Ең бастысы – ел сенімі

Ең бастысы – ел сенімі

Ең бастысы – ел сенімі
ашық дереккөзі
«Nur Otan» бүгінде билік пен халық арасындағы дәнекер партияға, халықты біріктіретін саяси күшке айналды. Қарапайым халық партияның белсенді жұмысын былтырғы Арыс оқиғасы мен биылғы COVID-19 вирусының кең таралуы кезінде сезініп, нәтижесінде елдің партияға деген сенімі артып келеді. Осыдан бір жыл бұрын «Nur Otan» пар­тиясы Төрағасының Бірінші орын­ба­сары болып тағайындалған Бауыржан Байбек өз жұмысын партиялық тәртіпті түбегейлі кү­шейтіп, ішкі «тазалау» жұмыстарын жүр­гізуден бастаған болатын. Бұдан былай сан­нан гөрі сапаға мән берілетінін айтқан  Бауыр­жан Байбек нақты шараларды қолға алып, қарқынды жұмыс жүргізе бастады.

Қоғамдық қабылдаудағы ашықтық

Халық пен биліктің арасын жақын­дату­дағы үздік тәсілдердің бірі  – қоғамдық қа­­­­былдау. Халықтың мұң-мұқтажына  құлақ түріп, көмекке зәру жандарды қам­қорлыққа алған партияның еңбегі қалың бұқараның сенімін арттыра түскені анық. Тұрғындар тарапынан қозғалған түйткілді мәселелер мен өтініш-тілектерді оң шешуде пар­тияның алар орны ерекше. Өткен жылы партияның қоғамдық қаб­ылдауларына 214 мыңнан астам адам жүгінген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 35 пайызға (140 013) артық. Әлеуметтік сауалнама нәтижесі қандай да бір күрделі мәселені шешу үшін әрбір төртінші қа­зақ­стандық «Nur Otan» партиясының көмегіне жүгінетінін айтқан. Өтініш-тілектер мен арыз-шағымдардың 21 пайызы (45,1 мың) партияның арқасында оң шешімін тапса, қалған 76 пайызына (163,5 мың) түсіндіру жұ­мыстары жүргізілген. Ал науқандар, та­қырыптық және көшпелі қабылдаулар ке­зінде партияға 58 мың азамат өтініш біл­діріпті. Партияның Call-орталығына жалпы саны 23 мыңға жуық қоңырау келіп түскен. Сұраныстың көпшілігі Республикалық қо­ғамдық қабылдау бөлмесіне тиесілі – 9,3 мың (11%). Бүгінде партияның тұрақты жақ­тастарының саны – 2 млн. Партияның қоғамдық қабылдауы 4 бө­лімнен тұрады: бірыңғай үйлестіруші ор­талық, Call-орталық, тұрғындармен және әлеу­меттік желілермен жұмыс істейтін бө­лімдер. Орталықта әрбір оператор орта есеппен күн сайын 120 қоңырау қабылдаса, консультанттар әр минут сайын «Халыққа көмек» жобасы аясында әлеуметтік желі­лер­де сұрақтарға жауап береді. Ал еліміз бойын­ша күніне 500 адам «Nur Otan» пар­тиясының көмегіне жүгінеді екен. Коронавирус індетіне байланысты ка­рантин режимі енгізілгелі бергі уақытта партияның қоғамдық қабылдауларының он­лайн режимдегі жұмысы да жанданды. «Nur Otan» партиясына WhatsApp мессенд­жері арқылы жолданған онлайн өтініш­тердің саны 13 есе, әлеуметтік желілер ар­қы­лы көмек сұраушылар қатары 8 есе, Call-орталықтарға хабарласушылар саны 3 есеге дейін көбейген. Көмек сұраушы халық са­нының артуына қарамастан, партия жол­данған өтініштер мен талап-тілектердің еш­бірін назардан тыс қалдырмай келеді.

Арысқа көмек

Бүкіл халықты алаңдатқан ауыр оқиға Арыстағы жарылыс әлі күнге дейін халық­тың есінде. Сын сағатта партия Төраға­сы­ның Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Арыстағы апаттың зардабын жою жұмыс­тары­мен танысқан болатын. Қиын сәтте «Nur Otan» партиясы апат салдарынан зар­дап шеккен тұрғындарға гуманитарлық кө­мекті жіберу жұмыстарын жүйелі түрде жүр­гізді. Төтенше жағдай орын алған күн­нен бастап «Арыс, Біз біргеміз!» жал­пыұлт­тық акциясы қолға алынды. Партияның 17 аймақтық және 1 аумақтық филиалының база­сында гуманитарлық көмек қабыл­дайтын орталықтар ашылып, аймаққа арнайы автокеруендер жөнелтілді. Партия жиналған гуманитарлық көмектің мұқтаж жандарға жетуін жіті қадағалады. Сондай-ақ арыстықтарға көмек ретінде пар­тияның Орталық аппараты, барлық ай­мақтық және аумақтық филиалының қыз­меткерлері бір күндік жалақыларын ау­дарды. Партия жанындағы Балалар құқы­ғын қорғау жөніндегі республикалық кеңес­тің білікті мамандары зардап шеккен көп­балалы отбасыларға психологиялық қолдау көрсетіп, балаларының жазғы де­малысын ұйымдастыру үшін аймақта көп­теген жұмыс атқарған болатын.

Аймақтағы үлгілі істер

Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен еліміздің бірқатар аймағын аралады. Биыл қаң­тар айында Төраға орынбасары өңірдің жай-күйімен танысып, қарапайым тұрғын­дар­мен кездесу арқылы жергілікті тұрғын­дарды толғандырып жүрген нақты мәсе­ле­лерді анықтап, соларды шешуге атсалысу мақ­сатында Атырау жұртшылығымен кез­де­сіп, Мақат, Жылыой ауданы тұрғын­дары­ның өтінішін тыңдаған болатын. Өткен жылдың соңында жергілікті БАҚ-та теміржол арқылы өтетін жаяу жүр­гін­шілер көпірін салу жайында мәселе кө­терілген болатын. Мақат ауданына қарасты Доссор кенті теміржолдың екі қапталында ор­наласқан. Әкімдік, мектеп, балабақша кент­тің теріскейінде орналасса, ал оңтүс­тігіне 200-ден астам отбасы бар «Ынтымақ» ауы­лы қоныстанған. Теміржолдан өту жер­гілікті тұрғындар үшін өзекті мәселе бо­латын. Бүгінде облыстық және жергілікті билік өкілдері алдын ала есептер жүргізіп, көпір құры­лысы үшін жобалау сметалық құжат­тарды әзірлеуге қаражат бөлу қарастырыл­ған. Оның құрылысын 2021 жылдың екінші жартыжылдығында аяқтау жоспарланып отыр. Сапар барысында Бауыржан Байбек нысан құрылысының уақытында аяқ­талуын бақылауға алуды тапсырды. Соны­мен қатар көше жарығы, жол сапасы секілді бірқа­тар мәселелер де көтерілді, Төраға орын­басары оның барлығы партия на­за­рын­да болып, шешімін табатынын жеткізді. Бауыржан Байбек осы жұмыс сапары ба­рысында бастауыш ұйым жанындағы қ­о­ғамдық қабылдауда бірнеше азаматты қа­былдап, кент тұрғындарының өтініш­терін, көтерген мәселелері мен ұсыныс­тарын тыңдады. Сонымен қатар биыл аурухананың жылу жүйесіне жөндеу жүргізілетіні ай­тылып, аудан тұрғындарын қосымша жедел ме­дициналық көмек бригадасымен қамта­масыз ету мәселесі бойынша облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен бірге оны орындаудың нақты мерзімі белгіленді. Білім, ұрпақ тәрбиесі – қашанда пар­тияның ерекше назар аударатын салалары.  Партия Төрағасының орынбасары облыс_тағы үш ауысымды және апаттық мек­теп­терді жою үшін бес жылға арналған Іс-ша­ралар жоспары әзірленгенін, айтылған ұсыныстар жақын арадағы бесжылдықта өз шешімін табатынын жеткізді. Сондай-ақ тұрғындар кездесу бары­сында жол жөндеуге және инженерлік инфрақұрылымдарға қатысты өзге де өзек­ті мәселелерді көтерді. Айтылған мәсе­ле­лерді шешу партиялық бақылауға алынатын болды. Биыл көктемде Жамбыл облысына жа­саған сапары барысында Бауыржан Байбек Жуалы, Масанчи, Өтеген және Қордай аудан­дарына ат басын тіреді. Қордайда орын алған қазақ пен дұнған арасындағы қақ­­тығыстың ұлттар арасына сызат түсір­меуі қажеттігін айтқан партия Төраға­сының орынбасары: «Орын алған оқиға тек халықтың ауызбіршілігі мен қоғамдық келісім ғана еліміздің өсіп-өркендеуі мен табысты дамуының негізгі кепілі екенін та­ғы бір рет есімізге салды. Қордай ауданы­на арнайы келген сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Қазақстан – достықтың, бейбітшілік пен ке­лісімнің, сондай-ақ барлық этностық топ­тардың ортақ Отаны. Еліміз түрлі та­рихи жағдайларға байланысты қиын-қыстау заманда мәжбүрлі түрде қазақ жерін паналап келген халықтың бәрін құшақ жая қарсы алды. Біз біртұтас ұлт ретінде осы өткен күндерден сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, болашақта мұндай қайғылы жағ­дайлардың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет», – деген болатын көпшілікпен кездесу барысында. Осы сапар барысында жергілікті тұр­ғын­дар ауданда газдандыру, сумен қамту, мектепке дейінгі мекемелер мен мектеп құрылысы тәрізді дүниелер алаңдататынын жет­кізді. Партия Төрағасының орынбасары өз кезегінде бұл мәселелердің барлығын «Nur Otan» партиясы өз бақылауына алаты­нын айтты.

BIRGEMIZ

Елімізде вирусқа байланысты жария­ланған Төтенше жағдай режимі мен каран­тин халықтың әлеуметтік осал  топтарына ауыр соққы болып тиді. «Пандемияның сал­дарынан туындаған ауқымды дағдарыс жағ­дайында, ең алдымен, қарапайым азаматтар көмекке мұқтаж. БҰҰ ұсыным­дарына сәйкес, бүгінде елдер «қоғамның ең қорғансыз мүшелеріне» нақты қолдау көр­сетуге жұмылғаны жөн. Бір жағынан, бұл дағдарысты еңсеруге көмек берсе, екінші жағынан – құлдырап бара жатқан ішкі сұра­нысты, ұлттық экономикаларды қол­дайды», – деді Бауыржан Байбек. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төра­ға­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­масы­мен құрылған Birgemiz қоры пандемия ке­зінде қорғанысы әлсіз азаматтарға атау­лы көмек көрсетуді қолға алған болатын. Елбасының үндеуін қолдаған меценат­тардың арқасында Birgemiz қорының есеп­шотына 28,5 млрд теңгеден астам қаражат жинақталған. Birgemiz қорының біржолғы қаржылық қолдауына 550 мыңнан астам отбасы ие болған. Бұл отбасы мүшелерін қоса есептегенде – 2 миллиондай қазақ­стан­дық. «Nur Otan» партиясы мен Тұңғыш Пре­зидент Қоры желісі бойынша 300 мыңдай отбасы азық-түлік себетін алды. Бұл іске «Jas Otan» Жастар қанатының 5 мыңнан астам еріктілері қатысты. Сонымен бірге тұрмысы төмен 100 мың мұқтаж отбасыға 5 миллионнан астам тегін маска үлестірілді. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен ала­ды» дегендей, ел болып пандемия жағ­дайы­мен күресіп жатқанда Мақтаарал ауда­нының бірнеше ауылын бір түнде су алып, халық абыр-сабыр болды. Осы жағдайда нұротандықтар Түркістан облысының су басқан ауылдарының тұрғындарына мың тон­надан астам гуманитарлық көмек жө­нелтті. Шілде айында Достық ауылының тас­қыннан зардап шеккен тұрғындарына ар­налған үйлер салынып бітеді деп жос­парланып отыр. Халықтың күрмеулі мәселесін шешіп, алғыс арқалаған партиялықтардың кез келген бастамасы алдағы уақытта да сәтті жү­зеге асады деген ойдамыз. Өйткені пар­тияның бірінші міндеті – халықтың мұңын мұңдап, сөзін айтып, қоғамдағы күрделі мәселені бірігіп шешуге жетекші болу.