10 Тамыз, 17:32 417 0 Денсаулық Анар ЛЕПЕСОВА

Талдықорғанда екі провизорлық орталық жабылды

Сурет интернеттен алынды
Сурет интернеттен алынды

Талдықорғанда коронавирус жұқтырған науқастарды емдеу үшін ашылған екі провизорлық орталық жабылды. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков мәлімдеді.

«Бүгіннен бастап Талдықорған қаласындағы әскери госпитальда ашылған провизорлық орталық жабылып, госпиталь қалыпты жұмысын бастады. Сонымен қатар, облыстық тері-венерологиялық диспансер де жоспарлы түрде науқастарды қабылдауға дайын»,- деді басқарма басшысы.

Өмірзақ Ниязбековтың айтуынша, облыстағы стационарлар жүктемесінің төмендеуіне байланысты инфекциялық төсек саны 520-дан 490 орынға, провизорлық төсек саны 3560-тан 2541 орынға дейін қысқартылған.

Індет таралғалы облыста барлығы 4704 адам коронавирус жұқтырған. Науқастардың 4008-і емделіп шықты. 26 адам қайтыс болды.

Ал республика бойынша қатерлі вирусты жұқтырғандар саны 100 мыңға жуықтады. 72523 адам індеттен айықса, 1058 адам көз жұмды.

Сондай-ақ, 13280 адам коронавирус белгілері бар пневмонияға шалдықты. Тамыздың басынан бері өкпе дертінен 161 адам қайтыс болды.

Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтағанын мәлімдеді. Министрліктің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтің айтуынша, ендігі міндет – індетті жұқтыру мен өлім-жітімді тоқтату.

Соңғы жаңалықтар