«Ең қиын сатысынан өттік»
– Нәбидолла Ақанұлы, сіз жетекшілік ететін «Қазақ тұлпары» жылқы зауыты он бес жылдан бері «Міне, қазақтың қазанаты!» деуге лайық бой-бітімі бөлекше Қостанай жылқысын шығаруға бар күшін сарп етіп келеді. Әзірге елеулі нәтиже болмай тұрған сияқты... – Ол он-он бес жылда өне салатын дүние емес. Мұның мәні өте терең. Біз шығарғалы жүрген тұқым – Қазақстан тарихындағы төртінші жылқы тұқымы. О баста, 1888-1951 жылдар аралығында Қостанай жылқысы шыққан. Міне, көрдіңіз бе, алпыс жылдан астам уақыт бойы әбден сұрыпталып, тек 1951 жылы ғана жаңа бір тұқымның төлі бекітілді. Турасын айтқанда, асыл тұқымды жылқы жасап шығару оңай шаруа емес. 1930 жылдары Ақжайықта Көшім жылқысының тұқымы пайда болды. Оған 46 жылдай уақыт жұмсалыпты. Көшім жылқысы ет пен сүттің малы боп есептеледі. Тағы бір мысал, 1928 жылы қазақтың жабы жылқысынан Мұқалжар тұқымын жасап шығару қолға алынды. Бұл да 1998 жылы ғана бекітілді. Алпыс жылдан кейін! Мұны көп адамдарға тәптіштеп түсіндіру өте қиын. Жұрттың көбі: «Жаңа тұқым неге тез шыға салмайды?» – деп ойлайды, ол тауықтың балапаны емес қой. Тіпті, бидай емес, екі-үш жыл еккеннен кейін жаңа бір сорт шығара салатын. Жылқының өзі күрделі жануар. Мәселен, бес жылда толық өсіп-жетілген жылқыны бесті деп атайды. Оған дейін құлын, тай, дөнен деген сияқты... Бұларды қайта шағылыстырғанша, шамамен он жыл уақыт кетеді, яки жаңа тұқым шығару үшін талай жыл сарп етіледі. – Айтуыңызға қарағанда, толыққанды тұқымның өмірге келуіне әлі бірталай уақыт керек көрінеді. Ал алғашқы тәжірибелер өзін-өзі ақтады ма? – Оныңыз рас. Біз 2003 жылы араб айғырларын сатып алдық. Екі жылдан кейін тағы ағылшын айғырлары әкелінді. Сонда тек қана төрт-бес жылдай уақыт асыл тұқымды айғыр әкелуге кетті. Әлгілерді Қостанай биелеріне салдық. Осы үшеуінен туған төлдердің бір бұтағы арабы–Қостанай боп кетті, екінші бұтағынан англо – Қостанай шықты, үшіншісі – «нағашыларына», яғни, Қостанай жылқысына тартып туды. Бұлар есейген соң бір-біріне қосып барып, үш тұқымның қанын біріктірдік. Бастапқы мақсаттың өзі сол болатын. Ағылшын жылқысы не үшін қажет? Олар өте жылдам, жүйрік, қысқа қашықтықта кез келгеннің адымын аштырмайды. Сондықтан оның тегінің белгілерін алып қалу керек болды. Ал араб жылқысының сүйегі мықты, сосын шыдамды. Алыс қашықтықтарға араб жылқысы ғана төзе алады. Қостанай жылқысы жүздеген жылдардан бері осы жердің ыстық-суығына көнген жануар. Әлбетте, жылқы малы жаратылысынан өте жершіл болып келеді. Әйтпесе, мейлі қай жақтан, қайсы бір асыл тұқымды ат әкелсең де, ол үйреніспеген жеріне ешқашан тұрақтамайды. Оның үстіне Қостанай жылқысы тұрқы жағынан ағылшыннан кем емес. Бойы, сүйегі мығым. Қарап отырсаңыз, біздің аттар аламан бәйге сияқты алыс қашықтықтарға көсіле шаба алады, табиғаты соған бейім. Бірақ жылдамдығы сәл жетіңкіремейді. Осы үшін араб пен ағылшын тұқымдарының бойындағы кейбір артықшылықтарын қостық. Осылайша англо-арабтың тұқымын алғанша алты жыл өтті. Қазір сол үш тұқымның бірігуінен туған жиырма шақты жылқымыз бар. Төзімділігі, жергілікті жерге бейімделуі жағынан бұлар Қостанай жылқысына келіп тұр. Бірақ бойында кейбір элементтері әлі де жетімсіз. Мәселен, араб жылқылары құйрығын көкке шаншып алып шабады. Бұл мықтылықтың белгісі. Ағылшын аттарында зу етіп, көз ұшында ағып өтетін қасиет басым. Біз бұл процесті толық өткердік. Бірақ бұлардың біреуі «нағашысына», біреуі ағылшын айғырына, екіншісі араб айғырына тартқан. Мұны «расшипление генов» деп атайды. Оны біріктіргенмен әлі толыққанды қалыптасқан жоқ. Зоотехника заңы бойынша оны әбден бекіте түсуіміз қажет. Осыдан барып үш ұрпақ ауысқанда ғана «Қазақтың қазанаты» деген жаңа тұқым шығады. Біз әзірге соның үлгісін ғана жасадық. Зауыттарда көлік құрастырғанда алдымен пішінін жасап, құрастырып, содан кейін ғана сериялы даналарын шығармай ма? Бұл да сол сияқты. Біз де енді сөйте бастаймыз. Оның алдында жылқыны әбден зерттейміз. Ипподромға апарып, жүгіртіп көреміз. Егер көңілімізден шықпаса, басқасын қосамыз. Сөйтіп сұрыптаймыз. Бұған шамамен әлі он бес-жиырма жыл керек. Онсыз ештеңе де өнбейді. Дегенмен, ең қиын сатысынан өттік.«Қазір күрең мен торыны айыра алмайтындар көп»
– Сіз ғалымсыз. Кезінде журналистика ауылына да ат шалдырғаныңыз есте. Өмірбаяныңызды қарап отырсақ, бірқатар мекемелерге жетекшілік етіпсіз. Бір адамға бір мезетте осынша қызметті алып жүру оңай еместігі белгілі. Сұрайын дегенім, ғалымдықтан шаршаған жоқсыз ба? – (күліп) Шаршадым деп айтуға болмайтын шығар. Кей кезде шынымен шаршаған сияқты боласың. Неге десеңіз, сенің істеп жатқан жұмысыңды, бұрынғы ғалымдардың еткен еңбектерін түсінбейтіндер көбейді қазір. Екіншіден, ғалымдардың беделі түсіп кетті. Бұрын қалай еді? Ғалым адам өте биік тұлға болатын. «Бәленше деген ғалым келіпті, соның лекциясын тыңдайықшы» – деген қызығушылықтар бар еді. Кейінгі жылдары «Құндылықтардың құлдырауы» деген тәрізді үлкен мақалалар көп шығып жүр ғой. Дұрыс жазылған. Шындығында да құндылықтарды бағалай алмай жүрген өзіміз емес пе?! Сол құлдыраудың бірі – кейін шыққан жалған ғалымдар. Оларда «осыны аяғына дейін апарайын» деген белгілі бір мақсат жоқ. Кім көрінген табан астында атақ ала қояды. Бұрынғы терең білім беретін жүйе құрдымға кеткен. Бізге оқып жүрген қаншама магистр, докторанттар келеді, сұрасаң түк білмейді. Оларда базалық білімнің өзі жоқ. Өзінің түйген ештеңесі болмаған соң, интернеттен дайын дүниені көшіріп ала қояды да, «жұмыс істеп жатырмыз» деп ойлайды. Зоотехниктер де, мал дәрігерлері де солар сияқты.Тіпті, кейде не оқытып, не қоятыныңды білмей қаласың.Осыған қарның ашады. Міне, сондай кезде «осы біздің істеп жүргендеріміз мемлекетке керек пе өзі?» деп қынжыласың. Бір жағынан, аттың жалын тартып, қайта мінгенде: «Ата-бабаларымыздан келе жатқан жылқының шаруасын біз алға жылжытпағанда, кім жылжытады?» деп ойлайсың. Бәлкім, бүгін керек болмай жатқан шығар, бірақ міндетті түрде ертең керек болады. Оған сенімім кәміл. Халық құндылығы ешқашан тозбақ емес, түбінде қайта шығады. Сол кезде босқа қарманып жүрмейік.
«Жылқыны союға үш жылға мораторий жариялау керек»
– Нәбидолла Ақанұлы, елімізде жылқы шаруашылығына мемлекет тарапынан нақты көңіл бөлініп жүр ме? – Олай деп айта алмас едім. Бізде министр ауысқан сайын көзқарас ауысады. Субьективті пікірлер көп. Мәселен, үш жылдық жоспар деген бар. Соған сәйкес келген министр алдымен өз жоспарларын түзеді. Қазір қара малды мейлінше көбейтіп, жылына Ресейге пәленбай тонна ет сатуымыз керек деген жоспар бар, басқаға бас ауыртпайды. «Сыйлы қонақ келгенде қазы-қарта қоясың, сиырды неге соймайсың?», – деп талай рет айттым. Көлемді мақала етіп жазып, газет-журналдарға да шығардым. Мейрамхана толы қазы-қарта, ал жылқыны көбейтуге ақша бөлгісі келмейді. Немесе кезекті мақаламды жоғары жақтағылардың көзіне түссін деп «Соғым жейтін ауыз көп, сөзін сөйлер бірің жоқ» деген эпиграфтан бастаймын әдейі. Әшейінде жылқы туралы біреуі жақ ашпайды, ал соғым кезінде бәрі шапқылайды. Бірде «Қазақ тұлпарына» республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің президенті Сауытбек Әбдірахманов келді. Түскі астың үстінде әңгімелесіп отырғанда ол кісі: «Осы жылқыны көбейту үшін не істеуіміз керек?» – деп сауал тастады. Мен жауабын кідірткенім жоқ. «Жылқыны көбейту үшін бет алды соя бермей үш жылға мораторий жариялау керек. Қазір жұрттың бәрі бие сояды. Егер үш жылға мораторий жарияласақ, онда Қамбар ата түлігі Қазақстанда бой бермей өседі. Дүкендерде еттің бәрі арзан, самсап тұрар еді. Халық үшін қолжетімді болады. Үш жылда тек биесін ғана көбейтсек, содан кейін өсімінің өзі бізге жетеді», – дедім. Сөйтсем, Саукең юморы бар адам ғой: « Сол мораторийің бүгін менен басталып кеткен жоқ па?» – деп күлді. Сыйлы қонаққа қазы-қарта, жал-жая тарта алмағанымызды меңзесе керек. Тек жылқы ғана емес, кез келген түлікті көбейту үшін шыдамдылық керек. Бұл менің сөзім емес, күтімінде екі мыңнан астам жылқысы бар кәнігі шаруа да осыны айтады. Үш жылда өз төлінен өсіре алсақ, содан кейін оңды-солды жұмсауға, бәріне жетеді. Кемінде екі есе көбейеді. – Нәбидолла Ақанұлы, енді әлгіндегі әңгімемізге қайта оралайықшы. Мемлекет жылқы шаруашылығын дамытуға неге қасаң көзқараспен қарайды? – Бұл жерде, біріншіден, адами фактор тұр. Кейбіреулер жылқы шаруашылығын өзінен-өзі дамитын сала деп есептейді. Сондағы айтатындары далада жүрген жылқыға ештеңе қажет емес, өз тамағын өзі тауып жейді деген жаңсақ пікір. Өсіріп жатқан адамдар бар, олар пайдасын біледі деп ойлайды. Мұны бір деңіз. Сосын, жылқыны байлар ғана ұстап отыр дегенге мүлде келіспеймін, олар шабатын жүйріктерді ғана баптайды. Әйтпесе, бес-он жылдың ішінде мал біткен далаға сыймай кетер еді. Атқұмар байшыкештер небір тұлпарды өсіреді, бәйгеге салады, өлтіреді, құртады. Сонда түлік қалай өседі? Министрлердің өздері де жылқы ұстайды. Араласатын адамдары да байлар. Олар хобби үшін ұстайды. Ал оның етін, басқасын есептеп отырған жоқ. Бұл елге керек нәрсе. Ана бір жылдары Астанада өткен жиналыста мен мұны биік мінберден, министр А.Мамытбековтің көзінше айттым: «Жылқыны көбейту үшін алдымен ірі қара малымен бірдей дотация беру керек. Сонда базардағы ет арзандайды. Қазір ең қымбаты – жылқының еті. Қымыздың бағасы да олқы емес, бір литрі 500 теңгеден кем түспейді. Көп адамдар ішкісі келеді, бірақ қалтасы көтермейді. Мұны кабинеттерде отырған әлдекімдер шемішке шағып отырып, есептей салған! Үкіметтің жылқы шаруашылығын дамытуға деген салғырт көзқарасы осыдан кеп туындап отыр. Кейбір экономистер мұны былайша есептейді екен: «Мәселен, далада мың жылқы жайылып жүр дейік. Оны үш-төрт-ақ адам бағады. Тебінде жүрген түлік күтімді қажетсінбейді, өз төлінен көбейіп жатыр. Сондықтан оған қыруар қаржының қажеті жоқ». Мәссаған! Сонда базарда неге ет қымбат?! Көрдіңіз бе, әлгі экономистер далада жүрген байлардың ғана жылқысын есепке алып отыр, ал малдың 80 пайызы халықтың қолында. Жалғыз биеге қарап отырған жан, одан туған тайды келесі жылы қалай арзанға сатады? Сатпайды ол. Сойса да қымбатқа өткізгісі келеді. Өйткені қорадағы малдың күтімі бір бөлек, ол адамның отбасы бар емес пе?! Жылқының қымбатқа түсетіні сондықтан. Осындай нәрселерді түсіндіру қиын. Министрліктегілер қазір бізге бірінші кезекте нан керек, жейтін тамақ керек, халықты арзан азық-түлікпен қамтамасыз етіп алу қажет дейді. Біз о бастан Ауылшаруашылық министрілігінің қарауындағы мекемеміз. Ол дұрыс та. Олар үшін ат спорты бірінші кезектегі нәрсе емес. Сондықтан, болмашы ақша ғана бөлінеді. Мен қағазымды көтеріп спорт және туризм саласына жауаптыларға да талай бардым: «Мені спортсың деп қуып жіберді. Біз спорт жылқысын өсіріп жатыр екенбіз, ендеше неғып көмектеспейсіздер?» – деймін ондағыларға. Ал спорттағылар маған: «Сенің өсіріп отырғаның жылқы, ал жылқы – мал шаруашылығына жатпай ма? Біздің салаға еш қатысыңыз жоқ». Бітті! Бір-біріне сілтейді. Сөйтіп, әлі күнге екеуінің ортасында сыймай жүрміз. Апырма-ай, жылқы түлігін өсіру – өнер десең өнер, ғылым десең ғылым ғой тұнып тұрған. «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар» дегеннің кері боп тұр, қысқасы. – Сонда Үкіметтен ешбір қайран болмай тұр ма? – Екі жылдан бері өз күндеріңді өздерің көріңдер деп «жүгенімізді сыпырып» қоя берді. Алайда солай екен деп қарап отыруға тағы болмайды, өзім ғалым болғаннан кейін ана бір жылдары құр айғыр мен биенің ортасында жүре бермейікші деп ғылыми саланы өркендеткенбіз. Бертін келе кәсіпорында айғырдың ұрығын алатын биотехнологиялық орталық аштық. Жылқының тектілігін зерттейтін мұндай ең үлкен генетикалық зертхана бүкіл Қазақстан бойынша бізде ғана бар. Міне, осы арқылы біз ғылыммен тереңдетіп айналысамыз. Атауы «Қостанай жылқы зауыты» деп аталғанмен, біз ғылыми мекемеміз. Яғни, үлкен ғылыми институттармен таласып-тармасып жүріп, гранттар ұтамыз. Онымен тек ғалымдар жұмыс істеуі керек. Ал біз сол ақшаны жырып, жылқының күтіміне жұмсаймыз. Сондықтан бір-екі, үш ғалымға ғана жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Бір жақсысы, өзіміздің жеріміз бар, шөбіміз бар, уақытында шауып аламыз. Қостанай жылқысын өстіп ұстап отырған жайымыз бар. Ғылыми жұмыстарды да жалғастыра береміз. Бәлкім, алдағы уақытта жағдайымыз жақсарар. Қайткенде де, кеудесінде күдіктен гөрі үміті басым халықтың ұрпағы емеспіз бе. – Қазір ел ішінде немесе сырт мемлекеттерден Қостанай жылқысына деген қаншалықты сұраныс бар? – Бар. Қызығушылық өте үлкен. Сенсеңіз, қазір бізде сататын мал қалған жоқ. Күздің күні құлынды енесінен бөлгеннен кейін сата бастаймыз. Өйткені оның бәрін ұстап тұру қиын. Мәселен, бір малды жыл бойы ұстап тұру үшін, оған кемінде 150–200 мың теңге қажет. Бұрын тай күнінен бастап баптайтынбыз, ипподромға шығарып жүгіртетінбіз. Үкімет субсидия бермегеннен соң, оған жағдайымыз келмей қалды. Ал енді сатқан жылқыларымызды сыртынан бақылап жүреміз. Көріп жүрміз, бізден шыққан жүйріктер көптеген бәйгелердің жүлдесін ұтып алып жүр. Құдайға шүкір, қай жерде болмасын Қостанай жылқылары бәйгелердің алдын ешкімге бермей келе жатыр. Біз осыған қуанамыз. Сондықтан біздің жылқыларға сұраныс бар. Әрине, ең таңдаулы жылқыларды кәсіпорында қалдырамыз. Сосын содан ұрпақ өрбітеміз. Былайша айтқанда, ашытқысы өзімізде қалады. Қазақ қымыздың қорын сақтап отырады ғой, сол сияқты. Одан айрылмауымыз керек. – «Кәсібім – нәсібім» деген тәмсіл бар ел аузында, саланың көрнекті маманы ретінде ғылымға әбден бой үйреттіңіз. Дегенмен, әр нәрсенің бір кемшін тұсы болмай ма? Сіз үшін ғылыми жұмыстың қиындықтары неде? – Ғылым саласы қызыққан адамға қиын емес. Мен кейде кәсіпорын директоры емес, таза ғалым ретінде жұмыс істегім келеді. Ұзақты күн көз майымды тауысып, қағаздарымды қопарып отыра аламын. Жеке мұрағатымда материалдар жеткілікті. Газетке жылқы туралы бір мақала шықса, соны қиып сақтап қоямын. Бірақ онымен түбегейлі айналысуға қазір қол тие бермейді. Осы есептен алғанда қиын деп айту әбестік болар еді. Оның үстінде қазір техника дамыған заман. Бұрын «крахмальный гель» деген болатын, малдың ДНК-сын айыру үшін пайдаланатынбыз. Электрофарез арқылы атқарылады. Ол қиын. Бүгінде ДНК-ны автоматты түрде анықтайтын заманауи құрылғылар шықты. Кір жуғыш машина сияқты, бұрынғылар қолымен ысқылап отырса, қазір бір жағына ұнтағын салып қойып, өзі телевизорын көріп отыра береді. Сондықтан, қазіргі ғалымдарға өте оңай. Біз осы жерде ғылыми жұмыстармен он шақты жыл айналыстық. Алты-жеті маман өздерінің кандидаттығын қорғады. Соның бірі Индира Бейішова деген шәкіртім. Ол қазір мықты ғалым. Осыдан бірер жыл бұрын А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ құны жүздеген миллион теңге тұратын қондырғы сатып алды. Өте қымбат. ТМД-да бір-екі-ақ жерде ғана бар. Бірақ болашақта оның тілін білетін ғалымдар керек. Сол үшін жастарды баулу қажет. Сейілхан Рахманов деген маман жұмыс істеді. Ол да осы арадан докторлығын қорғап шықты. Қазір Алматының белді генетигі деп есептеледі. Негізі, бұл ең қиын сала. Жалпы, менің шәкірттерімнің арасында олқысы жоқ. Өйткені өз білгенімді соларға беруге тырыстым. Ғалым адам ешқашан өтірік жазбауы керек. Мынадай бір оқиға айтайын: мен алғаш ғылыммен айналысып жүргенде Матвей Борисов деген ақсақал болды. Ол Қазақтың ғылыми-зерттеу технологиялық қой шаруашылығы институтында жылқы бөлімшесінің меңгерушісі еді. Бір күні сол кісі маған: «Сен бұдан былай менің қарсы алдымда отырасың», – деді. Мен аң-таңмын. Мүмкін институтта оқып жүргенде алған бағаларыма қызыққан шығар... Содан не керек, ертеңіне қарындаш пен блокнот әкелуді тапсырды. Ұстазымның айтқанын орындадым. Енді қарындашты төртке бөліп, әрқайсысын жеке-жеке ұшта, – деп бұйырды. – Сосын барлық қалтаңа салып қой. Есіңде болсын, ғалым адам үнемі ой үстінде жүреді. Сондайда осы қарындаштарың саған көмекке келеді. Бүгін радио тыңдадың ба? Күн райы қалай екен? Желдің жылдамдығы, ауаның ылғалдылығы қандай? Күнде осыларды қойын дәптеріңе жазып отыруға тиіссің. Мұның сен үшін керегі зор... Біздер, міне, осындай кісілерден тәлім алдық. Соны өз шәкірттеріме үйретемін.«Үстірт жазылған дүние шикі боп шығады»
– Кезінде «Маңмаңгер» атты журнал шығардыңыздар. Соның қазіргі тағдыры нешік? – Иә, біз «Маңмаңгер» журналын 1998-2001 жылдары аралығында шығардық. Ол еліміздің экономикалық жағдайындағы ең бір күрделі кезеңдер еді ғой... Мына жұмыспен айналысқалы оны доғардық. Қазір елімізде сол тақылеттес журналдар көбейді. Жылқы туралы жазып жүрген журналистер де бар. Бірақ соның көбі жазарға тақырып таппайды. Керісінше, біздің жариялаған мақалаларымыз бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Біздікі – саланы өлтіріп алмаудың амалы. Бұрынғылардан келе жатқан жылқыны өсіру тәсілдері немесе жылқыны қазақша емдеу әдістері тәрізді құндылықтарды көтердік. Бас редактор ретінде журналға қойған талабым о баста осы болатын. Менің пайымымда бүгін оқыған нәрсе ертең ескірмеуі керек. Қазір міне, одан бері он жылдан асып кетті, аламын да ақтарамын. Әр мақаланың өміршеңдігі осында жатса керек. Қайта баспа жүзін көрсе, жұрт іздеп жүріп оқуға тұратын ондай дүниелер көп. Кейде сол мақалаларыма «құда түсіп» қоятындар бар. Ол кезде фотоаппаратымды асынып, әр мақалаға өзім жүретін едім. Ат жарыстарына барып, сырт-сырт еткізіп суретке түсіріп, атбегілерден сұхбат аламын. Сосын тілшілердің материалдарын шетінен өзім редакциялаймын. Қазіргі журналистер жазса, сенің айтқан пікіріңді бұрып әкетеді. Негізі, Шәмшінің айтатыны бар ғой: «Тезектің иісін иіскемесең, ауыл туралы керемет ән жаза алмайсың» деп, сол айтпақшы, мәселені түбіне дейін қазып жазу үшін саланы терең білуің керек. Үстірт жазылған дүние бәрібір шикі боп шығады. – Нәбидолла Ақанұлы, балаларыңыздың арасында Сіздің жолыңызды қуғандар бар ма? Жалпы, оларды ат спортына баулисыз ба? – Жұмысыңның қиындығын көріп өскен бала ізіңді баспайды. Олар өздері таңдаған бағытпен жүргісі келеді. Бірақ ертең үлкейгенде ғылым докторы атанып, суреттерің газеттерде басылып жатқанын, кеудеңдегі сан алуан орден-медальдеріңді көрсе, немереңнің бойында «мен де осындай болсам ғой» деген қызығушылық оянуы мүмкін. Түбі сенің ізіңді басатындар солардың арасынан шығады. Орыс халқы: «На детях гены отдыхают» дейді. Бәрі тәрбиеге байланысты. Біз жастау, жұмысбастылау кезімізде балаға көп көңіл бөлмедік. Кейін өз балаңа бермеген сол тәрбиені немереңе бересің. Білгеніңді үйретесің. Әйтпесе, балаларымның бәрі атқа мініп өсті, бірақ ғалым болғысы келмейді. – Әңгімеңізге көп рахмет! Ел үшін еткен еңбектеріңіз еселене берсін!Сұхбаттасқан Айбек КӘДІРҰЛЫ
Қостанай облысы