– Авторлық турыңыз басталғалы қанша саяхатшымен жұмыс істедіңіз және туристер көбіне қай елден келеді?
– Авторлық турым басталған 2017 жылы non stop режимде жұмыс істедім, өйткені туристер легі көп болды. Сол жылы маусым-шілде айларында аптасына 20-25 адамнан тұратын туристерге гид қызметін атқардым. Мен екі жыл қатарынан бір аптада екі бағытта туристер қабылдап жүрдім. Бұл дегеніңіз 25 адамнан тұратын екі топ, яғни бір аптада 50 адамға гид қызметін атқардым. Осы уақытқа дейінгі 3 жылдық тәжірибемде 3 мыңнан астам турист менің турым арқылы Италияның көрікті жерлерін тамашалады. Маған ТМД елдерінен, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Ресей, Украина, Беларусь елінен, әсіресе Қазақстаннан туристер көп келеді.
–Турларыңыздың әлемде соншалықты танымал болуына не себеп болды деп ойлайсыз?
– Осыған дейін авторлық турым туралы нашар пікір естімедім, барлығына ұнап жатады. Өйткені мен өз жұмысыма бар ықыласым мен махаббатымды арнаймын. Тур бағасы қолжетімді, тіпті арзан десем болады. Мен күреп ақша табуды мақсат етпеймін, бастысы қандай іспен айналыссам да адамдарға пайдам тигенін қалаймын. Менің турларым өзіме және туристерге қуаныш, бақыт, шабыт сыйлайды. Авторлық турдың өте танымал, сұранысқа ие болуы сондықтан болар деп ойлаймын. Оңтүстік Италияға келгендер менің турыма жазылғысы келіп, асығып тұрады. Бірақ соңғы кездері адам санына шектеу қоятын болдым. Өйткені туристер тым көп, мен жалғызбын. Қазір өз денсаулығыма мән беріп, адамдарды топқа аз-аздан жинайтын болдым. Бұл турдың бағасына әсер етпейді, бағасы бұрынғыша.
– Салерно қаласының әкімдігі жақсы қызмет ұсынған кезде «азаматтығымды ауыстырмаймын» деп бас тартқаныңыздан және EXPO кезінде өз еркіңізбен Италиядан туристерді алып келгеніңізден хабардармыз. Болашақта шетелдік туристерді Қазақстанға саяхаттауға алып келу туралы жоспарыңызда бар ма?
– Қазақстан – менің Отаным. Жүрген жерімде елім туралы айтып жүремін. Алғашқы жылдары Қазақстан туралы Италияда тек туыстар, жақындарымыз бен достарымыз ғана білетін. Қазір бүкіл оңтүстік Италия біздің еліміз туралы біледі десем артық айтқаным емес. Әсіресе, Қазақстаннан келген туристерге жергілікті мейрамхана, дүкен қожайындарының қазақша «Рақмет», «Сәлем» деп айтқаны қатты ұнайды.
2015 жылы Миланда «Планетаны асырау. Өмір сүруге қажетті қуат» деген атпен EXPO көрмесі өткенде Қазақстан павильонын миллионнан астам адам тамашалаған болатын. Бұл туралы барлық жерде айтылса да, EXPO Қазақстанда өткен кезде ешкім бұл туралы білмеді. 2017 жылы Елбасы Н.Назарбаев EXPO көрмесін өткізу бүкіл Қазақстанның дамуындағы маңызды кезең екенін айтты. Қазақстанға шетелдік туристерді тарту маңызды екенін түсіндім, оңтүстік Италияның мейманхана, мейрамхана иелері, шағын және үлкен қала басшылары мен кәсіпкерлер палатасына дейін барып презентация жасап, елімді таныстырдым. Бұл – менің азаматтық борышым деп санадым. Менің жасаған презентациямнан соң Қазақстанға менімен бірге баруға 50 адам қызығушылық танытты. Турдың бағасы арзан еді, ұшақ билетін қоспағанда шамамен 250 евро болды. Бірақ ұшақ билетінің бағасы 600-700 евро екенін білгенде жиналғандардың біршамасы бас тартты. Итальяндықтар ондай ақшаға Қазақстанға келгенше, 400 евроға Америкаға барып келгеніміз дұрыс деді. Менімен бірге тек 12 кәсіпкер келді. Қазақстан оларға өте ұнады, көрмеден бөлек Көкшетауға апардым. Сол кәсіпкерлер мені көрген сайын «Қазақстанға қашан барамыз?» деп сұрайды. Қазақстанға келгісі келетін итальяндықтардың саны күннен-күнге артып келеді, бірақ өкінішке қарай Қазақстан туристерді қабылдауға дайын емес. Бізде менталитет басқаша, мен мүмкіндіктің бар екенін көремін, бірақ өз елін, өз жерін өз деңгейінде биікке көтеруді шынайы махаббатпен жасай алмай отырғандай. Сырт көзге маған солай көрінеді. Десе де, алдағы уақытта мен Қазақстанға туристерді көбірек апарғым келеді. Сондықтан қайда жүрсем де, Қазақстанды жарнамалап жүремін.
– Бір емес, бірнеше кәсіптің басын қосып жүрсіз. Италияда бизнес ашуда қандай қиындықтарға кезіктіңіз?
– Бизнестің қай саласы болмасын, оңай емес. Күтпеген кедергілер, тосқауылдар болды. Мұндай жағдайда бәрін ой елегінен өткізіп, шешім қабылдап, сабырмен, шыдамдылықпен күту керек. Бизнес деген бірден табыс әкелмейді, көп адамдардың қателігі сол – олар тез ақша тапқысы келеді. Ал бизнеске өзінің жанын салып, махаббатын арнамайды. Қай елде болмасын, өз ісіңді бастау үшін ең алдымен махаббат керек. Ниетің мен махаббатың болмаса қиын. Мен өзімді өмірде жолы болған адамдардың бірімін деп ойлаймын, өйткені өмір мені жақсы адамдармен жолықтырды. Менің айналамда маған әрқашан жан жүрегімен көмектесуге дайын адамдар болды. Адамның адамға көмектесуі бизнестің дамуына септігін тигізеді.
Қазір мен өзімді толыққанды кәсіпкер деп атай аламын. Бір кәсібім екінші кәсіпті дамытуыма жол ашты, осылайша бүгінде бірнеше кәсіпті дөңгелетіп отырған жайым бар. Өзімнің авторлық турымды бастаған кезде қалтамда 1 евром ғана болған. Күйеуім екеуіміздің жағдайымыз мәз емес болатын. Алғашында туристерге аз ғана ақшаға өзім білетін жерлерді аралаттым. Осылайша, бірте-бірте менің турым туралы көптеген адам біле бастады.
Менің бір ерекшелігім – басқа гидтер көрсетпейтін ерекше жерлерді көрсетемін. Бір саяхатшым кейін өзіне ілестіріп 100 турист әкелген кезі болды, біреуі анасын, енді бірі отбасын жібереді. Осылайша, адамдармен таныстық артты, өзім де дами бастадым. Көп адамдармен таныстықтың соңы өзімнің бренд өнімімді шығаруға алып келді. Туристерді зауыт, фабрикаларға апара жүріп, зәйтүн майын қалай жасайтынын көрдім. Уақыт өте келе тамақтардың сапасын байқап, өндірушілердің өнім сапасын ажырата алатындай деңгейге жеттім. Америкада аса танымал зәйтүн майымен айналысатын Италиядағы зауытпен келісімшарт жасасып, өз брендімді қалыптастырып, Қазақстанға әлемдегі ең жақсы зәйтүн майын әкеліп жүрмін.
Бұл кәсіпті бастауыма да патриоттығым әсер етті. Қазақстанға келгенде супермаркеттегі сапасы өте төмен зәйтүн майларының сыртындағы Made in Italy деген жазуды көріп қынжылдым. Еуропаның үшінші сорттағы елдерге жіберетін тауарлары Қазақстанның сөрелерінде тұр. Қазақстан Италия фермерлерінің жергілікті тұрғындарға арнап өндіретін өнімін пайдаланады, осы кәсіппен айналысамын деп шештім. Қазақстанмен қатар Ресей нарығына да шығып жатырмын, бұйырса наурызда өз брендіммен Ресейге алғашқы тауарларымды жіберемін. Бренд CasaEsposito деп аталады. Эспозито – менің күйеуімнің, ұлымның фамилиясы, ал casa – итальян тілінен аударғанда үй деген сөз. Қазақша баламасы «Эспозитоның үйі». Болашақта ұлымның бренді және отбасылық бизнес болсын деген оймен осылай атадым.
– Сіздің әйелдерге арналған авторлық парфюміңіз де сұранысқа ие сияқты. Болашақта ер адамдарға арналған парфюм шығару жоспарыңызда бар ма?
– Менің авторлық парфюмдерім Италияның Позитано қаласында 160 жылдық тарихы бар парфюмерияда ескі әдіспен жасалады. Парфюмерияның қожайыны жасы келген кісі, күндердің бір күнінде маған «Диана, мен саған арнап парфюм жасағым келеді, сен үшін парфюм жасауға рұқсат ет» деді. Бұл өте тамаша жаңалық еді. Жалпы итальяндықтар өте ашық, егер өздері сияқты ашық, шынайы, адал, ақкөңіл жанды кездестірсе, олар екі есе ашыла түседі. Бұл фабрикаға парфюм жасатуға көптеген танымал Италия актерлері, маңызды тұлғалар тапсырыс береді. Бүгінде парфюмнің әйелдерге арналған 4 түрлі иісін шығардым. Парфюм by Diana Esposito деп аталады. Құрамында спирт жоқ, иісі 2-3 тәуліктен астам сақталады. Парфюмдерім Қазақстанда, Ресейде үлкен сұранысқа ие. Өйткені бағасы қолжетімді, сапасы жоғары.
– Жақында әлеуметтік желі арқылы кітап жазып жатқаныңызды айттыңыз.
– Мен күйеуім Мариомен қалай танысқанымды Instagram желісінде жаза бастағанымда көпшіліктің жүрек қылын қозғағанын білдім. Бірнеше мыңдаған адам біздің қалай табысқанымызды қызыға оқыды. Оқырмандарымның рухани қолдауының арқасында Марио екеуіміздің махаббат тарихымызды кітап етіп жазып шығамын деп шештім. Бұл – мен үшін жаңа тәжірибе, жаңа баспалдақ. Мүмкін бұл кітабым бестселлер болмас, бірақ мен осы кітапты жазып шығарғым келеді. Бүгінде түнгі уақытта осы кітапты жазумен айналысып жатырмын. Сәтін салса, бұл кітап барлық кітап сөрелерінен табылады деп ойлаймын.
– Қазақ халқы мен итальяндықтардың қандай қасиеттері ұқсас?
– Италияның солтүстігі мен оңтүстігінің халқы бір-бірінен өзгеше. Солтүстік итальяндықтар сабырлы, ұстамды, тәкаппар. Ал оңтүстік итальяндықтар сезіммен, бір күнмен өмір сүреді және өмірдің әрбір сәтінен ләззат алады. Олар әр күнін мереке сияқты өткізгісі келеді, өте мейірімді, көңілді, позитивті, қонақжай, кейде тіпті еріншектеу. Оңтүстік Италияда ең алдымен отбасын маңызды санайды. Бұл қасиеттері қазақтарға өте ұқсас болғандықтан шығар, маған бұл елге сіңісіп кету оңай болды.
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ