603
Жемқорлық жайлаған оқу орындары
Жемқорлық жайлаған оқу орындары
Jas Otan Қазақстандағы жемқорлықпен аты шыққан 7 бірдей жекеменшік ЖОО-ның тізімін жариялады.
Отандық жоғары оқу орындарының жемқорлыққа бейім екендігіне әрбір сегізінші студенттің көзі жетіп отыр. Nur Otan партиясы Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев «Таза сессия» акциясының екінші кезеңінің қорытындысын айтты. Анонимді сауалнамаға еліміздегі 64 жекеменшік жоғары оқу орнында оқып жатқан 20 мыңнан астам студент қатысқан.
«Көптеген студенттер пара беруді ЖОО оқымай-ақ бітірудің жолы сияқты көреді. Десек те, оқытушылардың өздерін осындай жағдайда оқу бітірген, түлектерінің алдағы тағдыры алаңдатып отырған жоқ. Jas Otan Жастар қанатының белсенділеріне студенттер көптеп хабарласып, көмек сұрайды. Сауалнамалар негізінде студенттердің жемқорлық фактілерін көрсеткен 7 жоғары оқу орнының рейтингі жасалды. Бұлар: Нұр-Сұлтан қаласындағы Медициналық университет, Жетісай қаласындағы «Сырдария» университеті, Алматыдағы Қазақ туризм және спорт академиясы, Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университет, Алматыдағы Орталық Азия университеті, «Алматы» университеті, С.Баишев атындағы Ақтөбе университеті», – деді Елнұр Бейсенбаев.
Респонденттердің пікірінше, жемқорлық фактісі ең көп емтихан және есеп тапсыру кезінде (23,8%), дипломдық жұмыс қорғау кезінде (8,7%) көрініс беріп отыр. Ал «ЖОО студенттері параны кімге көп береді?» деген сұрақ бойынша студенттердің 30%-ы конвертті оқытушыларға беретіні, ал 4,4%-ы ректорларды тікелей сатып алатыны анықталды. Ұсынылатын параның мөлшері де ерекше назар аударуды қажет етеді. Жасотандықтардың дерегіне сүйенсек, Қазақстан бойынша сессияны жабу бағасы 22 мың теңгені құрайды, бір пәнді тапсыру 14 мың болса, курстық жұмыс 32 мың теңге тұрады екен.
Сонымен қатар Nur Otan партиясы жанындағы Jas Otan Жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев елімізде 92 720 студентке жатақханадан орын жетіспейтінін айтты. Оның айтуынша, ЖОО мен колледждерде оқитын әрбір 4-ші студент жатақханаға мұқтаждығын айтқанымен, олардың 33%-ына орын берілмеген.
Jas Otan-ның 2 мыңнан аса белсендісі мен студенттер бірлесе отырып, еліміз бойынша 270 жатақханаға тексеру жүргізді. Ұйымдастырушылар тексеру нәтижелерінің көңіл көншітпейтінін айтып отыр.
Осылайша, жасотандықтар Қазақстандағы ең нашар студенттер үйінің тізімін жасады. Олардың қатарына төмендегі оқу орындарының жатақханалары кірді:
- «Қайнар» университеті;
- «Алматы» университеті;
- Satbayev university;
- Шымкент қаласындағы № 4 колледж;
- Жол-көлік колледжі, Шымкент қаласы;
- Нұр-Сұлтан қаласындағы Жоғары политехникалық колледжі;
- Шығыс Қазақстан облысындағы Ауылшаруашылық колледжі;
- Қостанай қаласындағы Инженерлік-экономикалық университеті;
- Тараз политехникалық колледжі;
- Қаратау қаласындағы №2 колледж;
- Петропавл қаласындағы Гуманитарлық-техникалық колледжі;
- Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі;
- Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі;
- Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті;
- Қызылорда облысындағы «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты.