Қазақстанда 588 млрд. теңгенің активі заңдастырылды

Қазақстанда 588 млрд. теңгенің активі заңдастырылды

Қазақстанда 588 млрд. теңгенің активі заңдастырылды
ашық дереккөзі
Сейсенбі күні Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі мүлік рақымшылығына қатысты тың деректер мәлім болды. Бүгінде  Қазақстанда жалпы құны жарты триллион теңгеден асатын актив заңдастырылған. Заңдастыру арқасында ел экономикасына құйылған инвестиция көлеміне де қанықтық: шамамен 43 миллиард теңге. Игілігі көп науқан жалғасын табады, демек ел қазынасына түсетін қаржы көлемі еселене түспек. Науқан нәтижелі болуы үшін Үкімет мүшелері әр айдың басында бас қосып, мүлікті заңдастыру үдерісін сараптап отыратын болды. Үкімет басшысының министрлерге міндеттегені – осы. Кәрім Мәсімов тіпті аталмыш тақырыпты талқылайтын арнайы күнді де белгіледі: – Осы мәселе бойынша Үкімет отырысын айына бір рет өткізіп тұрамыз. Жұмысты үйлестіру және жиынды әзірлеу Қаржы министрі Б.Сұлтановқа жүктеледі. Яғни бұдан былай әр айдың бірінші сейсенбісі, Үкіметтің бірінші отырысы  мүлікті заңдастыруға арналады, – деді Кәрім Мәсімов. Үкімет отырысында Министрлер кабинетінің мүшелері министр Б.Сұлтанов пен Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев баяндамасын тыңдады. Сондай-ақ, бірқатар облыс әкімдерінің есебі тыңдалды. Баяндамашыларды тыңдаған Кәрім Мәсімов мүлік рақымшылығының ережелері туралы халықты қазіргіден де кеңірек ақпараттандыруға баса ден қою керегін ескертті. Өйткені меншігін заңдастырам деушілердің жолында кедергілер көп. Мәселен, кейбір банк қызметкерлері өтінішпен жүгінушілерге жария етудің мерзімі аяқталғанын айтқан көрінеді. Ақпараттың аздығынан бұрыс мәліметке иланатындардың көптігі науқанның нәтижелі жүруіне кедергі келтіретіні анық. 2014 жылдың қыркүйегінде бастау алған бұл науқан 2016 жылдың соңына дейін ұзартылғанын қазақстандықтардың барлығы білуі тиіс. Қаржы министрінің баяндамасынан ұққанамыз – жыл соңына дейін мүлікті жария ету шарасы есебінен бюджетке қыруар қаржы түспек. Оның айтуынша, науқанға қызығушылық күннен күнге артып келеді. – Ағымдағы жылдың қаңтар айының соңына қарай барлығы 588 миллиард теңгенің активі заңдастырылды. Рас, дәл қазір бұл көрсеткіш 607 миллиардтан асып кетті. Тарата айтсақ, бұл ретте мүліктің үлесі 457 миллиард теңгеге тең. Соның ішінде жария етілген шетелдегі мүлік 1 миллиард теңге. Сонымен бірге, 150 миллиард теңге көлемінде қаржы заңдастырылды, ол 233 банк есепшотына салынды. Бір ескерер жайт, бұл тек өңделген өтініштер ғана, олар бойынша шешімдер қабылданған. Мұның сыртында жалпы сомасы шамамен 300 миллиард теңге болатын мүліктер бойынша 27 мыңнан астам өтініш қарауда жатыр, – деді Бақыт Сұлтанов. Мүлік рақымшылығының үлкен әлеуетке ие болуына өткен жылдың соңында заңдастыру туралы заңға ел Парламенті енгізген өзгерістер себеп. Заңнама мүлікті жария ету процесін едәуір жеңілдетіп, кедергілерге тосқауыл болды. Қаржы министрінің пікірінше, бұл өз кезегінде заңдастыру қарқынын арттырған. Мәселен, тек екі ай ішінде – желтоқсан және қаңтар айларында 160 миллиард теңгенің қаржысы мен мүлкі заңдастырылған. Бұл – науқанның 15 айындағы барлық заңдастырудың үштен бірін құрайды. Оның ішінде 109 миллиарды мүлікке тиесілі. Сондай-ақ, дәл осы мерзімде банктерде қосымша 41 есепшот ашылып, оларға 51 миллиард теңге аударғанын атап өткен жөн. Нәтижесінде заңдастырылған қаражаттардың өсу қарқыны, 2015 жылдың 1 желтоқсанымен салыстырғанда 61 пайызға  жетті. Бақыт Сұлтановтың аузынан шыққан бұл деректер келер айдың көрсеткіштері де көңіл көншітерлік боларына сендірді. Министрдің айтуынша, мүлікті жария ету жөнінен еліміздің бірқатар облыстары төмен нәтиже көрсетуде. «Жария ету жөніндегі өтініштер саны 100 мың тұрғынға шаққанда орташа есеппен 426-дан келеді. Бұл көрсеткішке Алматы, Жамбыл, Ақтөбе облыстарының және Астана мен Алматы қалаларының белсенділігі есебінен қол жеткізілді. Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында болса, көрсеткіштер нашар – 100 өтініштен төмен». Үкімет отырысындағы келесі баяндамашы – Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев та ақжолтай жаңалықпен келді. Ол елге қайтарылған қаржының 43 миллиарды инвестиция түрінде ел экономикасына салынғанын мәлімдеді. – 2014 жылдың 1 қыркүйегінен, яғни заңдастыру рәсімі бастау алғаннан бастап, 2016 жылғы 26 қаңтар аралығында банктерде 135 миллиард теңге сомасында 219 банк есепшоты ашылды. Аталған қаржының 90 пайыздан астамы Алматы қаласында ашылған есепшоттарға енгізілді. Бұл сомадан қаржылық құралдарды (акция, облигация және басқаларын) сатып алу жолымен, ел экономикасына 43 миллиард теңге инвестицияланды. 53 миллиард теңге есепшоттан алынып, әкетілді. 26 қаңтардағы жағдайы бойынша банктік есепшоттардың қалғаны 111 бірлікті құрайды, оларда шамамен 40 миллиард теңге қордаланған, – деді Ұлттық банк төрағасы. Сондай-ақ, Данияр Ақышев өткен жылғы желтоқсан мен биылғы қаңтар айларында банктерге қосымша 50 миллиард теңге енгізілгенін, бұған рәсімдердің жеңілдетілуі ықпал еткенін жеткізді. Атап айтсақ, өтініш берушілерге ұсынылған жеңілдіктің бірі – бұдан былай заңдастырушылар жария етілген қаражатын қазақстандық банктерге 5 жылға салып қоюға немесе 10 пайыздық алым төлеуге міндеттелмейді. Бұл – бар байлығын тасада ұстап келген азаматтар қаржысы мен мүлкін күнгейге шығарса жеткілікті деген сөз. Ұлттық банк төрағасының болжамы Қаржы министрімен үндес. Жария ету ережелеріне түзетулер енгізілгелі бері көп уақыт өте қоймаса да, науқан қарқыны артқанына қарап, Данияр Ақышев келер айлардың бұдан да табысты боларына сенім білдірді. Қолда бар деректерге қарап Үкімет мүшелері мүлік пен қаржыны заңдастырудың болашақтағы әлеуетін де салмақтады. – «Шетелдегі қазақстандық қаржының көлемі қандай?» деген сұрақ тууда. Төлем балансының мәліметтеріне сүйенсек, 2007 жылдан, яғни бұдан бұрынғы заңдастыру шарасынан бергі 9 жыл ішінде шетелге елімізден шамамен 20 миллиард доллар кеткен. Бұл – тек жанама көрсеткіш, бірақ статистикада бары осы ғана. Демек, шетелдегі қаржыларды заңдастыру бойынша үлкен резервтер бар деген ойдамыз, – дейді Қаржы министрі  Бақыт Сұлтанов. Бірақ ведомство басшысы шетелге кеткен қазақстандық қаражатты қайтару үшін біраз күш жұмсауға тура келетінін де атап өтті. Өйткені шекара асқан капиталдың едәуір бөлігі өзге мемлекеттердегі активтерге, жобаларға инвестицияланған. Демек, оларды Қазақстанға қайтару үшін Бақыт Сұлтанов айтқандай,  елімізде тиімді инвестициялауға арналған шарттар мен құралдарды жетілдіруге ден қою керек. Қазірдің  өзінде Қазақстанның инвесторларға ұсынып отырған мүмкіндіктері мол. Еліміздегі ең ірі 65 кәсіпорынның жекешелендіру нысанына айналуы да  қаражатын өзге емес, өз елінде кәдеге жаратуды көксейтіндерге тиімді жол ашып отыр.  

Анар БАУЫРЖАНҚЫЗЫ