл қазақ халқы шешендерді панасына алған еді. Қазақ жері бізді тағы да құшақ жайып қарсы алды, өзім қазақ отбасында тәрбиелендім, осында екінші өмірім басталды. Қазақстанда жасалған мүмкіндіктің арқасында мектеп пен университетті үздік бітіріп, қазақ, ағылшын және қытай тілін меңгердім. Бұрынғы босқын, соғыс жылдарының ұрпағы – мен 26 жасымда малайзиялық «Эмир-Ойл» кен орнының басқарма бастығы болдым», – деді Джамалайл Элимханов

Ассамблеяның әр сессиясында басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде сөйлеуі қалыпты жағдайға айналған. Бұл жолы да солай болды. Қостанай облыстық телеарнаның редакторы Алла Чечеткина мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қатысты пікірін білдірді. «Ұлтым – молдаван. Өзім қазақтың салт-дәстүрі және мәдениетімен сусындап өскенмін. Қазақ тілін білу үшін мен сияқты әженің тәрбиесін көріп өсу керек. Қолдың сары майы қосылып дайындалған таба нанның дәмі әлі таңдайымнан кетпейді. Ата-анамның ақылымен қазақ сыныбында оқыдым. Қазір Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша магистратурада оқимын. Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзі мен үшін өмірлік мақсат. Сондықтан мен қазақтың нанын жеп, суын ішіп өскендіктен, ең алдымен қазақ тіліне құрмет көрсетілуін жөн деп білемін. Мемлекеттік тілде сөйлемесек, білуге тырыспасақ, біздің егемендігімізге қосқан үлесіміз немен өлшенеді?! Барлық қандас бауырларымды қазақ тілін білуге, сүюге, өмірлік рухани азық етуге шақырамын. Жаһандану заманында қазақи тәрбие ұмытылмаса екен деп тілеймін»,− деді А.Чечеткина.

Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында осындай ақжарма тілектер аз болған жоқ. Барлығы тәуелсіз мемлекетімізде бірлік пен татулық болса, егемен еліміздің одан әрі өсіп-өркендей беретініне сенім білдірді. Сессияны қорытындылаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та татулық пен тұрақтылық және адал еңбек қана елді алға жетелейтінін баса айтты.

Ғалым ОМАРХАН

Соңғы жаңалықтар