16 Шілде, 13:39 993 0 Руханият "Түркістан" газетінің авторлары

Алаштың алтын сақасы

ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңында  ҚХР  ШҰАР Гуманитарлық ғылымдар академиясының вице-президенті, жазушы, тарихшы-ғалым Жақып Мырзаханның мұрындық болуымен академияның әр түрлі институттарына қазақтың біраз жас маманы жұмысқа шақырылды. Пекиндегі Орталық ұлттар университеті қабырғасында оқып жүрген кезімізде-ақ Ж.Мырзахан бізге «жіп тағып» кеткен болатын.

Содан 1987 жылы университетті бітіре салып, аталған академияның әдебиет инс­ти­ту­тына ғылыми қызметкер болып жұ­мыс­қа қабылдандық. Академиядағы өзге ме­кемеде жоқ бір ерекшелік – кітапха­насына «Жұл­дыз», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская Правда», «Парасат» секілді қазақстандық басылымдар келіп тұрады екен. Біз, қазақ жастары осы басылымдардың әрбір жаңа нөмірін жыл келгендей төрт кө­зі­мізбен сарғая күтіп, ерекше әсермен, үтір-нүк­тесін қалдырмай оқып шығатынбыз. Оқу­мен ғана шектелмей, жиналып алып, он­да көтерілген мәселелер мен шығарма­лар­ды таласа-тармаса талқылап, қызыл кеңірдек бо­лып жатқанымыз. Талқыға қатыспай, «тек жүру» тіптен мүмкін емес еді. Себебі кеуде­міз­ге нан пісіп тұрған өндір жаспыз. Мезгіл бол­са 1980-жылдардың соңы! Оның үстіне еш­қандай саяси қақ-соқ көрмей өсіп келе жат­қан буынның өкіліміз... Қысқасы, ҚХР-да өзі­міз тұрып жатқанымызбен есі-дертіміз ір­гесі сөгіле бастаған КСРО-да. Дәлірек айт­сақ, КСРО құрамындағы тарихи отанымыз – Қазақстанда. Мезгіл көші жылжып 1990 жыл­дарға келгенде, алғашқы кезекте Балтық жа­ғалауындағы елдер өз тәуелсіздігін жа­рия­лады. Талас-талқымыздың тақырыбы: келесі кезекте қай ел? Қазақстан қашан? Күте-күте күніміз жыл, айымыз ғасыр болды. Я ақсар­бас! Міне, аңсаған күнге де жеттік. 1991 жы­лы желтоқсанның 16-жұлдызы. Осы күні Үрімшіде қуаныштан жарылмаған, көзіне бақыт жасы үйірілмеген, тойламаған қазақ ба­ласы қалмаған шығар. Біз, Шынжаң гу­ма­нитарлық ғылым академиясының оншақты қыз-жігіті қолдан бір «туған күн» жасап, халқымыздың үш ғасырдан соң қайта оралған азаттығының алғашқы күнін той­ладық! Ертесінен бастап әңгімеміз мүлде басқа бағытта өрбитін болды. Яғни енді Қа­зақстанға қалай жетеміз? Керек болса, ше­караны бұзып қашып өтуді ұсынғандар да болды. Себебі ол жылдарда Қытайдан шет­елге шығу дегеніңіз қияметтің қыл көпірінен өткеннен де қиын-тұғын. Міне, 1992 жылдың да алғашқы айлары артта қалып барады. Өстіп торығып жүрген күндердің бірінде «Үрімшіге Қазақстан ақын-жазушыларының шағын делегациясы келіпті» деген хабар қалада желдей есті. Жылтыраған бір болар-бол­мас үміт оты жанымызды жылытып, кәді­мгідей еңсеміз көтеріліп қалды. Себебі де­легация өзге емес ақын-жазушылардан құрам тапса, әрі оның құрамында қазақтың ұлтшыл зиялылары Рымғали Нұрғалиев пен Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкеевтер бар болса, олардың біздерге – атажұртқа жетсек деген шетелдік қазақ жастарына қолұшын бер­­меуі мүмкін бе?! Осы арманға тұмсығы­мыз­дан жетектелген біздер, ал келіп Қазақ­станнан келген делегацияны іздейік. Қаладан адрессіз адам іздеу дегеніңіз көлдің түбінен ине іздеумен пара-пар далбаса ауқат болып шықты. Не келген делегацияның келіп тоқтаған жерін бізге ешкім айтпайды. Біледі-ау деген ағаларымыздың бәрі «білмейміз!» дейді, шынымен білмей ме, әлде атажұрттан келген ағаларымызды қызғана ма, жоқ, аузы күйіп қалған байқұстар қорқа ма, әйтеуір бізге ешкім ештеңе айта қоймады. Сосын Үрімшінің қонақүйлерін өз бетімізше сүзіп шығуға бел будық. Өстіп жүріп бірер күнді өткізіп алдық. Бір күні кеште Бақытбек, Қайрат деген жігіттер: «Ол кісілердің дерегін таптық – «Күнлұн» қонақүйіне түсіпті», – деген қуанышты хабар жеткізді. Ертеңіне барсақ, «Олар кеше кетіп қалды!» – деді қо­нақ­үй қызметкерлері. Біз сан соқтық та қал­дық...

Келесі жылы, яғни 1993 жылдың наурыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ мем­лекеттік ұлттық университетінің арнайы шақыруымен қытай тілінің маманы ретінде атамекенге оралдым. Ол заман – шетелден Қазақстанға келуге жол табу қиын, жол тауып келсең тұрақтап қалу қиын, тұрақтап қалсаң азаматтық алу қиын... Жан бағу одан да қиын болып тұрған кез еді ғой. Шеттен келген – онда да бір жетіскен бай ел емес, хал­қының қарны енді-енді тоғайып келе жат­қан, социалистік жүдеу елден келген бізді қойып, осында тұтас елі-ауылы, жанашыр туыс-бауыры бақадай шулап отырған жер­гілікті зиялылардың өзі «шықпа жаным шықпамен» зорға жан сақтап отырғанын көз көрді. Осы қалың қиындықтар бірінен кейін бірі желкемізге қонжиып, мүлдем аздырып-тоздырмағанымен, әжептәуір титықтатып тастағанын несін жасырайық?! Осы қиын­дықтарға төзбеген біраз жерлестерім «Ата­мекен аман болсын!» деп аттың басын кері бұруға мәжбүр болды... Айтайын дегенім бұл емес, өстіп жүріп 2-3 жыл өте шығыпты. Әри­не, бұл 2-3 жылда ұстаздықтың сыр­тында, рес­публиканың «Азия», «Парасат», «Түркі­стан» қатарлы мерзімді басылымдарында, «Алатау» телеарнасында әдеби қызметкер, шолушы болып қызмет атқардым. Қыруар өлең, неше ондаған ғылыми, танымдық, пуб­ли­цистикалық, аударма еңбектерім жа­рия­ланды. Жұрт «ақын, жас ғалым» десе, со­ған мәзбіз... Өмір осылай өтіп жатты.

Өстіп жүрген күндердің бірінде, жаңыл­масам, 1996 жылдың жазында осы күнгі фи­лология ғылымдарының докторы, про­фессор Қ.Алпысбаевтың үйіне бір шаруамен қаң­ғалақтап жетіп барсам, төрінде сол кез­дегі Қазақстан Ұлттық Ғылым акаде­мия­сы­ның корреспондент-мүшесі, біраз жылдың ал­дында Үрімшіде ұстатпай кеткен ағам, Алаш жұртының айбоз ұлы, әйгілі ғалым Рым­ғали Нұрғали отыр екен. «Қойдың бәрі қасқырды таниды, қасқыр қойдың бәрін танымайды» дегендей, мен ол кісіні бірден тани кеттім, сәлем бердім. Құныкең әуелі ол кісіні маған, сосын мені ол кісіге таныс­тырды. Атағы Алатаудай ғалымды алғаш рет жүзбе-жүз көруім. Бір таңғалғаным, ол кісінің бойынан әлдеқандай «атақты» адам­дарда ретті-ретсіз кезігіп қалатын бұлдану, нәнсіну, сыздау, тәкаппарлық, кесірлік, орынсыз мақтан т.б. пендешіліктердің ны­шаны да байқалмады, керісінше әр әң­гімесін әзілмен көмкеріп, сыпайы һәм қазақы юмормен сөйлейтін, нені болса да бетке тіке айтатын кісі екен. Әйгілі ғалымның бол­мы­сындағы осы қасиет бізге ерекше ұнады. Әңгіме қызығымен біраз отырып қалыппын. «Қонақтың үстіне қонақ келсе қотыр бола­ды» немесе «Екі кісі бейім тұрса, есті кісі кейін тұрады» деген атам қазақ жорал­ғы­сымен, тұруға, жүруге қам жасап едім, Рағаң да, Құнағаң да мүлде рұқсат етпеді... Сосын орныма қайта жайғастым. Дастарқан басындағы әңгіме болғанымен, тақырыбы ауқымды, мағыналы – тәуелсіздік тағдыры, отаршылдық кезеңнің зардаптары, қазақ әдебиетінің жай-күйі, елдің демографиялық жағдайы, шеттегі қазақтардың тағдыры, ғалым Б.Кенжебаев, әнші Ж.Кәрменов туралы естеліктер т.с.с. әңгіме арнасы бірден бірге ауы­сып, өте көңілді отырмыз. Бір әредікте Ра­ғаң менен: «ғылыми атақ-дәрежең бар ма?» – деп сұрады. «Қытайда қорғаған жоқпын, бірақ осында оқу, қорғау ойым бар», – дедім. Ол кісі Қытайда қорғамағанымның себебін сұрады. Мен Қытайда жоғары оқу орындарында бол­сын, ғылыми мекемелерде болсын, ғы­лыми дәрежені аса қатты талап ете қоймайтынын, оның есесіне әр саланың өзінің ғылыми атағы болатынын, оны тәжірибеге, нақтылы еңбек нәтижесіне қарап беретінін, соған байланысты ол елде жоғары білімнен кейінгі ғылыми ізденістің (магистратура, докто­рантура) жаппай үрдіске айналмаға­нын, осылайша өзімнің де ешқандай бір ғылыми дәреже қорғамай-ақ, академияның орта дәрежелі атағын алғанымды тәптіштеп айтып бердім. Мұнымды мұқият тыңдап алған ғалым ағам: «Қазақстанда біржола қалатын ойың бар ма?» – деді. «Иншалла қал­дым. Азаматтық алдым» – дедім. «Олай болса енді қорғау керек, менде бір керемет тақырып бар, кімге берсем екен деп басым қатып жүр еді, сен жақсы кезіктің». Рағаң әй-шәйға қарайтын емес. Мен сөздің бір ке­зегінде, мұнда аспирантураға түсудің де, түс­кен соң қорғаудың да оңай емес екенін, со­ған байланысты торығып, ойланып жүр­генімді айттым. Рағаң: «Торықпа бала! Қайт­па, батыр Албан! – деп арқамнан ақырын ғана қағып қойды да, – өзің Мұстафа Шоқай­дан аумайды екенсің, саған сол Мұстафа Шоқай бабаңның аруағы риза болатын бір тақырып берейін, тә-ә-әк, бүгін жексенбі, сен маған сәрсенбі күні түстен кейін сағат үште кафедраға кел, келістік пе?». «Келістік!».

Уағдалы күні сағат 15:00-де жұрт «Қаб­до­ло­в­тың кафедрасы» атап кеткен Қазақ әде­биеті кафедрасына имене кірдім. Рағаң төрде отыр екен, қасында кафедраның 3-4 мұғалімі бар. «Кел Мұстафа Шоқайдың інісі, былай кел», – деп маған бір орын нұсқады. Аздан соң Рағаң орнынан тұрып маған: «жүр, екеу­міз оңаша сөйлесейік», – деді де, мені іргелес бөлмеге ертіп кірді. Кірген бойда жаттап ал­ған адамша ағыл-тегіл сөйледі де кетті. Үнсіз тың­дап отыра бердім. Сондағы Рағаң әңгі­месінің жадымда қалған ұзын ырғасы мынау.

«ХХ ғасырдың басы адамзат тарихында әлем­нің түкпір-түкпіріне саяси ояну, рухани сіл­кініс әкелумен ерекшеленді. Бұл арада жер жү­зіндегі оянулар мен сілкіністерді санама­лап жату басы артық сөз болар еді. Біз тек айтарымызға арқау болғалы отырған өңірлердегі – Қазақстан, Ресей, Қытай ел­деріндегі, ХХ ғасыр басындағы тірлікті еске алайықшы. Ресейдегі қазан төңкерісі, коммунистер жеңісі, КСРО деп аталатын еуразиялық алып державаның өмірге келуі, Қытайдағы «4-мамыр» жастар қозғалысы бас­татқан демократиялық-ағартушылық ба­ғыт­тағы толқулар, гоминдаң және ком­му­нистік партияларының құрылуы, ең соңында ҚХР дейтін империяның өмірге келуі, Қа­зақстандағы 16-жылғы көтерілістер, «Алаш» партиясының өмірге келуі, ұлт-азаттық бағыттағы рухани-ағартушылық сілкіністер, «Тұтас Түркістан» идеясының өмірге келуі, ол идеяны қолдаушылардың ақыр аяғында еуразиялық алып державаның қанды шең­геліне ілініп, жаппай қырғынға ұшырауы... т.б. Осының бәрі сөз болып отырған кезеңдегі адамзат қоғамында болып жатқан ояну мен жаңғырудың қазақ халқы мен қазақ қоғамын да айналып өтпегенін толық айғақтайды. Ал Ресей мен Қытайдағы ояну мен сілкіністер өзінің діттеген жеріне жетіп тынды да, тек біздегі ояну мен сілкіністер жөргегінде тұн­шықтырылды. Алайда қудалауға ұшыраған Алаш рухы, ұлт-азаттық идея енді біртіндеп КСРО аумағынан тыс жерлерде әрекет ете бас­тады. Сондай өңірдің бірі Шығыс Түр­кі­стан, қазіргі Шынжаң болғаны белгілі. ХХ ғасырдың 20-жылдарынан ҚХР құрылған 1949 жылға дейінгі Шығыс Түркістанда болған ұлт-азаттық күреске, Шығыс Түр­кістан Республикасының құрылуына ұйытқы болған бір-ақ нәрсе, ол – Алаш азаттық идея­сы. Осы идеяны жырлап, халықты оятқан, ал­ды атылған, арты Қытай түрмесінде шірі­ген қаншама ақын-жазушылар бар. Айталық, Ақыт, Таңжарық, Көдек, Әсет, Әріп, Жүсіп­бек­қожа, кешегі Бұқара, бүгінгі Омарғазы т.б. то­лып жатыр. Осылардың шығармашылығы мен өмірбаянын, сол кезеңнің әдебиетіндегі ұлт-азаттық идеяны, оны жырлаушы ақын-жазушыларды атажұртқа оралту, ғылыми айналымға енгізу бүгінгі қазақ әдебиетіндегі көкейтесті міндет. Ол үшін сол жақта туып-өс­кен, сол жақта жоғары білім алып келген, қы­тай тілін жетік білетін адам болса деп ар­мандап жүр едім. Өйткені онсыз бұл та­қырыпты діттеген жерге жеткізу қиын. Міне, сені маған, маған ғана емес, қазақ әдебиетіне, тіпті Қазақстанға құдай айдап келіпті. Енді «ұрыста тұрыс жоқ» деген, білекті сыбан да кіріс. Тақырыпты «Қытай қазақтары поэ­зия­сын­дағы ұлт-азаттық идея (ХХ ғасырдың 20-50-жылдары)» деп алайық.

Осы ойларын айтып болды да, Рағаң: «ке­лістік пе?» деді. «Келістік» дедім.

Осы «келісімге» тура үш жыл толғанда, яғ­ни 1999 жылдың мамыр айында ұстаз айтқан тақырып бойынша кандидаттық дис­сертациямыз сәтті қорғалды. Ұстаз дән риза. Қолымды алып тұрып маған бүй деп бата берді: «Дүкен, үмітті ақтадың! Қазақ әде­бие­тіндегі ауқымды бір ақтаңдақтың орнын толтырдың. Оны айтпағанда қаншама шаһит кешкен аруақтарды тірілттің, олардың сауа­бын алдың. Ендігі өміріңде сол аруақтар саған жар боп жүрсін! Атажұртыңда – Ота­ныңда жұлдызың жоғары болсын, аумин!». Мен тебіреніп кеттім. Батаға да, басқаға да емес. Екі дүниедегі жалғыз тұрағым – Ота­нымнан Рағаңдай шын жанашыр, асыл аға тапқаныма!

Кейін тағы да сол Рымғали ағамның ғы­лыми кеңесшілігімен докторлық диссертация қорғадық... Ол кезде де ұлт руханияты мен қа­зақ әдебиетіне өте қажетті, мүлде тың та­қырып ұсынды.

Қарап отырсам, алғаш танысқан күннен бас­тап ұстаздың ұлы жүрегі тоқтағанға дейін қа­сынан екі елі қалмай 15 жыл бірге жүріп­пін. Осы он бес жылда ол кісінің бойынан көрген-білген асыл қасиеттерді, бірге бол­ғандағы небір қызықты да тағылымды сәт­терді іріктеп қағазға түсіргеннің өзінде үл­кен бір кітапқа жүк болады екен.

Ал ұзын сөздің қысқасын, көп сөздің тоқ ете­рін айтсам, академик Рымғали Нұрғали ерек­ше дарын иесі ғана емес, туған халқын шек­сіз сүйген, өте ұлтшыл азамат еді. Бұл сө­зі­мізге дәлел боларлық деталь дегеніңіз мың сан. Жоғарыдағы бізге берген кан­ди­даттық және докторлық диссертация тақы­рып­тарын біз, әсте жайдан-жай айтып отыр­ған жоқпыз. Соның өзінен-ақ саналы оқыр­ман көп жайды аңғарып отырған болар...

Мемлекеттік тілдің тағдыры, жер-су ат­тарын қазақшалау, сананы отарсыздандыру, жас ұрпақты отаншылдық бағытта тәрбиелеу, елдегі демографиялық жағдай, шеттегі ағайындарды жеделдетіп көшіріп әкелу т.б. ұлт тағдырына, ел болашағына қатысты то­лып жатқан мәселелер Рағаңның жанын қат­ты мазалайтын, жүрегін жиі ауыртатын. Сол ұлы жүрек, 70 жасын тойлауға санаулы ай­лар қалғанда, 2010 жылы ақпан айында соғуын тоқтатты...

Ұстаз ұлылығының, аға жанашыр­лы­ғының тағы бір шапағаты Әлихан, Мағжан, Әуезовтерден өзінің ұстазы Б.Кенжебаевқа, одан өз бойына дарыған алашшылдықты, ұлтшылдықты біздің, біз арқылы келешек ұрпақтың санасына құйып бергені, яғни бізді де осы қасиетті шерудің қатарына – ұлы жол­ға алып келгені! Мен осыған тәубе деймін һәм мақтанам!

Жаның жәннатта болсын, менің Рағам!

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Соңғы жаңалықтар