Шаруа қожалықтары  100 -ге, фермерлер 100 мыңға жетпек

Шаруа қожалықтары  100 -ге, фермерлер 100 мыңға жетпек

Шаруа қожалықтары  100 -ге, фермерлер 100 мыңға жетпек
ашық дереккөзі
Алматы облысы – ауыл және мал шаруашылығын дамытып отырған өңір. Мұнымен қоса шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша да көш басында. Өткен аптаның соңында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің Алматы облысына арнайы іссапармен келіп, аймақтың экономикалық әлеуетін ілгерілетіп, сапалы өніммен қамтамасыз етуде тер төгіп жүрген компаниялар мен серіктестіктердің тыныс-тіршілігімен етене жақын танысуы сөзімізге дәлел. Министрдің Алматы облысына келуінің өзіндік мәні бар. Себебі бұған дейін Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен өткен кеңейтілген отырыста таныстырылған 2018-2027 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың Ұлттық стратегиялық тұжырымдамасын түсіндіру кезегі Алматы облысына да келді. Бұл тұжырымдама агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін және экспорттық өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін кем дегенде 2,5 есе арттыруға септігін тигізбекші. Яғни, Ұлттық стратегияның негізін ірі өндірістер емес, отбасылық фермалар құрауы басымдыққа ие.   Бағдарлама аясында 15 жылға дейінгі мерзімге және 4 пайызға дейінгі сыйақы мөлшерлемесімен жеңілдікпен несие беру қарастырылса, оны жүзеге асыру барысында 80 өндірістік мал бордақылау алаңдары мен қазіргі заман талабына сай 7 ет өңдейтін кешен құрылады. Жаңа ферма мен бордақылау алаңдарының орналасуы өңірлердің мамандану схемасына сәйкес, климаттық жағдайы ескеріліп салынатын болады.

«Адалдың» сүті, «Сарыбұлақтың» құстары...

Отандық өнімді қолдау саясаты еліміздегі ірілі-ұсақ көптеген компанияларға дем бергені анық. Олардың алды өз өнімдерін экспортқа шығарып жатса, енді бірі аймақтағы бәсекелестікке төтеп бере алатын нарық субъектілеріне айналып үлгерді. Соның ішінде Алматы аумағында нарықтың 20-25 пайызын игеріп отырған «Адал» компаниясы да бар. Сондықтан да министр әуелі Еңбекшіқазақ ауданындағы «Жаңашар» елді мекенінде 1999 жылы алғаш өнімдерін шығарған «Адал» агроөнеркәсіп кешеніне барды.

Агроөнеркәсіп кешеніне 5 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Оның 2,5 млрд теңгеден астамы сүт зауытының құрылысына жұмсалса, мега-ферманы құру үшін 5 жылға 6 пайыздық мөлшерлемемен «Қаз­АгроҚаржы» арқылы 1,6 млрд теңге несие алынған. 3124 гектар жерді алып жатқан кешенде 557 адам жұмыс істейді. Мұнда 2500 ірі қара болса, оның 1400-і сауынды сиыр. Бұдан бөлек таза ет беретін 400 ірі қара асырайтын орын бар. Жаңа заманауи технологиямен жабдықталған сүт-тауарлы фермадағы ірі қараның бәрі асылтұқымды. Мұндағы ірі қаралар бұрынғыдай шынжырға байланып тұрмайды. Қорадағы астауларда жылыту жүйесі, сабаннан жасалған төсеніштер, автоматты түрде массаж жасайтын шөткелер, тіпті, микроклиматты сақтауға арналған вентиляция жүйесі мен душ бар. «Сиыр үшін ең ыңғайлы температура – 60С мен +60С градус болғандықтан, біз қораны да салқын температурада ұстауға тырысамыз. Таң қаларлығы, осы технологияны енгізген соң, сиырлар да көбірек сүт бере бастағанын байқадық. 2014-2017 жылдар аралығында сиырдың сүттілігін 5 мың литрден 7,5 мың литрге дейін жеткіздік. 2019 жылға дейін бұл көрсеткішті  9-9,5 мың литрге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», – дейді «Адал» агроөнеркәсіп кешенінің бас директоры Серік Смаилов. Компания басшылығы сүт тапшылығы мәселесінің барын жасырмайды. Зауыт тәулігіне алынатын 150-200 тонна сүттен 56 түрлі өнім өндіреді. Өткен жылы өндірілген өнімнің жалпы көлемі 17222 тоннаға жеткен. Ал шикізаттың жартысы жеке фермерлерден сатып алынады және шикі сүт қосымша өңдеуден өтеді. Бұл әдістің шығыны көп болғандықтан, ферма сауынды сиырлардың санын арттыруға құлшына кіріскен. Ол үшін түрлі селекциялық әдістерді пайдаланып жатқандарын айтты. Оның ішінде алдын ала жынысқа бөлу арқылы ұрықтандыру тәсілі де бар. Ол 96 пайыз ұрғашы бұзау алуға мүмкіндік беретін көрінеді. Одан бөлек, Серік Жолдасбекұлы соңғы кездері 12,5 мың тонна сүт беретін сиырлар арқылы мал тұқымын асылдандыруды қолға алғанын да тілге тиек етті. Сауынды сиыр сүтті молынан беруі үшін жем-шөп құрамы да сапалы болуы маңызды. «Адалдың» меншігіндегі егістік алқаптарының да аумағы кеңеюде. Оның жалпы көлемі 3124 гектар, соның 2703 гектары суармалы жерді құрайды. Алқапта бидай, жүгері, көпжылдық шөп секілді дақылдардың бәрі бар. Осының арқасында малға берілетін жұғымды  азық-түліктің  мол қоры жасақталған. Құнарлы тағам сүт сапасына қалай әсер етсе, оның сақталып, өңделуі де пайдалы өнім шығаруда маңызды рөл ойнайды. Мысалы, сиырды сауу толығымен технологияның мойнына жүктелген. Адам қолы тимегендіктен, санитарлық тұрғыда таза өнім небәрі 15 минут ішінде зауытқа жеткізіледі. Ондағы тазалау, жуу процестері де толық автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады. Айтпақшы, фермадағы озық технологияларды көріп, цифрландырудың нағыз мысалына көз жеткіздік. «Адал» агроөнеркәсіп кешені еңбек өнімділігін арттырып, қаржылық шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін қазіргі заманғы өнімдерді есепке алудың, далалық аймақтарды бөлу және нәтижелердің тиімділігін бағалау жүйелерін ұтымды түрде енгізген. Қазір кешендегі жұмыс істеу үдерістері толықтай цифрлы технологияға көшкен. Бәрі бір орталықтан басқарылады және бақыланады. «Адал» агроөнеркәсіптік кешенін аралап көрген Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев сүт фермасының жұмысына оң баға берді. «Қазір бізде екі мектеп бір-бірімен тайталасып жүр. Ескі мектеп – субсидия талап етеді, ал жаңа мектеп – субсидия емес, несие сұрайды. Меніңше, осы салада бетбұрыс жасау керек. Бұл тұрғыдан «Адалдан» үйренетін жеріміз көп», – деді. Осы тұста Алматы облысы әкімі Амандық Баталов отбасылық фермерлер санын көбейтуге баса назар аударып жатқанын және осы мақсатта жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге қаржы қарастырып, 4 үлгілі отбасылық ферма ашу көзделгенін жеткізді. Тіпті, мұның соншалықты қиын іс емес екенін ескерткен Шөкеев қажет болса, министрліктің қолұшын созатынын да айта кетті. Ал бұдан кейін Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев бастаған топ 2003 жылы құрылған «Сарыбұлақ» ЖШС компаниясына атбасын бұрды.  Аймақтың ажарын кіргізіп отырған компанияда 600-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың орташа еңбекақысы – 70 мың теңге. «Сарыбұлақ» ЖШС басшысы Жеңіс Смаиловтың айтуынша, жылына 75 мың тонна майбұршақ өңделсе, одан май, шрот алынады. Осы өндірілген өнімдердің жартысы ішкі сұранысты қанағаттандырып, қалғаны сатылымға шығарылған.  Жылына 220 мың дана жұмыртқа, 20 мың тонна тауық етін өндіретін құс фабрикасының өнімдері Алматы, Қостанай, Қарағанды, сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының нарығына жеткізіледі. Бүгінгі күні «Сарыбұлақ» ЖШС экспорттық бағытын да дұрыс жолға қойған. Ет өнімдері Ресейдің Омбы және Новосібір қалаларына, сондай-ақ, алыс-жақын шетелдерге еш кедергісіз жөнелтілуде. Қазір елімізде 60-қа жуық құс фабрикасы бар. Оның жартысынан көбі жұмыртқа өндірумен, қалғаны құс етін өңдеумен айналысады. Бүгінде отандық тауар Орталық Азия елдеріне экспортталып келеді. Мәселен, өткен жылы экспортталған жұмыртқа саны 150 млн-нан асып түскен. Ал келешекте бұл саланың алдынан Иран мен Қытай нарығы ашылмақ. Сондай-ақ, 2009 жылы Алматы облысында, Қазақстанның басқа облыстарында жылыжай кешені желісін құру мен пайдалану мақсатында құрылған «Green Land Alatau» ЖШС голландиялық құралдар және тамшылап суару арқылы қияр мен қызанақтың екі түрін өсіріп отыр. Қапшағай қаласында 10,5 гектар аумақты алып жатқан кешен жылына 6 мың тонна көкөніс өсіріп, алыс-жақын елдерге экспорттап келеді. Жылыжай кешенінің бас директоры Алмас Даутовтың айтуынша, биыл жобаның екінші кезеңі іске қосылады. Табиғи газды жүргізгеннен кейін жылыжай кешені тағы 15 гектар жерді қосымша пайдаланбақ. Ал 2015 жылдан бастап асылтұқымды ірі қара сатып алып, бордақылаумен айналысатын «EmpireFood» ЖШС-де 2661 ірі қара бар. Былтыр бұқалар 618 тонна ет берген. Бір айта кетерлігі, мұндағы ірі қара қысы-жазы ашық аспан астындағы алаңда тұрады. «Бұрынғы әдіс, қыста жылы қорада ұстау әдісі артта қалды. Себебі ашық қорада бордақыланатын ірі қара етті де көп береді», – дейді бордақылау кешенінің президенті Арман Джавад мырза. Одан кейін Ауылшаруашылығы министрі Ө.Шөкеев «Аmal Biо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты интенсивті бақтарды аралап көрді. Суы мөлдір, топырағы құнарлы аймақта жеміс-жидек пен көк­өністердің алуан түрі өседі. Әсіресе, алмасы мен алмұрты, өрігі мен шиесінің дәмі тіл үйіреді. Таулы аймақтың таза ауасында өркен жайған осындай бақтардың жөні бөлек.  Бүгінге дейін «Аmal Biо» компаниясының қарауында 80 гектар интенсивті бақ өсірілсе, енді оның көлемі 300 гектарға артқан. Алынған өнімдерді жыл он екі ай сақтау мәселесі жолға қойылды. Сыйымдылығы 6 мың тоннаны құрайтын қойма жұмыс істеп тұр. Компания мамандары өнімнің сапасын арттыра отырып, өзіндік құнын арзандатуға ден қойып келеді. Серіктестік директоры Асқар Сабировтың айтуынша, мұндағы мамандардың дені шетелдерде білім алып, олардың озық технологияларын меңгерген білікті жастар. Компания қайырымдылық акциясына да белсене араласып келеді. Былтыр «Туған жер» бағдарламасы аясында Ащыбұлақ ауылына үлкен демалыс саябағын салып, халықтың құрмет-қошеметіне бөленгенін де айта кеткен жөн. Ал келесі нүкте – «Роллтон» тауар белгісімен таныс «Маревен Фуд Тянь-Шань» кәсіпорны. Маусым айында іске қосылуға сақадай-сай тұрған жоба Кипрдің Mareven Food Holdings холдингі аясында жүзеге асуда. Бүгінде өнімі әлемнің 22 еліне тарайтын компанияға 50 млн АҚШ доллары шамасында инвестиция құйылған. Кәсіпорын жылына 98 мың тонна жартылай өнім түрлерін өндіруге кіріспек.

Алатау бөктерінде  жайылымдар артпақ

Алматы облысының бес ауданындағы бизнес субъектілерін аралаған Премьер-министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев мал шаруашылығын қарқынды дамыту жөнінде арнайы үкіметтік бағдарлама дайындалып жатқанын және «Ет өңдеу мен өндіруге» байланысты жаңа бағдарламаның жөн-жобасымен де таныстыра кетті. Мұның нәтижесінде алдағы 5 жылда еліміздегі жайылым жерлердің көлемі артпақ. Министрдің айтуынша, бағдарлама негізінен пайызы төмен несиелер арқылы жүзеге асады. Сондықтан да мемлекетке көп салмақ түспейді. «Елбасының тапсырмасымен мал шаруашылығын әрі қарай қарқынды дамыту жөнінде арнайы бағдарлама дайындап жатырмыз. Бұл алдағы сейсенбі күні Үкімет отырысында талқыланатын болады. Одан бұрын мұны барлық өңірлерге таныстырып, пікір алмасып жатырмыз. Былтыр жыл соңында Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Павлодар облысына бардық, бүгін Алматы облысына келдік. Мұндағы мақсат – нақты мал шаруашылығымен, мал бордақылайтын фермасы бар шаруашылық қожалық иелері субьектілермен кеңесіп, бағдарламаның тек құжат жүзінде қалмауын қадағалау», – деді Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеев. Жалпы айтқанда, елімізде  ірі қара мал шаруашылығымен айналысатын 30-дан астам шаруашылық болса, фермерлер саны 16 мыңнан асады екен. Оған инвестиция құйып, мемлекет тарапынан қолдау көрсету маңызды. Ал бұл тұрғыда Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы бес-алты жылда шаруа қоржалықтары санын 100-ге, ал фермерлерді 100 мыңға жеткізуді межелегенін жеткізді. Айтуынша, бұл ауыл шаруашылығы саласында 400 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға септігін тигізеді. «Бізге табиғи ерекшелігімізді, мүмкіндігімізді пайдалану керек. Қазақстан жайылым жер бойынша әлемде бесінші орында. Алайда жайылым жер дұрыс пайдаланылып жатқан жоқ. Құжаттың негізгі мақсаты – саладағы еңбек өнімділігі мен экспортты арттыру. «Қарқынды мал шаруашылығы» бағдарламасы бойынша  сүт, доңыз және құс еті өндірісін арттыру көзделмек. Бүгінде Ресей ет экспортын 1 млн 200 мың тоннаға, ал осыдан бес-алты жыл бұрын 50 мың тонна ғана ет экспорттайтын Қытай бүгінде 2 миллионнан асырды», – деді Ө.Шөкеев. Алматы облысындағы жұмыс сапарын Қаскелең қаласында қорытындылаған Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Етті мал шаруашылығын дамыту бойынша республикалық семинар-кеңеске қатысты. «Бизнес субъектілерімен кездесіп, біраз мәселеге қанықтық. Бұл өңірде әлемдегі ең үздік технологияны қолданып жатқан кәсіп­орындар баршылық екен. Ауыл шаруашылығына қаржы ресурстары жетіспейді. Оған да жаңа идея мен құралдар ұсынып, заңға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Екінші мәселе – аграрлық кепілдендіру жүйесін қайтадан құрып, дамыған елдердегідей жаңа жүйе құру. Үшінші – кредиттік серіктестік. Мұны да қайта құрып, жандандыру қажет. Субсидия жүйесінде де біраз өзгеріс бар. Бұл ереженің бәрі мамыр айында бекітілетін болады», – деді министр. 2018-2027 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың Ұлттық стратегиялық тұжырымдамасы бойынша баяндап берген Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев: «Елімізде 180 млн гектар жайылым жер бар. 6 млн гектарға құдық тартылып, алдағы бес жылда қосымша 600 мың гектар суармалы жер қосылмақ. Қазір қолданыстағы 58 млн гектар жайылым жерді 150 млн гектарға жеткізу жоспарланса, ірі қара малдың санын 7 млн-нан 15 млн-ға арттыру, экспорт көлемін 2,4 млрд долларға жеткізу көзделуде. Егер үкімет бағдарламаны бекітсе, сіздермен бірге қызу жұмыс істеуді бастаймыз»,  – деді. Алматы төңірегін ғана емес, елімізді табиғи сүт өнімдері, жылыжай көкөністерімен қамтитын ірі компаниялар да облыстың арқа сүйерлері. Ал ауыл шаруашылығында тер төгіп жүрген шаруа қожалық иелері жаңа бағдарламаға мол үміт артып, сенім білдіріп отырғанын жарыса айтты. Олардың пікірінше, бұған дейін нақты ауыл және мал шаруашылығына қатысты бағдарлама қабылданған емес. Бұл істің басы-қасына Өмірзақ Шөкеевтің келуі де саланың тамырына қан жүгіртіп, ерекше серпін береді деп сенді шаруа қожалық иелері.