Макрон әлем елдерін Ливанға көмектесуге шақырды

Макрон әлем елдерін Ливанға көмектесуге шақырды

Макрон әлем елдерін Ливанға көмектесуге шақырды
ашық дереккөзі
Франция президенті Эммануэль Макрон әлем елдерін Ливанға көмектесуге шақырды.  Макронның бастамасымен Ливанға қолдау көрсету жұмыстарын үйлестіру бойынша «донор елдер» жиыны онлайн форматта өтті. Жиында Франция президенті жойқын жарылыстан зардап шеккен Ливан халқына көмектесу керегін алға тартты. Макронның сөзінше, бұл іс Ливан мен оның халқын қолдаудағы бірліктің бірегей үлгісі болуы тиіс. "Жиынға 15 ел қатысып отыр. Түркия және Ресей елдерімен байланыстық. Түрік елі конференцияға қатыса алмағанымен, Ливанға қол ұшын созбақ. Ресейдің де көмектесетініне сенімдімін. Бұдан бөлек, Израиль де көмек көрсетуге ниет білдіріп отыр", - деді Франция басшысы. Еске сала кетейік, 4 тамызда Бейруттағы портта жойқын жарылыс болып, 158 адам қаза тапты, 5 мыңнан аса адам зардап шекті. Зардап шеккендер арасында Қазақстанның консулы да бар. Бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министріне Ливанға әскери медицина мамандарын жіберу туралы мәселені шешуді тапсырғанын хабарлағанбыз. 8 тамызда қазақстандық әскери дәрігерлер зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Ливанға аттанды. Топ құрамына жоғары білікті хирургтер, травматологтар, нейрохирургтер, анестезиолог-реаниматологтар, сондай-ақ хирургиялық бейіндегі орта медициналық персоналдар бар. Олардың көпшілігі ағылшын тілін жетік меңгерген. Әскери медицина қызметкерлерінің мақсаты – зардап шеккендерге білікті медициналық көмек көрсету.