2 Шілде, 14:41 439 0 Қоғам Арайлым Бимендиева

3 миллионнан астам маман жаңаша даярланады

Қазіргі таңда адами капитал кез келген мемлекет бәсе­келес­тігінің басты факторына айнал­ды. Дүние­жүзілік экономикалық форумның баяндамасында бо­лашақта 10 жұ­мыс орнының 9-ы сандық дағ­ды­ларды талап ете­тіні атап өтілді. 2030 жылға қарай әлем бойынша кем дегенде 1 млрд адамды қайта оқыту қа­жет.

McKinsey болжамдарына сәйкес, 2030 жыл­ға қарай цифрлық дағдыларға деген қажеттілік кемінде 55%-ға өседі. ЭЫДҰ баян­дамасында жұмыс орындарының 32%-дан астамы цифрландыру нәтижесінде тү­бегейлі өзгертілетін болады деген болжам кел­тірілген. Бұл ретте компьютерлік сауат­тылық туралы ғана емес, сонымен қатар алдыңғы қатарлы цифрлық құзырет туралы да айтылып отыр.

Білім және ғылым министрі А.Айма­ғамбетовтің айтуынша, бірнеше жыл бойы Қазақстан білім беру саласындағы халық­аралық зерттеулерге қатысты, онда елдегі «гаджеттеудің» жоғары деңгейі цифрлық дағ­дылардың жоғары деңгейіне айтар­лық­тай әсер етпейтіні анықталды.

ICILS зерттеуіне сәйкес, 14 жастағы оқу­шылардың 54%-дан астамында цифрлық сауат­тылық деңгейі төмен. PIААС зерттеуіне сәйкес, 6-дан 34 жасқа дейінгі 5 азамат қана жақсы цифрлық дағдыларға ие.

«Цифрлық құзыреттілікке қосымша адам капиталы үшін функционалдық сауаттылық, сыни ойлау, креативтілік, оқу және талдау қабілеті болып саналатын soft skills дамыту қажет. Бұл бағыттағы басты қадамдарды біз бастадық», – деді Білім және ғылым министрі.

2016 жылдан бастап мектептерде функ­ционалдық сауаттылықты дамытуды қарас­тыратын жаңа білім беру бағдарламалары енгізілуде. Алдағы оқу жылында мектеп­тердің жаңа бағдарламаларға көшуі аяқ­та­лады. Келесі қадам білім берудің бар­лық деңгейіне цифрлық құзыреттерді енгізу болады.

Министрліктің алдында әлемдік стан­дарттарға сәйкес АT саласының маман­да­рын даярлау, цифрлық құрауышты қамти отырып, басқа салалардың мамандарын оқыту және қайта даярлау және барлық аза­маттарға базалық цифрлық сауат беру се­кілді міндеттер тұр.

«Осыған байланысты Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәйкес, біз «Цифр­лық білім беру» ауқымды жобасын жүзе­ге асыруды ұсынамыз. Жоба үш негізгі бағытты қам­тиды. Бұл – базалық цифрлық құзырет­тер, мамандандырылған АT-кадрларды және басқа салалардың қызметкерлерін АT құзыретімен үйлестіре отырып даярлау. Осы жо­баның нәтижесінде терең АТ білімі бар жаңа мамандар шығарылады», – деді А.Айма­ғамбетов.

Аталған жоба аясында жыл сайын 400 мыңнан астам «цифрлық құзырет» кадр­лары шығарылады. Осылайша, 2030 жылға қарай барлық деңгейдегі оқу орындары жаңа формациядағы 3 миллионнан астам ма­ман даярлайтын болады.

«Биыл жаңа оқу жылынан бастап цифрлық сала үшін мамандар даярлайтын жетек­ші колледждер базасында 31 жаңа бағдарлама енгізіледі», – деп хабарлады ведомство басшысы.

Сонымен қатар АT мамандығы бойынша жоғары білім беру жүйесінде 51 мыңнан астам студент білім алуда. Жыл сайын мем­лекеттік тапсырыс көлемі артып келеді. 326 кәсіби стандарт негізінде АТ-бағыт бойын­ша бағдарлама 95% жаңартылды.

Министр атап өткендей, білім беру бағ­дарламаларына үлкен өзгерістер енгізілді. 2019 жылдан бастап университеттерге академиялық еркіндік берілді. Енді осы жоба аясында жаңа оқу жылынан бастап 91 инновациялық бағдарлама енгізіледі.

Соңғы жаңалықтар