Bek Air ұшақ апатына қандасымызды кінәлі етпек пе?

Bek Air ұшақ апатына қандасымызды кінәлі етпек пе?

Bek Air ұшақ апатына қандасымызды кінәлі етпек пе?
ашық дереккөзі
277
2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air ұшағы апатқа ұшырады. Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан лайнер ұшу кезінде орнынан көтеріле алмай, әуежай қоршауын бұзып өтіп, үйге соғылған болатын. Ұшақ бортында 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Апаттан 12 адам қаза тапты. Bek Air компаниясы ұшақ соғылған  үйдің иесін сотқа бергені және 21 ақпанда соты болатыны жайлы ақпар тарады. Соғылған үйдің иесі Решет Қалибек Қытай елінен көшіп келген қандасымыз болып шықты. Осыған орай, Túrkistan  газетінің қандастарға арналған ATAJURT жобасы бұл іске бейжай қарай алмайды. Сондықтан бірінші үй иесі Решет Қалибекпен хабарласып, мән-жайді сұрап көрдік. Оның айтуына қарағанда, үй салуға арналған жердің «госактісі» бар қолында. Жерді Гүлнәр Өмірғазиева деген адамнан сатып алыпты. Ұшақ апатына қатысты іс әлі аяқталған жоқ. Қоғам да бұл іске алаңдаулы. Кімнің кінәлі екені де анық­талмай келеді. Алайда бір сұхбатында Қазақ­станның халық қаһарманы, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров: «Апаттардың негізгі себебі – жауапсыздық, салғырттық. Адам өмірінен ақша маңызды болып кетті. Соңғы жылдардағы әуе апаттарынан қаншама асыл азаматымыздан айырылдық. Өкінішті жайт, ұзын-сонар тізім жүрегімді ауыртады. Әуе апатының көбеюінің басты себебі – ескірген ұшақ. Шетелде әлде­қашан жарамсыз деп қоқыста жатқан «Ан–2» ұшағының бізге қажеті жоқ. Бізге шетелдің қоқысын әкелетін себебі бағасы арзан. Пайданы көздегендер халықтың обалына қалып отыр. Авиацияға қатысы жоқ менеджерлердің осы саланы басқаруы жарға жығады», – деген болатын. Ал Bek Air компаниясының қандасымыз Решет Қалибекті сотқа беруі жайлы белгілі мамандар не дейді, пікірін білген едік. Ауыт МҰҚИБЕК, Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:  width= – Апатқа ұшыраған Bek Air ұшағына қатысты туын­даған мәселе әлі толастаған жоқ. Себебі 12 адам шығыны болды, қаралы күн жариялан­ды. Кінәлілер  қатаң жауапқа тар­тылуы керек. Бірақ бәрі әділетті және ашық болғаны дұрыс. Ұшақ құлаған үйдің иесін әуекомпаниясы сотқа беріпті деп естіп жатырмыз. Бұл жағдай мені қатты қайран қалдырды. Былай қарасақ, қасқырдың қозыны жәбірлегені секілді жағдай ғой. Бұлақтың бас жағынан қасқыр, аяқ жағынан қозы су ішетін ертегі есіңізде болар. Сол шағын ертегіде қасқыр қозыға «мен ішетін суды лайладың» деп, тісін ақситып, айбар шегетін еді ғой. Мынау дәл сол сияқты әңгіме болып тұр. Өте күл­кілі және қасақана жасалған әрекет. Ал үй иесінің үстінен іс қозғауға өз басым қарсы­мын. Егер жауапқа тартылу керек болса, бірінші жер­ге үй салуға рұқсат берген құзырлы мекеме жауаптылары мен үй салуға қарсылық білдірмеген Азаматтық авиация ұйымның басшылары жауапқа тартылу керек. Әбден болары болып, бояуы сіңген соң, енді жауап­кершілікті бейкүнә біреуге аудара салғысы келіп жат­қан сыңайлы. Естуімізше, үй иесі Елбасының көші-қон сая­сатының аясында елге оралған қандасымыз екен. Сон­дықтан оның қорғаушысы жоқ деген секілді ­пиғылдан аулақ болған жөн. Ол жерде тек оның үйі ғана тұрған жоқ.  Басқа да үйлер тұр. Өкінішке қарай, ұшақ сол үйге барып құлады. Үй барып ұшаққа соғылған жоқ қой. Мен соттың әділетті шешім шығаратынына сенемін. Ең дұрысы, арызданушы тарап өтінішін қайтарып алғаны жөн болар еді. Талғат МҮРСӘЛИ, «Атажұрт» оралмандар мен босқындарды қолдау қоғамдық қорының төрағасы:  width= – Елім деп елге келген қандасымызға тасадан тас лақтыру – жалпы қоғамның намысына тиетін жайт. Bek Air компаниясының бұл әрекеті бір сөзбен айтқанда, басыну деп қарауға болады. Ұшақ апатына қатысты істі БАҚ арқылы бақылап, біліп отырмыз. Дей тұрғанмен қылмыстық істің кілтипандары терең. Зерттеліп, сарапталып барып жүзеге асатын іс. Ұшақ апатына байланысты үйді сотқа беруі бұл істі соза түсу секілді қитұрқы әрекеттер болу мүмкін. Ал сонымен үй иесін сотқа шақырды деп естідік. Алайда төмендегі жағдайлар бұл сотта ескерілсе, терең мән берілсе әділдік жеңеді деп есептеймін.
  1. Қытай елінен келген қандастар төтеше оқыған, бұл жақтың кириллица жазуын танымайды. Жерді алғанда құжаттардың заңдық күшін түсінбеуіне бірден-бір себеп осы;
  2. Қандасымыз Қазақстанда жерді қалай сатып алу туралы заңды білмеген;
  3. Әуежай ұшу алаңының айналасындағы жерлерді қадағаламаған, адам қауіпсіздігін сақтауға құлық­сыздық танытқан;
  4. Әуежай істің салдарын сараптап отырмай, қауіпсіздіктің алдын алуы қажет;
  5. Әуежай ең бірінші жерді сатқан делдалды, мекемені, әкімшіліктегі басшылықты жауапқа тартуы керек.
Сондай-ақ белгілі заң­гер Айман Омаровамен хабарласып, заңдық тұр­ғы­дағы пікірін білген едік.  width= – Айман Мұратқызы, Bek Air компаниясы ұшақ соғыл­ған үйді сотқа берді. Мұның астарында не жатыр? – Bek Air компаниясы аза­маттық істе ұтатын болса, бі­реуді кінәлі қылып алып, соны дәлел ретінде қол­данайын деп отыр. Сөйтіп олар қылмыстық жауапкер­шіліктен жалтарғысы келеді. – Үй иесі Решет Қалибекпен хабарласқан едік. Оның айтуына қарағанда, қорғаушы ретінде сізге жү­гінгісі келетінін айтты. Бұл істі қорғауға аласыз ба? – Егер сотта үй иесі Решет Қалибек жеңіліп қалса, ұшақ апатында қаза болған қаншама адамдардың ісі жабылып, Bek Air оңай құтылып кетпекші. Сондықтан ондай ұсыныс түссе, мен үй иесі Решет Қалибек үшін ғана емес, қаншама қаза болған адамдар үшін мүмкін келісермін. – Ұшақ апаты Bek Air-дің ескі ұшақтарының ке­сірі­нен болды. Үй иесін сотқа беруі негізсіз деген пі­кір­де мамандар. Мұндай қоғамдық пікір сотта әсер ете ме? – Бұл – пікір. Мұның бәрі сараптамадан өтеді. Бірақ сот мұндай пікірмен кейде санаспайды. Себебі заң­да ондайды қарауға соттың міндеті жоқ. Сотта тек барлық дәлелдер салыстырып, солардың сапасына қарайды. Кейбір дәлел саналады, кейбір дәлел саналмайды. Ал мен бұл істің заңды жағынан түсініп тұрмын.  Сот­тың шешімі нақты дәлел болып саналады. Соттан кейін сот дұрыс болған жоқ деп айта алмайсыз. Үкім шығып, күшіне енсе бітті. Оны дәлел ретінде пайдаланады. Қайталап айтамын, Bek Air мұны әдейілеп істеп отыр. Сондықтан азаматтық соттан жеңу, жеңбеу көп нәрсені шешеді. – Үйі қирап қалған қандасымыз Решет Қалибек был­тыр 29-30 желтоқтан күндері Bek Air ком­па­ния­сының үстінен арызданыпты. Бірақ соттан хабар жоқ. Ал одан кейін Bek Air үй иесі­нің өзін сотқа берген. Алайда Решет Қалибекке Bek Air компаниясының арызы бойынша «21 ақ­панда сотқа келсін» деген қағаз келген. Бұл жер­де біз түсінбейтін қандай нюанстар бар? – Сотыңыз сондай боп тұрса қайтеміз енді? Қо­ғам­ның сотқа, заңға сенімсіздігі осындай әрекеттерден туын­дайды. Егер сот әділ болса, қоғам тыныш болар еді. –  Бұл сотта қай тараптың жеңіп шығуы мүм­кін? – Мүмкін деп айта алмаймын. Бәрі де мүмкін. Егер сотта әділдік болса, Bek Air жеңіледі. Егер Bek Air сол үй кінәлі деп тапса, ұшардан бұрын неге айтпайды? Әр нәрсенің өз заңды өлшемі болады. Мысалы, есік алды мұз тайғақ болса, адамдар жығылып қалады деп тұз себеміз ғой. Сол секілді егер ол үй ұшақтың ұшуына кедергі келтіріп тұрса оған дейін неге айтпаған? Соны білмей ме олар?! –  Уақыт бөліп, пікір білдіргеніңізге рақмет!

Материалды дайындаған Бақытбек ҚАДЫР

Серіктес жаңалықтары