10 Ақпан, 12:04 3204 0 Білгенге маржан Анар ЛЕПЕСОВА

Масанчи деген кім болған?

Қордайдағы жанжалдан соң Масанчи ауылының атағы «дүркіреп» тұр. Ақпараттар легінің басты тақырыбы – осы елді мекеннің тынысы.  Бейғам тіршілік етіп жатқан шалғайдағы ауыл айналасы екі-үш күннің ішінде бүкіл ел назарын  өзіне аударды. Елді мекеннің аты мен затын зерттей бастаған қауымның көкейіндегі көп сұрақтың бірі – ауылға есімі берілген Мағазы Масанчи деген кім? Алматыда оның атымен аталатын көше бар екенін жұрт тегіс білсе де, бұрын-соңды М.Масанчидің өмір жолына үңіліп, елге сіңірген еңбегін бағамдағандар көп емес.

«Қазақ энциклопедиясындағы» өмірбаянына сүйенсек,  Мағазы Масанчи 1885 жылдың 14 шілдесінде Верный қаласында дүниеге келген. Кішкентайынан мал бағып, егістікте жұмыс істеген Мағазы 1908 жылы патша әскеріне шақырылып, сол жылы әскери борышын өтеуге аттанады.

1916 жылы Ташкент қосалқы полкіне жаңадан алынғандар арасында большевиктердің тапсырмасы бойынша соғыс пен патша өкіметіне қарсы үгіт жұмысын жүргізген. 1917 жылы патша өкіметі құлағаннан кейін Масанчи солдаттар комитетіне сайланып, Ташкент жұмысшылары мен солдаттарының қарулы көтерілісіне қатысады. 1917 жылдың 1 қарашасында Түркістан өлкесінің орталығында Кеңес өкіметі орнайды.

1918 жылы Мағазы Масанчи Коммунистік партияға мүшелікке қабылданады. 1919 жылдың қаңтар айында Ташкент қалалық кеңесіндегі горнизон өкілі болуға жіберіледі. 18 қаңтарда қызыл гвардия отрядының құрамында осипшылардың Кеңес өкіметіне қарсы бүлігін жоюға белсене қатысқан.

1920 жылдың 5 наурызында ол Верныйға қайтып келіп, Верный күзет батальонының командирі болып тағайындалады. Наурыз айының аяғында ақгвардияшылардың Прежевальск уезінде болғалы жатқан бүлігін жоюға аттанады. 1920 жылы республика басшылығының бұйрығымен Ораз Жандосов, Абдолла Розыбакиев сынды белсенділермен бірге Верный қаласында 8-ші қырғыз (қазақ) бригадасын жасақтайды.

Кейін Түркістан дүнгендерінің жеке атты әскер полкі құрылып, оны басқару Мағазы Масанчиге тапсырылады. 1921 жылы ол Түркістан АССР ОАК мүшелігіне сайланып, Коминтеридің ІІІ-ші Конгресіне делегат болып қатысады. Сол жиында В.И.Ленинмен кездескен.

1922 жылдың наурыз айында партия Масанчиді Верныйға жұмысқа жібереді. Мұнда ол Жетісу облысы әкімшілігі басқармасының бастығы болып тағайындалады. Сондай-ақ, облыс жер бөлімі коллегиясының мүшесі, Жетісу облысы кооперация одағының басқармасы мен «Қосшы» одағы обкомының мүшесі болып сайланады.1922 жылы Жетісу комсомолының ІІІ съезінде Түркістан Коммунистік Жастар Одағының құрметті мүшесі атанады.

Кейінгі уақытта Өзбекстанда біраз уақыт кеңестік органдарда жауапты қызметтер атқарып, 1936 жылы туған жеріне оралады. Верныйда Қазақ КСР әкімшілік-шаруашылық басқармасын басқарады. 1937 жылы Ташкент қаласына іс-сапармен барған Масанчиді НКВД тұтқынға алады. «Халық жауы» атанған Мағазы сол жылы жазасына кесілген. Масанчидің есімі тек 1957 жылы ақталды.

1965 жылы оның есімі Жамбыл облысы Қордай ауданындағы ауылға берілді. Сондай-ақ, Алматыдағы көшелердің бірі Мағазы Масанчидің атымен аталды. 1987 жылы «Астана» алаңындағы саябақта ашылған «Көрнекті қайраткерлер» аллеясы мемориалдық кешенінде Мағазы Масанчиге ескерткіш-бюст орнатылған.

 

 

Соңғы жаңалықтар