28 Мамыр, 10:15 359 0 Денсаулық Анар ЛЕПЕСОВА

Коронавируспен күрес: Атырауда 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған

Сурет интернеттен алынды
Сурет интернеттен алынды

Атырау облысында коронавируспен күреске 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Оның 500 млн теңгесі республикалық бюджеттен бөлінсе, қалған жартысы жергілікті бюджеттен қаралған.

Бұл туралы онлайн брифингте облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мәлімдеді.

Аймақ басшысының айтуынша, індетпен күрес жұмыстарын қаржыландыруға демеушілермен қатар, кәсіпорындар мен компаниялар да көмек көрсеткен. Нәтижесінде жиналған қаржыға медициналық жабдық, жеке қорғаныс құралдары, дәрі-дәрмек сатып алыныпты.

«Қонақ үйде жатып жұмыс істеген медицина қызметкерлері мен карантинде жатқан азаматтар үшін жатын орынның ақысы төленді. Уақтылы тамақтандыру ұйымдастырылды. Бастапқыда 180 инфекциялық орын жасақталса, қазір ол 540 орынға дейін көбейтілді. Сондай-ақ 300-ден астам карантиндік орын дайындалды», - дейді Махамбет Досмұхамбетов.

Айта кетейік, бүгінде Атырау облысында коронавирус жұқтырғандар саны 959-ға жетті. Соңғы тәулікте өңірде 15 адамнан індет анықталды.  Науқастардың  262-сі емделіп шықты.

Ал республика бойынша індетке шалдыққандар саны 9576-ға жетті.

Соңғы жаңалықтар