Таразда этно-ауыл құрылады

Таразда этно-ауыл құрылады

Таразда этно-ауыл құрылады
ашық дереккөзі

Тараз қаласында «Этнографиялық ауыл» құрылмақ. Бұл туралы Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру мәселелеріне арналған брифингте белгілі болды.

Жамбыл облысында ашылатын «Этнографиялық ауыл» еліміз бойынша екінші этно-ауыл болмақ. Айта кетейік, мұндай этно-ауыл Өскеменде ғана бар. Шығыс Қазақстандағы этно-ауыл қазақстандық мәдениетті ілгері жылжыту және туристерді тарту мақсатында құрылған болатын.

Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Лариса Лысованың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасында ел аймақтарында этно-ауыл құруға айрықша мән беріліп отыр.

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев өңірде этно-ауыл құру мәселесін осыдан екі жыл бұрын қолға ала бастаған. «Жоба бойынша «Көне Тараз» тарихи-археологиялық кешені аумағында өңірлік этномәдени бірлестіктердің қатысуымен этно-ауыл құру қарастырылып отыр. Бүгінгі күні 16 бірлестік аталған жобаны жүзеге асыруға келісті. Біздің ойымызша, бұл қаламызға туристер тартуға мүмкіндік береді», – деді брифингте сөйлеген сөзінде Лариса Лысова.