757
Сарыбаев тағылымы
Сарыбаев тағылымы

Еліміздің ғылымы мен біліміне өлшеусіз үлес қосып, отандық тіл ғылымының халықаралық деңгейде танылуына, түркі дүниесінде өзіндік орын алуына елеулі еңбек сіңірген көрнекті түрколог-ғалым Шора Сарыбаев. Академик Шора Сарыбаевтың 95 жылдық мерейтойына арналған тағылымдық-танымдық еңбектері мен ғұмырлық ғибратын болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге ету және насихаттау мақсатында «Академик Ш.Сарыбаев тағылымы: тіл тағдыры және ұлт ұлағаты» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел отырысында Ұлттық ғылым академиясының академиктері мен корреспондент мүшелері Бақтияр Сманов, Фаузия Оразбаева, Зейнеп Базарбаева, Бауыржан Омаров, Шерубай Құрманбайұлы, Кәрімбек Құрманәлиев және филология ғылымдарының докторлары Бақытжан Хасанов, Дандай Ысқақұлы, Жаңалық Балтабаева, Ғарифолла Әнес, Қалбике Есенова, Алтынай Тымболова, Алтыншаш Құрманәлі, Әнипа Мұхтарова сынды ғалымдар баяндама жасады. Сөз алғандар Ш.Сарыбаевтың ғылыми шығармашылығы, ұстаздық ұлағаты, тіл тағдырына араласуы, кісілік келбеті, қоғамдық қайраткерлігі және ұлт мүддесіне қызметі жайында айтты.
Академик Ш.Сарыбаевтың тұлғалық келбетін жан-жақты қарастыру үшін, ғалымның еңбектерінің мәнін терең түсіну керек. Оның қазақ тілінің өзекті салаларының, атап айтқанда, қазақ тілі тарихы, диалектология, лексикология, лексикография, грамматиканың көкейкесті мәселелерін көтерген 300-ден астам ғылыми мақалаларындағы, монографиялық еңбектеріндегі, оқулықтары мен сөздіктерінде қарастырған зерттеулерін терең зерделеу міндеті тұр.