Елжанды жастар үшін ерен жоба

Елжанды жастар үшін ерен жоба

Елжанды жастар үшін ерен жоба
ашық дереккөзі
«Jas Otan» қазақстандық жастарды қолдауға бағытталған және олардың мә­селесін шешудің нақты жолдарын ұсынатын «Жастар – Отанға!» 5 жылдық бағдарламасын әзірледі. Жақында бағдарлама Жол картасының 216 жобасы жарияланды. Бағдарламада әрбір өңір, қала және аудан бойынша жастардың өзекті мәселелерін шешуге қатысты нақты шаралар көрсетілген. Жастар мәселесі бойынша әлем­дегі үздік тәжірибелер мен еліміздегі жас­­тардың 3 мыңнан астам ұсынысын ескере отырып дайындалған бағдарламада қол­жетімді баспана мен жас отбасыларды қол­­дау, жұмысқа орналастыру және жұ­мыс­пен қамту мәселелерін шешуге ерекше ба­сымдық беріліп отыр. Мәселен, елордаға аймақтардан қо­ныс аударып жатқан жастар саны көп. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету – өзек­ті мәселе. Сонымен қатар дарынды жас­­тарға грант бөлу, ата-анасының қамқор­лы­­ғынсыз қалған және интернаттан шық­қан жастарға қолдау көрсету де маңызды. Айта кетсек, Президент жариялаған биыл­ғы «Еріктілер жылы» аясында елор­далық жастар арасында қалалық және ха­­лықаралық іс-шараларға қатысқан жас­тар саны артқан. Мысалы, биыл жыл басынан бері 1 500 жас қайырымдылық және во­лонтерлік шараларға қатысқан. Бағдарлама аясында астаналық жас­тар­ды сапалы біліммен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыс­тарды қаржыландырудағы жеке сектор үле­сін 50 пайызға дейін жеткізуді мақсат етіп қойған. Әлемдік тәжірибе кез келген мем­­лекет ғылыми жұмыстарға бөлінетін қар­­жы көлемі 0,1 пайызға артса, сол елдің ЖІӨ көлемі 1,2 пайызға жетуі мүмкін еке­нін көрсетеді. Осы орайда, жеке сектор есе­бінен бөлінетін қаражат көлемі артса, ғы­лыммен айналысуға ынталы жастардың да үлесі көбейетіні анық. Алматы әуелден жастардың қаласы саналады. Жастар қала халқының үш­тен бір бөлігін құрайды. Алматы – жас­тардың бос уақытын тиімді өткізуге, білім алуға, жұ­мыс­қа орналасып, қызмет бабымен өсуіне, отбасылы болуына қолайлы қа­ла. Дегенмен Алматы жастарының 38,5 пайызы ғана еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысады екен. Ал жас­тардың 40 пайызға жуығы елдің қоғам­дық-саяси өміріне қатысу жеке құқықты қорғауға кепілдік бермейді деп санайды. Осы көрсеткіштерді ескеріп «Jas Otan» жер­гілікті атқарушы органдар мен мекемелердегі (мәслихаттар, қоғамдық кеңестер, т.б.) 35 жасқа дейінгі жастардың үлесін 2025 жыл­ға дейін 30 пайызға арттыруды көздеп отыр. Осы орайда жастарды жұмыспен қам­ту мәселесін шешуді Алматы облысындағы жа­сотандықтар қолға алмақшы. Жалпы аталған бағдарлама іске асырылса, еліміз бойынша жыл сайын 10 мыңға жуық жас жұ­мыспен қамтылады. Осы ретте «Жастар тә­жірибесі» бағдарламасын іске асыру ар­қылы жас мамандарды жұмыспен қамту, Ал­маты жастарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету маңызды. «Жастар – Отанға!» бағдарламасы бойын­ша Жамбыл облысында 2021 жылдан бас­тап жас отбасыларға арналған мем­ле­кет­тің қолдауымен салынатын тұрғын үй са­тып алу үшін «Әулиеата жастары» несиелеу бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Осы ретте облыс әкімдігінің Құрылыс бас­қармасы тұрғын үйлердің бағасын нарықтағы бағадан 40 пайызға төмендету арқылы жастардың тұрғын үйге қолже­тімділігін арттырмақ. Бұл – жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етудегі оңтайлы шешім болары анық. Ал Қостанай облысында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінбек. 2025 жылға дейін бағдарламаны іске асыру аясында жасанды жабыны бар 30 шағын футбол алаңы, 10 стритбол алаңы, стрит-воркаут алаңдары, облыстың қалалары мен аудандарында 29 хоккей корты салынбақ. «Жастар – Отанға!» бағдарламасының Жол картасында жастар кәсіпкерлігін да­мытуға да ерекше назар аударылады. Айта­лық, Маңғыстау облысында жыл сайын 500 жас «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша өз ісін жүргізуді тегін оқи алады. Сондай-ақ, өңірдің жас кәсіпкерлері үшін несиелер бойынша мөлшерлемелерді төмендету және мемлекеттік субсидияларға қолжетімділікті кеңейту шаралары іске асырылады. Өңірлік бағдарламаларда білім беру және тұлғалық өсу саласы да қам­тылған. Тараз қаласында жастар саясаты мектебінің базасында жыл сайын 70 адам тағылымдамадан өтеді. 2023 жылы SMART оқу орталығын ашу жоспарланып отыр. Ақ­мола облысында 2025 жылға дейін 6 ЖОО-ның 2 850 орындық жатақхана құры­лысы аяқталады. Петропавлда 2021 жылы жастар театрын ашу жоспарланып отыр, ал елор­дада 2 мың жасқа арналған 15 жаңа аула клубы салынады. 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын биыл жыл соңына дейін бекіту жоспарланған. Оған дейін жоба жас­тар арасында, оның ішінде «Nur Otan» пар­тияішілік праймеризіндегі пікірсайыс­тар аясында талқылауға ұсынылады. Қа­зақ­с­тан­дық жастар аталған құжатпен танысып қа­на қоймай, сонымен қатар, jasotan.kz жә­не primaries.kz сайттары арқылы өз ұсы­ныстарын жолдай алады.