371
Дағдарыс пен жанбағыс
Дағдарыс пен жанбағыс
Ұлттық экономикамызды әлемдегі қаржылық тұрақсыздықтың теріс әсерлерінен қорғау үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы республикалық жедел әрекет ету штабы құрылды. Ондағы басты мақсат – халықтың әл-ауқатының сақталуын қамтамасыз ету. «Азаматтарымыздың ешқайсысы қиын жағдайда қалмайды», – деп сендірді Үкімет басшысы. Ал Премьер-Министрдің орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов теңгенің жаңа бағамы мен инфляцияға байланысты зейнетақы, жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмекті индекстеуге уәде берді.
Қаржы министрінің айтуынша, республикалық бюджеттің шығындары қысқарады. «Қай бағытта оңтайландыратынымыз белгілі. Біріншіден, қымбат көліктер мен жиһаздар, форумдар, семинарлар және басқа да іс-шаралар өткізу мәселесі. Бұл іс-шараларға қанша қаражат жұмсалатыны есептелді. Екіншіден, бюджеттен қаражат бөлінуі қажет жобаларды кейінгі қалдыра тұруға болады», – деді Ә.Смайылов.
Қысқартылған шығындар есебінен еліміздегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау шаралары тиісті қаржымен қамтылмақ. Министр зейнеткерлерге, мемлекет тарапынан әлеуметтік төлемдер алып отырған көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға алаңдайтын негіз жоқ екеніне сендірді. Осы орайда, елімізде балаларға берілетін жәрдемақыларға кеңірек тоқталуды жөн көрдік.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елімізде көпбалалы отбасылардың 6 пайызы – төрт, 27 пайызы – бес, 9 пайызы – алты, қалған 3 пайызға жуығы жеті және одан көп бала тәрбиелеп отыр. 3 пайыз деп отырғанымыз – 8 334 отбасы. Олардың 5 935-і – 7 бала, 1 501-і – 8 бала, 729-ы – 9 бала, 168-і – 10 бала өсіріп отырған шаңырақтар болса, біреуі – 15 баласы бар отбасы. Бұл жанұялардың барлығы қаңтардан бастап 74 375 теңге жәрдемақы алып отыр. Сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға жеке мемлекеттік жәрдемақы төленеді, олардың орташа мөлшері – 16 160 теңге. Өткен жылы оны 235 мыңға жуық адам алған. Бұл мемлекеттік жәрдемақының төленуі жалғаса бермек.
Десе де, 10 баласы бар отбасының 7 баласы бар жанұямен бірдей жәрдемақы алуы әділеттілік принципі туралы айтпағанның өзінде қарапайым арифметика заңдылықтарына қайшы. Өйткені көпбалалы отбасылардың әр баласына 10 600 теңгеден берілетінін әу баста министрдің өзі айтқан болатын. 8 бала және одан да көп перзент тәрбиелеп отырған аналар тарапынан жәрдемақыны көбейту жөнінде өтініштер көбейген соң, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халық қалаулыларымен кеңесе отырып жәрдемақыны одан ары саралау қажет деген ортақ пікірге келіпті.
«Өңірлерге барғанда жасы кәмелетке толмаған 12 баласы бар ана неліктен 7 баласы бар аналармен бірдей жәрдемақы алатындығын сұраған еді. Сондықтан әділетті болу керек шығар. Ең көбі 15 баламен тоқтадық. Таяу уақытта заңға түзетулер енгіземіз. Заң ақпан не наурызда қабылданғанның өзінде ол осы жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді. Ендігі уақытта 8 баласы барларға 74 мың емес шамамен 85 мың теңге, 9 балаға 96 мың, 10 балаға 106 мың және 15 балаға 159 мың теңге беріледі», – деді министр 17 ақпанда өткен ведомствоның кеңейтілген алқа отырысынан кейін.
Култышевтар отбасы 16-шы сәбиін күтіп отыр
Елімізде 15 баласы бар жалғыз отбасы бар екенін де сол күні Біржан Нұрымбетовтің аузынан естідік. 8 ұл, 7 қыз тәрбиелеп отырған Култышевтар отбасы Петропавлда тұрады екен. Татьяна мен Павел Култышевтың тұңғышы 18 жаста болса, кенжесі небәрі 10 айлық. Көпбалалы отбасы жазда 16-шы сәбимен толықпақ. Павел Култышев – дәнекерлеуші, шағын кәсібі бар. Өткен жылы шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Бастау» бағдарламасы бойынша 250 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алған. Сол қаражатқа дәнекерлеуге арналған аппарат сатып алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Алайда қыста тапсырыс бола бермейтіндіктен, күнкөріс қиындайды екен. Күн жылынып, құрылыс қарқыны артса, табыс та артады деген үмітте. Отанасы Татьяна мектепті бітіргеннен кейін бірден тұрмысқа шығыпты. Тұңғышын 20 жасында дүниеге әкелген. Одан кейін араларына 1 жыл салып 14 бала босанған. Бір таңданарлығы, ерлі-зайыпты балаларына өз есімдерін беруді жөн санапты. Үйлерінде екі Павел, екі Татьяна бар. Бүгінде отбасындағы 15 баланың 11-і – мектеп оқушысы. Бір-біріне серік болсын, мектепке жұптасып барсын деп ата-ана бір сыныпқа екі баладан берген. Ал үйдің кішкентайлары күні бойы аналарының жанында болады. Қаражат үнемдеу үшін Павел мен Татьяна балаларын балабақшаға беруден бас тартқан. Десе де, отанасы бала бағудан қиындық көрмейтінін айтады. Өйткені үйдің ересектері анасына қолғанат. Қыздары үй шаруасына көмектесіп, кішкентай бауырларына қамқор болса, ұлдары әкесімен бірге түздің жұмысын реттейді, мал жайлайды.Бір баласы барлар да жәрдемақыдан үмітті
Еліміздегі 1-3 баласы бар отбасылар да жәрдемақыдан дәмелі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 1-3 баласы бар жанұяларға мемлекеттік жәрдемақы төлеу мәселесі талқыланғанын, бірақ шешілмегенін айтты. «Қазір 370 мың көпбалалы отбасыға мемлекеттік жәрдемақы беріліп жатыр. Оның 125 мыңы – аз қамтылған отбасы. Министрлікке бір, екі, үш баласы бар отбасылар хабарласып, дәл сондай көмек талап етуде. Біз түрлі тәсілдерді талдау барысында бұл қадам бюджетке ауыр салмақ салатынын анықтадық», – деді ведомство басшысы. Министрдің дерегінше, елімізде бір, екі және үш балалы 2 млн 904 отбасы бар. «Бір, екі және үш баласы бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау мәселесін шешу қиын болып тұр. Бұл үшін 15 есе көп қаржы керек. Тағы бір жайт, жағдайы жақсы отбасыларға мұндай жәрдемақы төлеу қажет пе, жоқ па? Бұл да үлкен сұрақ. Біз осы мәселені жан-жақты қарастырып жатырмыз», – деді Біржан Нұрымбетов. Бұдан бөлек, жуырда министрлік бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы көлемін ұлғайту туралы бастама көтерді. «Еңбек министрлігі бала күтіміне берілетін жәрдемақыны өсіруді ұсынып отыр. Қазір ондай жәрдемақы бала бір жасқа толғанша ғана төленеді. Біз бала бір жарым немесе үш жасқа толғанша жәрдемақы төлеу мәселесін көтеріп, тиісті есептеулер жүргізіп жатырмыз. Бұл қисынды болар еді. Қазір елімізде 387 мың ана бала күтімі бойынша жәрдемақы алады», – деді ведомство басшысы. Қазіргі таңда Қазақстанда бір жасқа дейінгі баланың күтіміне байланысты төленетін жәрдемақының мөлшері отбасындағы балалар санына қарай сараланады. Жұмыс істемейтін әйелдерге бірінші балаға – 15 270 теңге, екінші балаға –18 054 теңге, үшінші балаға – 20 811 теңге, ал төртінші және одан да көп балаға 23 594 теңге беріледі. Ал декретке дейін жұмыс істеген әйелдерге бала күтіміне байланысты төленетін ай сайынғы төлем жалақысының 40 пайызын құрайды. Мәселен, әйел босанғанға дейін екі жыл ішінде 3 500 000 теңге табыс тапты делік. Осы соманы 24 айға бөлсек, оның орташа жалақысы – 146 000 теңге. Мұны мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтсек, 58 400 теңге шығады. Оның 10 пайызы зейнетақы қорына аударылады да, қалған 52 560 теңгесі декреттегі анаға баласы бір жасқа толғанға дейін ай сайын төленіп отырады. Жаңа жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш көлемінің өсуіне байланысты бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері де өскенін айта кеткен жөн. Бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 100 738 теңге төленсе, төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 167 013 теңге беріледі. Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді. Сондай-ақ жұмыс істейтін аяғы ауыр әйелдерге жүктілікке және босануға байланысты берілетін біржолғы әлеуметтік төлем бар. Оның мөлшері әр әйелдің айлық табысына байланысты сараланады. Айталық, соңғы бір жыл ішінде табысыңыз 1 800 000 теңге болса, ай сайынғы орташа жалақыңыз – 150 мың теңге деген сөз. Мұны мемлекет бекіткен 4,2 коэффициентке көбейтсек, 630 000 теңгеге тең. Осы сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасы шегеріледі де, қалған 567 000 теңге жүкті әйелдің есепшотына аударылады.Шетелдік тәжірибеге үңілсек...
Балаларға жәрдемақы төлеу мәселесі өзге мемлекеттерде қалай шешімін тапқан? Интернетте жарияланған деректерге шолу жасап, осы сауалға жауап іздеп көрдік. Аңғарғанымыз – бірқатар елде балалар жәрдемақысының көлемі біздегіден әлдеқайда көп. Әлеуметтік төлемді бала 20 жасқа толғанға дейін төлейтін мемлекеттер де бар. Францияда бала дүниеге келген кезде 923,08 евро төленеді, асырап алған жағдайда – 1846,15 евро. Біздің валютаға шаққанда, 400 мың теңгенің о жақ бұ жағы. Бұл сома өмірге келген сәбидің шығындары мен күтіп-баптауына арналған. Аталған жәрдемақы ата-анасының жалақысы 35,729 евродан төмен болған жағдайда беріледі. Бұған қоса, баланың саны мен ата-анасының жұмысы да есепке алынады. Ал Германияда 5 жасқа дейінгі балаларға 240 евро көлемінде жәрдемақы төленсе (шамамен 105 мың теңге), 13 жасқа дейінгі балаларға 296 евроға дейін беріледі. Ал 14 жастан 17 жас аралығындағы жасөспірімдер 316 евро ақы алады. Аталған жәрдемақыға қоса өзге де бір реттік төлемдер қарастырылған. Финляндияда балалар жәрдемақысы 17 жасқа толмаған елдің әрбір азаматына төленеді. Балаларды қолдау шараларын Финляндияның Ұлттық әлеуметтік қамтамасыз ету институты (KELA) атқарады. Мемлекетте бірінші балаға – 94,88 евро, екінші балаға – 104,84 евро,үшінші балаға – 133,79 евро, төртінші балаға – 153,24 евро, ал бесінші және одан кейінгі балаларға 172,69 евро көлемінде жәрдемақы тағайындалған. Швеция заңнамасы бойынша балалар жәрдемақысы осы елде тұрақты тұратын және 16 жасқа толмаған балалары бар ата-аналарға беріледі. Егер отбасында ана мен әке бірлескен қамқорлықта болса, онда баланың ата-анасына екі рет 625 СЕК (швед кроны) бөлінеді. Шамамен 26 мың теңге. Егер әкесі немесе анасы балаға жалғыз қамқор болса, ол айына 1,250 швед кронын алады. Канададағы 18 жасқа толмаған балалары бар отбасылардың барлығына ай сайын жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы 2 түрге бөлінеді: 6 жасқа дейінгі және 6-дан 17 жасқа дейінгі. 6 жасқа толмаған әрбір балаға 533.33 CAD төленеді. Бұл – шамамен 155 620 теңге. Ал 6 жастан 17 жасқа дейінгі әр балаға 450.00 CAD төленеді. Аталған сома балалардың санына және отбасының табысына байланысты өзгеріп отырады. Көпбалалы отбасыларға қамқорлық көрсету жөнінен Канада тәжірибесі көп елге үлгі бола алады. Жанар ТОҒЫМОВА, төрт баланың анасы: – 1 қаңтардан бастап 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы алып келеміз.Бұл қаржы бүкіл мәселемізді шешпесе де, отбасылық бюджет үшін біраз көмек болғаны рас. Үлкеніміз 4-сыныпта оқиды, кенжеміз жуырда 2-ге толды. Жастары өскен сайын балалардың қажеттіліктері де көбейіп келеді. Отағасының жалақысы бірде жетіп, бірде жетпей қалып жатады. Үлкендерімді мектепке апарып, алып келу, кіші қызыма қарау, үйдің шаруасы бар, әзірге жұмысқа шығуға мүмкіндігім жоқ. Сондықтан шығындарды барынша азайтып, жолдасымның табысы мен жәрдемақыны үнемдеп жұмсауға тырысамыз.